Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев елдегі ветеринарлар тапшылығы қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда республика бойынша жергілікті әкімдіктерде екпе жұмыстарын істейтін 15 мың ветеринар бар. Олардың 500 штаттық орыны бос тұр, әлі кісі алынбаған. Яғни, қазіргі таңда тапшылық 500 адам деңгейінде», - деді ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін.
Сондай-ақ, комитет басшысы былтыр ветериналардың айлығын көтеру үшін Үкімет резервінен де ақша бөлінгенін айтты.
«Ветеринарлардың тапшылығы бізде жоқ емес, бар. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында ең төменгі еңбекақыны осы ветеринарлар алады. Бүкіл республика бюджетінен, Үкіметтің резервінен екпе жұмыстарын жүргізу асында 6,1 млрд ақша бөлінген. Одан басқа жергілікті әкімдіктер де ақша бөлген, соның арқасында еңбекақылары 50 пайызға дейін көтерілді. Биыл 35-тен 50 пайызға дейін көтеру жоспарда бар», - деді Асқар Жақыпбаев.
Еске салсақ, бұған дейін вице-министр Әбілхайыр Тамабек биыл ветериналардың айлығы ішінара өсетінін айтқан.
Фото: vozdocampo.pt