4.07.2024, 10:15
Оқылды: 113

Ауыл иісін аңқытқан Оралдағы «Асыл мұра» этнолагері туралы не білеміз?

Жазғы демалысты әр бала күн санап күтеді. Күнделікті үй тапсырмасы мен тест мәтінін жаттаудан жалыққан баланың миы сергіп, демалсын деген ата-ана бар жағдайды жасауға тырысады. Оқушылардың жазғы демалысты есте қалатындай әдемі әсерде өткізуіне мектеп пен білім бөлімдері де барынша атсалысады. Осы бағытта Орал қаласына қарасты Ветелкин ауылындағы №29 орта мектеп ұйымдастырған «Асыл мұра» этнолагерін ерекше атап өтуге болады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған этнолагерьді біз де көзбен көріп, оқушылардың әсерін тыңдап қайттық.

D92195C2-4DB5-4A61-8CCF-5329D94D914A

Қала шетінде орналасқан шағын ауылдың ортасындағы екі қатарлы ескі мектеп бізді көңілді қарсы алды. Мектептің жанынан ақ шаңқан киіз үй тігілген. Ошақтағы қазанда қыз-қыз қайнап пісіп жатқан бауырсақтың тәтті  иісі мұрын жарады. Алтыбақанда тербетіліп, атпен серуендеп жүрген балалардың жүзінен қуаныш нышанын аңғардық. Тағы бір жерде балалар үйме-жүйме болып, қой қырқу процесін көріп жатыр екен. Ағай өзі қойдың жүнін қалай қырқатынын көрсетіп, ер балаларға «Өздерің қырқып көріңдер» деді. Кейбірі қырықтықты батыл ұстап, күнде шұғылданып жүргендей қойдың «тонын» сыпырып жатыр.

Тағы бір балалар қырықтықтың өзін қорқасоқтай ұстап, қойдың жүнін әр жерінен бір қырқып алып жатыр. Оқушылардың бірқатары қой қырқуға батылы жетпейтінін жасырмай, анадайдан тамашалап тұр. Киіз үйдің ішінде ақ жаулық тартқан ауылдың апалары балаларға ұршық иіріп, жүн түтіп, құрт жасап, бауырсақтың қалай дайындалатынын көрсетуде.

0A18068B-7BCD-4FA6-A7B5-9CBE4BA71B7F

Мектеп директоры Гүлдана Өтемісқызының айтуынша, «Асыл мұра» этнолагері негізі былтыр ашылған.

– Лагерьдің мақсаты – ұлттық тұрмыстың бірегей атмосферасын құру, балаларды ауыл өмірімен, дәстүрлі қолөнермен, ұлттық та­ғамдармен, әдет-ғұрыптармен таныстыру. Мектеп ауласына киіз үй тігіп, қазан-ошақ құрдық. Алты бақан, ұлттық ойындар алаңы, шеберлік сы­ныптар өткізуге ар­налған алаңдар дайындадық. Ұмыт қалған төл дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында ата-әжелер ұршық иіру, қамшы өру, құрт жасау, жент әзірлеу, бауырсақ пісіру, киіз басу, ши тоқу секілді рухани-тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрыптарды көрсетеді. Осы жерде қазан басында жүрген апалардан бастап бәрі де мектеп жанынан құрылған «Әжелер», «Аналар», «Әкелер» клубының мүшелері. Балалар үшін бәрі қызық. Әсіресе, қаладан келген балалар ауыл өмірімен танысып, жақсы әсермен оралды, - дейді мектеп директоры Гүлдана Өтемісқызы.

C3D750BB-7A21-4728-A8AD-71580AE7EA98

Таңғалғанымыз, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған лагерь жұмысын ұйымдастыруға ауыл адамдары да белсенді атсалысып жүр екен. Олар қазанда пісіп жатқан бауырсақ,  құрт, көже секілді ұлттық тағамдарды, ұршық, жүнге дейін  өздері үйінен алып келген. Мұның өзі мектеп мұғалімдері мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас жақсы жолға қойылғанын аңғартады.

Ауылдың тірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатындағы ұйымдастырылған лагерьге жалпы қала мектептерінен 500-дей бала қатысады. Қала балалары үшін, әсіресе, атқа міну қызығырақ екендігін байқадық. Этнолагерьде балалар қой қырқып, ләңгі теуіп, асық атып, алтыбақанда тербеліп, көңілдерін сергітті.  

Айта кетейік, Орал қаласы бойынша биыл 1-11 сынып оқушыларының 94,7 пайызын жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Олар мектеп жанындағы лагерьлерде, қалалық «Атамекен» лагерінде демалады. Сонымен қатар Бурабай курорттық аумағындағы лагерьлерде демалыс, Алматы, Астана, Түркістан қалаларына экскурсия жоспарланған.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале