Елімізде 2023 жылы іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздық деңгейін азайтуды көздейді. Бұл сондай-ақ ауылдық жерлерді барынша сақтап қалуға мүмкіндік береді. 2024 жылы бағдарлама арқылы кәсібін бастаған 181 азаматқа 1,5 млрд теңге несие берілген. Осылайша 250-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл осы бағдарлама бойынша ауылдық жерлерде 815 адамға шағын несие беру арқылы 886 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жақында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Бәйтерек ауданындағы Макаров ауылында құс фермасы іске қосылды. Ол жылына 900 мың дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Былтыр облыс әкімдігі және өңірдегі ірі мұнай-газ өңдейтін Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. (ҚПО б.в.) компаниясы арасында өңірдегі бағдарлама шеңберінде өндірген өнімдерді өткізу жөнінде арнайы меморандум бекітілді. Бүгінгі күнге дейін ірі кәсіпорындар компанияға 342 млн теңгенің өнімін сатқан.

2023 жылы – 6,4 млрд
Батыс Қазақстанда аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірнеше басым бағыт айқындалды. Негізгі бағыттар – сүтті мал шаруашылығын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын, өсімдік және құс шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті дамыту.
– Сүтті бағыттағы мал шаруашылығына басымдық беруіміздің себебі – жергілікті сүт өнімін өндіру көлемі небәрі – 25%. Ал өңірдегі ірі қара малдың 99%-ы етті бағытта болғандықтан, ет өндірісінің көлемі қажеттілікті толық қамтып отыр. Сол үшін асыл тұқымды сүтті бағыттағы ІҚМ шаруашылығына басымдық беру жөнінде шешім қабылданды. 2023 жылы облысқа бөлінген 6 млрд 429 млн теңге бюджеттік кредит қаражаты толығымен игерілді. Аталған қаржыға 742 шағын несие беру жоспарланды. Сәйкесінше 992 шағын несие беріліп, 1 135 жаңа жұмыс орны құрылды. Соның ішінде 943 жеке кәсіпкерлігінде – 890, 49 кооперативте (АШӨК) 245 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Несие алушылардың 113-і жұмыссыздар болса, 87-сі – табыс-кірісі аз отбасы. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қызметін бастаған нысандарда ашылған 69 жұмыс орнына мансап орталықтары арқылы жұмыссыздар орналастырылды. Атап айтқанда, 5 433,6 млн теңгеге 943 жеке кәсіпкер қаржыландырылды. Ал 49 кооперативке 995,4 млн теңге тиесілі, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев.
Рүстем Мүлкайұлы берілген несиенің құрылымына да тоқталды. Мәселен, 5 млрд 654 млн теңге мал өсіруге арналған 881 жобаға, соның ішінде сүтті бағыттағы ІҚМ өсіруге 4 млрд 201 млн теңге (670 жоба) берілген. Құс шаруашылығына – 86,9 млн теңге (15 жоба), өсімдік шаруашылығына 156, 8 млн теңге (21 жоба) және өзге де бағыттарға 530,9 млн теңге (75 жоба) тиесілі. Бұл ретте, аудандар арасында несие алушылар бойынша көшбасшылар – Бәйтерек ауданында 983 млн теңгеге 135, Ақжайық ауданында 834 млн теңгеге 116, ал Сырым ауданында 817 млн теңгеге 115 несие берілген. Бұл жұмыстың нәтижесі де жаман емес. Атап айтқанда, 6 212 сүтті бағыттағы ІҚМ (1 701-і – асыл тұқымды ІҚМ, 1144-і – етті бағыттағы ІҚМ), 15 995 қой және 13 270 бас құс сатып алынған.
Берілген несиенің мақсатты жұмсалуы да назарда тұр. Осы бағытта 938 қарыз алушының 873-іне мониторинг жүргізіліп, сатып алынған сүтті бағыттағы 5 399 ірі қараға чип салынды. Сүтті бағыттағы ірі қараны чиптеудің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларын туыстарынан сатып алудың алдын алу, жалпы, несиенің нысаналы жұмсалуын бақылау және есебін жүргізу. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұл жұмыс «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның қаражаты есебінен атқарылуда.
Несие алып, кәсіп аш!
Былтыр өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 922 адамға 7,9 млрд теңге шағын несие беру арқылы 1402 жұмыс орнын құру жоспарланған. Мал шаруашылығы бағытындағы жобаларға арналған несие жалпы жоба қаражатының 50%-ынан аспауы тиіс. Бұл ереже ҚР Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №443 бұйрығымен бекітілген «Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларында» көрсетілген. 2024 жылы шілдеде болжанған қаржының тек 1 млрд теңгесі келген. 116 өтінім берушіге шағын несие беріліп, 164 жаңа жұмыс орны құрылып, қаражат толық игеріліпті. Соның ішінде 478,8 млн теңге (49 жоба) техника мен құрал жабдықтар сатып алуға, 141,3 млн теңге (20 жоба) құс шаруашылығына, 262 млн теңге (29 жоба) өзге де бағыттарға, 53,5 млн теңге (9 жоба) өсімдік шаруашылығына, 64,3 млн теңге (9 жоба) мал шаруашылығына жұмсалған. Сонымен қатар 2024 жылдың желтоқсанында өңірге түскен 1,5 млрд теңгенің 79,2 млн теңгесіне 8 несие беріліп, 12 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылған, мерзімінен бұрын өтелген несиелер бойынша револьверлік негізде 461 млн теңгеге 57 несие берілген. Жалпы, 2024 жылы 1 540,2 млн теңгеге 181 несие беріліпті. Бұл қаражаттың тең жартысынан көбі, яғни 573 млн теңгесі техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Айта кету керек, револьверлік несие – несие алушыға берілген несие лимиті көлемінде қайта несие алуға мүмкіндік беретін несиелендірудің түрі.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаттарының бірі – өңірде кооперацияны дамыту арқылы ауыл халқының әлеуетін арттыру. Жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативке бірігу арқылы артықшылықтарға ие болады. Кооперативке жеңілдетілген несие алуға, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қазір мемлекет тарапынан берілетін барлық қолдауға кооперативтер арқылы қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін түсіндірудеміз. Кооперативтердің көрсететін қызметтерін әртараптандыру, яғни олардың ауылдық округтерде толық сервистік қызмет көрсетуі үшін қажетті техника-құрылғылармен толық қамтамасыз ету қажет. Мәселен, мал азығын дайындау, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, сату, өсімдік шаруашылығымен айналысу, абаттандыру, көң-қоқыс шығару, жол тазалау, су тасу және басқалары бар. Былтыр жергілікті бюджеттен қаражат қаралып, «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ арқылы пилоттық 6 кооперативке («Шыңғырлау агро», «Жеңіс Ерхан», «Бастау агро», «Олжа әлем агро», «Аманат-2022», «Колесова» АШӨК-тері) 311 млн теңгеге лизингке ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғылар алынды.
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты – халықты кәсіпкерлікке баулу, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы ауыл тұрғындарын еңбекке тарта отырып, табыстарын арттыру, толық сервистік қызметтерді ұйымдастыру және мемлекет қолдауымен іс бастауға жол ашу. Осы бағдарламаның арқасында маңызды азық-түлік тауарларына деген қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр. Әр аудан, әр ауылдық округ төмендетілген пайызбен шағын несие алу арқылы сүтті, етті мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша өсіруге және қызметтер көрсетуге бет бұруда. Өңір жұртшылығының бағдарламаның тиімділігін көріп, қызығушылықтарының артқаны байқалады. Бұл жоба жалғасын табатын болса, халқымыздың әл-ауқаты одан әрі арта түсетініне кәміл сенеміз, – деді Рүстем Мүлкайұлы.
«ҚПО б.в.»-мен меморандум
Былтыр облыс әкімдігі мен өңірдегі ірі мұнай-газ өңдейтін «ҚПО б.в.» компаниясы арасында БҚО-дағы шаруашылықтардың өнімдерін сату бойынша арнайы меморандум бекітілді. Бүгінгі таңда «ҚПО б.в.» қызметкерлерінің тамақтануын ұйымдастыру үшін тауарлар тізімі мен оның көлемі анықталған. Компания қызметкерлерінің тамақтануын ұйымдастыратын мердігер – «Лигабуе» ЖШС. Азық-түлік жеткізетін зәкірлік кооперацияның 5 негізгі бағыты айқындалып отыр. Мысалы:
1) «Батыс сүт» АШӨК Бәйтерек, Теректі, Бөрлі және Тасқала аудандарындағы бағдарламаға қатысушылардан сүт жинап, өнімді «Каверин» ЖК-ге қайта өңдеуге жеткізеді. Бұл кәсіпорын сары май өндіреді. Бүгінгі таңда «ҚПО б.в.» компаниясына 10 млн теңгеге 2 тонна сары май жеткізілген.
2) «Орал құс фабрикасы» ЖШС өзінің өнімдерін және бағдарламаға қатысушылардан жұмыртқа жинап, компанияға өткізуде. Келісілген меморандумға сәйкес 68 млн теңгеге 1 млн 135 мың дана жұмыртқа тапсырылған. Сонымен қатар «Аманат-22» кооперативі өз өнімдерін осы серіктестік арқылы компанияға өткізуде.
3) «Батыс Нық» ЖШС бағдарламаға қатысушылардан ірі қара мал бұқашықтарын жинап, бордақылау алаңында ұстайды. Мал етін өңдеу цехында өңдеп, компанияға өткізеді. Бүгінгі таңда «ҚПО б.в.»-ға 264 млн теңгеге 132 тонна ірі қара мен ұсақ мал етін жеткізген.
4) «Рубежинский» АШӨК «Ауыл аманатына» Бәйтерек және Теректі аудандарынан қатысатын кооперативтерден көкөніс жинайды. Кооперативтің балансында 7 мың тонналық көкөніс қоймасы бар. Аталған өндірістік кооператив мүшелері егістіктерінде көкөністер егеді, өнімді сақтап, сатады. Былтыр «ҚПО б.в.»
мердігерлеріне 12 млн теңгеге 60 тонна картоп, 5,7 млн теңгеге 30 тонна қырыққабат, 5,8 млн теңгеге 45 тонна пияз және 5,4 млн теңгеге 30 тонна сәбіз тапсырды.
5) «Шалқар құс» АШӨК-тің қуаты жылына 200 тоннаға дейін құс етін өндіруге жетеді. Бұл кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардан бройлерлер, үйрек-қаз жинап, бүгінгі күнде өзінің өнімдерін де компанияға өткізу бағытында жұмыстануда.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Тауарлық несие» беру мәселесін дұрыс жолға қоюды тапсырды. Рүстем Мүлкайұлының мәліметінше, былтыр осы бағытта аудандарда тауарлық несие берілген. Яғни 112 отбасы 266 МІҚ, 430 ұсақ мал және 67 жылқы алған. Бұл жұмыс жалғасады.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»