3.12.2021, 9:01
Оқылды: 90

Аутокөлікті қайта рәсімдеуге бола ма?

БҚО тұрғындары аутокөлік құралдарын тек Орал қаласының мамандандырылған ХҚО бөлімінде ғана емес, Жамбыл көшесі, 81 мекенжайы бойынша орналасқан цифрлық ХҚО-да қайта рәсімдей алады. Аутокөлікті қайта рәсімдеу – ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі. Бұл қызметке күніне 270-ке жуық адам жүгінеді.

avtotson-2

   Орал қаласының мамандандырылған бөліміне өтінім беру үшін қала тұрғындары ғана емес, жақын аудандар мен қала тұрғындары да жүгінетінін ескеріп, осы бөлімге түсетін жүктемені азайтуды шештік. Енді аутокөлікті қайта рәсімдеу үшін цифрлық ХҚО-ға жүгінуге болады. Мұнда біздің мамандар «kaspi» және «homebank» қосымшалары арқылы аутокөлікті қайта рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ аталған ХҚО-да орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы да аутокөлікті қайта рәсімдеуге болады, - деді "Азаматтарға арналған үкімет" БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев.

34c41a07a34878056ce263355c468ec1b5ae2532-1193x671

Мобильді қосымшаларды пайдалану да  қызмет алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Аутокөлікті қайта рәсімдегеннен кейін сатушыға техпаспорт пен мемлекеттік нөмірді тапсыру үшін мамандандырылған ХҚО-ға жүгінудің қажеті жоқ, оны сатып алушы жаңа құжаттарды алған кезде жасай алады. Аутокөлікті қайта тіркеу немесе қайтадан жүргізуші куәлігін алу үшін  мамандандырылған ХҚО-ға жүгінбей-ақ, Egov.kz порталы арқылы онлайн режімде алуға болады.

Аутокөлікті тіркеу жеңілдетілді

 Өткен айдан бастап  «Hyun-dai Zhayik» аутосалонында мамандандырылған бөлім секторы жұмыс істей бастады. Енді БҚО тұрғындары аутокөлік сатып аларда оны бірден өз атына тіркей алады. 

"Азаматтарға арналған үкімет" БҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша  көрсетілетін мемлекеттік қызметтің қолжетімді болуы - басты міндет. Сондықтан да қазіргі уақытта аутокөлікті  Egov.kz  порталы, екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы тіркеуге мүмкіндік қарастырылған. Енді өңір тұрғындары  су жаңа аутокөлігін мамандандырылған бөлімге бармай-ақ тіркей алады.

 Аутокөлікті сатып алғаннан кейін сектор маманы көлікті есепке алу үшін құжаттар қабылдайды. Кейін бірнеше сағаттан соң  мемлекеттік нөмір мен дайын техпаспорт курьер арқылы жеткізіліп, иесіне берілетін болады. «Trade-in» бағдарламасы арқылы да рәсімделетін аутокөліктерді де есепке алу жүргізіледі.

«Hyundai Zhayik» аутосалоны Орал қаласы, Жамбыл көшесі 253 В мекенжайында орналасқан.

 Аутомектеп мамандарының ұсынысы қандай?

 Облыстағы аутомектептердің басшылары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында аутодромда қосымша байқау емтиханын тапсыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.       

Өйткені статистикалық мәліметтер бойынша практикалық емтихан тапсыру барысында жол-көлік оқиғалары жиі кездеседі. Бұл жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтардың дайындығының жеткіліксіз деңгейде екендігін аңғартады.

Жиында аутомектептер мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аймақтық департаменті, жол полициясы департаменті және мемлекеттік корпорацияның филиалы тарапынан қордаланған мәселелер талқыға салынды.

 – Аутомектеп басшыларының емтиханды жеңілдету, соның ішінде практикалық емтиханды тапсырмас бұрын алдын ала бір рет байқау емтиханын тапсырып көруге мүмкіндік беру туралы ұсынысы назарға алынды. Ендігі кезекте  барлық ұсыныс-пікірлерді ескеріп, орталық аппараттың қарауына жолдайтын боламыз, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО филиалының директоры Надир Құрымбаев.

8800CC84-F036-4DE8-B165-1E17CFA66D6F

Айта кетелік, теориялық және практикалық емтихан тапсыру жүйесі толықтай аутоматтандырылған. Жыл басынан бері теориялық емтихан бойынша 44 255 қызмет көрсетілген. Соның ішінде олардың 36 пайызы ғана  емтиханның екінші кезеңіне өткен.   

Мамандандырылған бөлімде теориялық емтихан тапсыру үшін 15 орын бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға да жағдай жасалған. 

 Аутодромда көлікті соғып алсаңыз...

 Жақында Орал қаласындағы мамандандырылған бөлімде практикалық емтихан тапсыру кезінде клиент аутокөлікті басқара алмай, аутодром аумағында жол-көлік оқиғасы орын алды. Жыл басынан бері осындай 20-дан астам жағдай орын алған.

– Жүргізуші куәлігін алу үшін жақсы дайындық керек. Емтихан тапсырушылар жылдамдық пен тежегіштің орнын шатыстырып, аутодром ішінде көлікті жол шетіне соғып жататын жағдайлар кездеседі. Емтихан тапсырмас бұрын қызмет алушы жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда көлікті қалпына келтіру шығынын өтеу туралы келісімге қол қояды. Сондықтан да теориялақ емтиханмен қатар практикалық емтиханға да тыңғылықты дайындық керектігін ескертеміз. Аутокөлік жөндеуді қажет ететіндіктен,   мұндай жағдайлар емтихан алу процесіне кері әсерін тигізеді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиалы баспасөз қызметінің мамандары.

Егер сіз жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын болсаңыз, мамандандырылған бөлімде емтиханды үш рет тапсыра аласыз. Ал аутомектептерді тәмамдағандар үшін емтихан тапсыру санына шектеу жоқ.

 Жол жүру ережелері бойынша үміткерге 40 сұрақ беріледі. Өту  үшін 32 балл жинаса жеткілікті. Практикалық емтихан жол қозғалысын тіркеп отыратын арнайы жабдығы бар аутокөлікте тапсырылады. Практикалық емтиханға 20 минут уақыт беріледі.

Жүргізуші куәлігін алу үшін:

- жеке куәлік;

- 073-у үлгісіндегі медициналық анықтама және оның көшірмесі;

- мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек;

- аутомектеп курсынан өткендігі туралы куәлік (өз бетінше дайындалған жағдайда сұратылмайды) қажет.

Жыл басынан бері Оралдағы мамандандырылған ХҚО қызметіне 93 мың өңір  тұрғыны жүгінген. Оның ішінде шамамен 40 мыңдай адам жүргізуші куәлігіне ие болған.  

 Аутожүргізушілерді қандай нөмір қызықтырады?

 Жыл басынан бері «Жоғары сұранысқа ие» аутокөлік нөмірлеріне 329 тұрғын тапсырыс берген.  Көлік сатып аларда азаматтар  арнайы мемлекеттік нөмір алуы тиіс. Егер қызмет алушы ерекше нөмірлі көліктің тізгінін ұстағысы келсе, онда құны қымбаттау тұратын «Жоғары сұранысқа ие» нөмірлердің бірін алуына болады.

Әдеттегі қарапайым нөмірдің құны – 2,8 АЕК, яғни 8 168 теңге. Сұранысқа ие нөмірлер құны жағынан алты санатқа бөлінеді. 777, 007, ААА немесе ZKO сынды түрлі цифрлық белгілер арасындағы «әдемі» нөмірлерге тоқталсақ, ең төменгі құны - 166 269 теңге, ең қымбаты - 831 345 теңге. Мамандандырылған ХҚО-ға жүгінген кезде азаматтар  ұсынылған нөмірлердің тізімінен ұнағанын таңдауға еркі бар.

EBBEB6FE-F562-419D-8189-B9E46EA3C0EA

Жыл басынан бері Орал қаласы мамандандырылған ХҚО бөлімінен клиенттер жалпы сомасы 87 850 604 теңгеге «мықты» нөмірлер сатып алған. Сондай-ақ «Жоғары сұранысқа ие» нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптерді қолданып,  өз қалауындағы нөмірге әкімшілік полиция басқармасына жолығу арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Керекті нөмір бос болса, бір айдың ішінде мамандандырылған бөлімнен келіп алуға болады. Көлік құралын сатқан жағдайда клиенттің VIP-нөмірді өз атына қалдыруға құқығы бар. Тек мамандандырылған бөлімге уақытша тапсыру керек. Сақтау мерзімі – 6 ай. Алғашқы айда тегін сақталады, қалған бес  айы үшін 8 168 теңге бір рет төленеді.

Egov порталында көліктің техпаспорты мен мемлекеттік нөмірлерді үйге жеткізу қызметі бар. Аутокөлікті онлайн түрде қайта тіркеген соң мамандандырылған бөлімге барудың қажеті жоқ. Мамандар құжаттарды бір күннің ішінде өздері жеткізіп береді. 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале