Орал қаласындағы «Достық» үйінде «Ауыл мектептерінің өсу векторы» атты облыстық форум өтті. «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы ұйымдастырған алқалы жиынға облыстағы білім беру ұйымдарының директорлары мен мұғалімдері қатысты.
Форумға «Ауыл» партиясы орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазақстанның Еңбек Ері, ұстаз Эльмара Трайсова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ауыл мектебі және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының жетекшісі Алмагүл Мукушева, BINOM SCHOOL басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадырова қатысып, ауыл мектептеріне қатысты өз ойларын ортаға салды. Педагогтер бас қосқан жиында, ең алдымен, Республика күні қарсаңында Қазақстанның Еңбек Ері атанған ұстаз Эльмара Трайсоваға құрмет көрсетіліп, «Ауыл» партиясы атынан сый-сияпат табысталды.
– «Ауыл» партиясының басты мақсаты – ауылды дамыту. Соның ішінде ауыл мектептеріне көңіл бөлу. «Қаладан ауылға» деген бағдарлама бар. Сол бағдарламамен Сырым, Шыңғырлау аудандарына мұғалімдердің көшіп баруына көмек берудеміз, – деп атап өтті «Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров.
Форумда «Ауыл мектептерінің әл-ауқатын қалай көтереміз?» деген сұрақ төңірегінде жиылғандар ұсыныс-пікірлерін айтты.
«Ауыл» партиясының орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов бұл жобаны республика көлемінде жалғастыру алдағы жоспардың бірі екендігіне тоқталды.
– Ауыл мектептерінің келешегі бәрімізді ойлантады. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ауыл мектептері мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын жою жөнінде жиі айтып жүр. Бұл алшақтық мүлдем жойылып та кетпес. Бірақ жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, ауыл мектептерінде сапалы білім мен материалдық-техникалық әлеуетті дамытуды қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді Қуаныш Сейітжанов.
Елдегі мектептердің 60 пайызы ауылдарда орналасқан. Сондықтан ауылдағы білім ошақтарына жас мамандарды тарту, мектептің оқу-әдістемелік, техникалық жағдайын жақсарту, білім сапасын көтеру мәселелері әлі күнге дейін өзекті. Қазіргі күнде ауыл балаларының да кітаптан алшақтап, түрлі гаджеттерге үйір болып кеткені жасырын емес.
Бұл бағытта ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда кітап оқуға қатысты айтқан сөздерін тілге тиек етіп, жас ұрпақты кітап оқуға баулуда педагогтердің рөлі ерекше зор екендігін атап өтті.
Алқалы жиында шағын жинақты мектептерде білім беру үдерісін жетілдіру, ауыл мектептерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ауыл мектебі және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының жетекшісі Алмагүл Мукушева «қала – ауыл» оқыту сапасының алшақтығын қысқарту педагогтердің функционалдық сауаттылығын, кәсіби бағдарлануын, кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелер туралы талдап, айтып берді.
Аудан-ауылдардан жиналған форумға қатысушы педагогтер де шағын жинақты мектептерді дамыту және қолдау перспективалары және кадр тапшылығы, біріктірілген сыныптар мәселесі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz