Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев айтты. Бүгін облысқа келген Сенат депутаттары түске дейін бірнеше нысанды аралағанын жазған едік.
Депутаттар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың қабырғасында орналасқан Генетикалық зертхана орталығында да болды. Бұл зертхана облыста генетикалық тест жасайтын жалғыз мекеме.
– Зертхана тек Қазақстан бойынша жұмыс істемейді. Халықаралық дәрежедегі сертификаты да бар. Онда жылқы, бекіре балықтарының тұқымын зерттеп жатырмыз. Бұл жерде 10 мыңға жуық ДНҚ қоры бар. Бұл дегеніміз – өте бай қор. Біздің қазіргі мақсат отандық жылқы тұқымын генетикалық тұрғыда зерттеу. Олар әлем бойынша халықаралық базаларда тұқым ретінде мүлдем реттелмеген. Сондықтан да өзіміздің асыл тұқымды жылқыларымызды зерттеп жатырмыз, - деді ауыл шаруашылығының кандидаты Индира Бейшова.
Өңірге келген депутаттардың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды зерттеу, кейін заңға шешу жолдарын енгізу.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ауылшаруашылығына қатысты көптеген маңызды мәселені қозғады. Аграрлық саладағы біраз проблеманың беті ашылды. Шешу жолдары көрсетілді. Енді Үкіметтің тарапынан тиісті шаруалар атқарылуы керек. Ал Парламент заңмалық тұрғыдан қарастыру керек. Біз Орал қаласына келіп аграрлық саланы қаржыландыру мәселесін, су шаруашылығына қатысты проблемаларды талқылап жатырмыз, ең үлкен мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі. Біз жаңа бірнеше өндіріс ошағында болдық. Басты мақсатымыз – ертең заң шығару кезінде осындай ауыл шаруашылығы саласында кездесетін қиындықтардың шешу жолдарын заңда көрсету, практикаға енгізу. Президенттің тапсырмаларының орындалуын заң жүзінде қамтамасыз ету, - дейді Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz