28.04.2022, 18:19
Оқылды: 38

«Ауыл халқы көшіргенімізді емес, қолдауымызды күтеді»

Сәрсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өңірдегі су тасқыны мәселелері бойынша кеңес өтті.

7B94A0E3-EDCE-4568-99B4-0C0BF3C2C0F6

  Наурыз айындағы жауын-шашынның және ауа райының күрт жылынуы салдарынан 31 наурыздан бастап облыста су тасқыны басталды. Шалғын, Қызылтал, Таловка және Жақсыбай ауылдарындағы тұрғын үйлерді су басты, Чинарев ауылын су басу қаупі төнді. Соңғы 30 жылда Қаратөбе, Жәнібек аудандарында мұндай су басу деректері болмағандықтан, аталмыш ауылдар су тасқынына бейім елді мекендер тізіміне енгізілмеді. Бөрлінің «Қызылтал» шағынауданы үшін су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бойынша қорғаныс бөгетін салу көзделді. Су басу қаупі туралы хабарлама түскен кезде дереу құрама жасақ құрылып, су басқан елді мекендерге жіберілді,  – деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов. Оның баяндауынша, 140 үйді және екі әлеуметтік нысанды су басты, 168 бас мал қырылды. 794 адам эвакуацияланды, оның ішінде 225 бала бар. Бөрлі ауданындағы Қызылталда 12 үй, Жәнібек ауданындағы Жақсыбайда 97, Таловкада 2 тұрғын үй, Қаратөбе ауданындағы Шалғында 29 үй мен 2 әлеуметтік нысан су астында қалды.

91FF559D-D8C8-418C-B5C2-EA3687ADEB61

Облыс орталығынан Шалғын ауылына барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтары бар колонна (46 адам, 13 техника) жіберілді. Мұндай колонна  Шыңғырлау ауданына да барды. Алайда ауылды айнала су алып кетуіне байланысты тұрғындарды эвакуациялауға екі арнайы техника қатынады. Құтқарушылар ауылдың ересек тұрғындарымен бірлесіп, Шиелі өзенінің арнасы бойынша еріген суды бұру жұмыстарын жүргізді. Чинарев ауылына төнген қауіптің беті дер кезінде қайтарылды. Ал Жақсыбай елді мекенінің алыс орналасқаны әрі жолдың нашарлығы ескеріліп, Атырау қаласынан құтқарушылар жедел көмекке келді. Облыс орталығынан, Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы аудандарынан және  Атырау, Маңғыстау облыстарынан төтеншеліктердің топтары көмекке жұмылдырылды. Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының ТЖД жедел штабы мен әрекет ету топтарының дер кезіндегі және үйлесімді жедел іс-қимылдарының арқасында тұрғындар өлім-жітімнен аман.

Қай ауылда үй салынады?

Басқосуда су тасқыны кезіндегі шығындар жөнінде баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов келтірген зиянды анықтау үшін аудандық комиссиялар жұмыстанғанын айтты. Шығынды анықтау мақсатында тәуелсіз бағалаушы және техникалық сараптама жүргізетін компаниялармен келісімшарттар жасалып, тиісті қорытындылар шығарылды. Нақтырақ айтсақ, Шыңғырлау ауданында - «Адалстройинжиниринг» ЖШС, Қаратөбе ауданында - ЖШС «Effort Auto», Жәнібек ауданында - «Национальная оценочная компания» ЖШС, Бөрлі ауданы  «Ocenka SHB» ЖШС жұмыстануда.

E537DED2-5F23-465D-AFB9-47260D86B2DD

– Төрт ауданда 79 үй (техникалық қорытындыға сәйкес жарамсыз – 30 үй, жарамды – 49 үй), 2 әлеуметтік нысаны (1 мектеп, 1 медпункт Қаратөбе ауданында),  бір шекара бекетін (Жәнібек ауданы) су басты. Шығынға ұшыраған мал саны - 191 бас (45 ірі қара, 145 ұсақ мал, бір жылқы).  Аудандардың аумағындағы облыстық және аудандық маңызы бар аутожолдардың 24 учаскесі және екі көпір бұзылды. Аудандық бюджеттері есебінен зардап шеккен 103 жанұяға 50 АЕК мөлшерінде (153 мың теңгеден) бір реттік әлеуметтік материалдық көмек төленді (Жәнібек, Бөрлі аудандары). Сонымен қатар 29 жанұяға (Қаратөбе ауданы) мамыр айының басында мұндай көмек төленеді. Тәуелсіз бағалаушы және техникалық сараптама жүргізетін компаниялармен 30 үй толықтай жарамсыз (Шалғын ауылы – 23, Жақсыбай ауылы - 7) деп танылды. Аталған ауылдарда типтік жоба негізінде екі пәтерлі 9 және бір пәтерлі 12тұрғын үй салуға  шешім қабылдау қажет. Қаржы облыстық бюджет резервінен немесе қоғамдық әлеуметтік қор есебінен бөлінеді (қажеттілік - 555 млн теңге). Шалғын және Жақсыбайда тұрғын үй салатын мердігерді құрылыс басқармасы анықтауда. Бүгінгі кеңес қорытындысымен құрылыс жұмыстарын бастауға  мүмкіндік бар, – деді Тілепберген Каюпов.

Болжамды шығындар  1,6 млрд теңге

Су басқан, бірақ сараптама қорытындысы негізінде жарамды деп танылған Жәнібек ауданы бойынша 31 тұрғын үйді жөндеуге қаржылай өтемақы, Бөрлі ауданында зардап шеккен 15 тұрғын үйді жөндеу шығындары демеушілер есебінен өтеледі.  Шығынға ұшыраған 191 бас мал облыс тұрғындарының демеушілік көмегі есебінен өтелді. Шалғын ауылында зардап шеккен екі әлеуметтік нысанның (1 мектеп, 1 медпункт)орнына жалпы құны 600 млн теңге құрайтын бір әлеуметтік кешен салуға шешім қабылдауымыз қажет. Оң шешім қабылданған жағдайда жоба облыс бюджеті резерві немесе қоғамдық әлеуметтік қор есебінен іске асырылады. 24 аутожол учаскесін, екі көпірді қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру  бюджет резерві есебінен жүргізіледі. Алдын-ала есептеулер бойынша  бұған 415,4 млн теңге қажет. Аталған аудандардың аумағында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында жалпы болжамды шығындар  1,6 млрд теңгені құрайды. Тасқынан зардап шеккендерге азық-түлік, құрылыс материалдары, төсек-орын, киім-кешектер берілді. Одан басқа 51 млн теңге ақшалай көмек көрсетілді.

41DE6573-9D60-40DD-995A-477CC8E05EDA

Шалғында мектеп салына ма?

Қаратөбенің Шалғын елді мекеніндегі мектепте 37 бала оқиды. Ал норматив бойынша мектепте 41 оқушы болуы тиіс. Биыл негізгі орта мектепті  жеті шәкірт аяқтайды, 1-сыныпқа үш балдырған қабылданады. Алдағы оқу жылында білім ұясында 33 оқушы білім алуы мүмкін.  Ауылда мектеп жасына дейінгі балалар саны – 25, болашақта оқушылар санының өспеуі ықтимал. Шалғыннан 21 шақырым жердегі Қоскөлде 624 балаға арналған мектепте 132 шәкірт білім алуда. Сондықтан жаңа мектеп салмай,  шәкірттерді Қоскөл мектебінде оқыту үшін тұрғындар арасында  түсінік жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

  Бюджет қаражатын оңтайландыру мәселесін дұрыс көтеріп отырсыздар. Алайда қазіргі жағдайда, меніңше, ауыл халқы көшіргенімізді емес, қолдауымызды күтеді. Сондықтан мемлекет халықпен бірге болуы керек. Шалғындықтар ата кәсібіміз мал өсірумен айналысып, соның арқасында отбасыларын асырап отыр.  Қазіргі жағдайда оларды ата қоныстарынан айырып, көшіру, меніңше, дұрыс емес. Білім басқармасы шағын ауылдардағы мектептердің жағдайын, білім сапасын анықтап, талдау жүргізсін, мектепді оңтайландыруға қатысты ұсыныс әзірлесін, – деді Ғали Есқалиев.  Облыс әкімі бірқатар мемлекеттік құрылымға, аудан әкімдеріне су тасқынының алдын алу бағытында аутожолдардың проблемалық учаскелерін зерттеу, айдындарды, кеуіп бара жатқан өзендердің жай-күйін   анықтауды, шағын өзендерге гидробекеттер орнату, су тасқынына қарсы шараларды аяқтауды тапсырды.     

– Өңір тұрғындарына ризашылығымды білдіремін. Апат орын алғанда облыс жұртшылығы ауызбіршілік танытып, зардап шеккен ауылдардың тұрғындарына қолдау көрсетті.  Төтенше жағдай кезінде ауыл халқы құзырлы құрылымдармен бірге апатты жою жолында тізе қоса еңбектенді. Төтенше жағдайлар және шекара қызметі қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деп қорытты жиынды облыс әкімі.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале