26.11.2022, 13:01
Оқылды: 56

"Ауыл айнасы" газетінің тілшісі Асылбек Нәсіпқалиұлы ҚР Президентін ұлықтау шарасына қатысты

Тарихи сәттің куәсі болған жас тілші өз ойымен былай бөлісті:

ас

-Бүгін Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсіміне қатыстым. Бұл тарихи сәттің мен үшін маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында салтанатты түрде ант беріп, лауазымдық куәлігіне ие болған соң сөз алды. Президентіміз өз сөзінде алдымен ауылды дамыту мәселелеріне, шетелге кеткен заңсыз қаражатты қайтару, Парламенттің жоғары палатасына өзгерістер енгізу мәселелерін ерекше атап өтті. Салтанатты жиыннан кейін, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы», «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы», «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы»,  «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы», «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлықтарға қол қойды. Бұл сөзі орнықты, уәдесіне берік саяси тұлғаның ел алдындағы сипатын айқындайды. Сырым Датұлы бабамыздың «Азамат жетім болмайды - халықтан болса панасы, халық жетім болмайды - басшы болса данасы» деген қанатты сөзі бар. Бүгін Президентіміздің даналығына, парасаттылығына көз жетіп, шынайы ықыласымызбен қошемет көрсеттік. Мұхтар Әуезовше айтар болсам, біздің ел басшысын тапты, азбасы анық! Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің өкілеттілігі кезінде халқымен бірге болды. Бүгін де халқын бірлікке шақырып, адал қызмет ететіндігін жеткізді.

«Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін.

Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде  Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым.  Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым. Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі.

Мен президенттік миссиямды халқыммен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін», - деді Президент. Халықтың күткені де осы болса керек.

асл

Президентімізге халық сенім артып отыр. Мен де ел үміті ақталарына кәміл сенемін. Осынау тарихи сәттің куәсі болу мен үшін мәртебе. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!

Асылбек Нәсіпқали,

«Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің І санатты тілшісі

Астана-Орал

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале