Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
«ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек. Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі», - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты.
«ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Біз сондай-ақ, Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды өзекті деп санаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты.