16 желтоқсан – Ұлы Отанымыздың Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік күні
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тайыр Қуанышев отбасымен 2018 жылдан бері бір өзі бір құрлық саналатын Австралияның Мельбурн қаласында тұрады. Ол – ата-анасы Ғилым ағай мен Айғаным жеңгейдің төрт перзентінің кенжесі, үш қыздан кейін көрген ұлдары. Ғилым Зайреденұлы – кезінде Ақжайық ауданында шаруашылық басқарған, аудандық партия комитеті мен облыстық әкімдікте лауазымды қызметтер атқарған Жайық жұртына танымал азамат. Ал Айғаным Зайреден келіні – балабақша меңгерушісі, мектеп директоры сықылды өте жауапты міндеттерді абыроймен атқарған педагогика саласының ардагері.
Ғилымның Тайыры – Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мақтаулы мектептің 2005 жылғы түлегі. Алтын ұясын алтын белгімен тәмамдаған алтын айдарлы ұл мектеп бітірген жылы Қазақбритан техникалық университетінің (ҚБТУ) студенті атанды. Тайыр бұл білім ордасында 2005–2009 жылдар аралығында есептеу техникасы және бағдарламамен қамту бағыты бойынша білім алды. 2011 жылы ҚБТУ-да өзінен бір курс кейін оқыған Кәмшат есімді жетісулық арумен шаңырақ көтеріп, отау құрған Тайыр «Болашақ» бағдарламасымен 2011-2012 жылдары Ирландияның Дублин технологиялық университетінде білім-білігін жетілдірді. Сосын елге оралып, 2013-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институтында әуелі бас сарапшы, сосын басқарма басшысы, бертін келе департамент директорының орынбасары лауазымдарын атқарып, теориялық білімін іс жүзінде тәжірибемен ұштастырды. Ал 2015-2018 жылдары әлемге әйгілі PwC PricewaterhouseCoopers деп аталатын шетелдік мекеменің Алматыдағы филиалында қызмет атқарды.
Т. Қуанышев 2018 жылдан бері Ernst&Young (EY) компаниясының Мельбурндағы австралиялық кеңсесінде қызмет істейді. Ретті жерінде айта кетелік, ЕҮ – аудиторлық қызмет бойынша әлемдік рейтингте алғашқы төртікке кіретін дүниежүзілік деңгейдегі өте ірі компания. Қызметкерлерінің жалпы саны 200 000-нан асатын үшбу құрылымның дүние жүзі бойынша 180 мемлекетте филиалы бар көрінеді (біздің елімізде Астана, Алматы, Атырау қалаларында филиалдары бар). Міне, осындай алып компанияның Мельбурндағы кеңсесінде алты жылдан бері қызмет істейтін Тайыр бауырымыз алыс құрлық Австралияда жүрсе де, өз перзенттерін ана тілінің уызына жарытып тәрбиелеуде. Міне, бізді Ғилымның Тайырымен уатсап арқылы сұхбаттасуға жетелеген ең басты жайт осы еді...
– Өзімді және менің алдымдағы үш әпкемді ата-анамыз қаршадайымыздан ана тілімізде таза сөйлеуге, сауатты сөз саптауға, өз тілімізде өз ой-пікірімізді анық, ұғынықты жеткізуге тәрбиеледі. Әсіресе, әкем осы мәселеге қатты көңіл бөлді. Қазір мен де өз ұл-қыздарыма осы бағытта тәлім-тәрбие берудемін. Бұл бағыттағы әрекетіміздің нәтижелі болуына әрине, жұбайым Кәмшат та үнемі мүдделілік танытуда. Біз Ирландияда тұрсақ та, Австралияда тұрсақ та, үйімізге кірісімен тек қана қазақша сөйлеуге дағдыландық. Тұңғыш перзентіміз Әлима 12 жаста, Іңкәр оннан асты, ал әзірше кенжеміз Мансұр алты айлық. Екі үлкеніміз күн сайын ең кемі 20 минут қазақша кітап оқиды. Олар көптеген қазақ ертегісін және танымал қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған белгілі шығармаларының біразын оқып үлгерді. Қос қызым қазір британ жазушысы Жоан Роулиннің Хәрри Поттер туралы шығармасының қазақша нұсқасын оқуда. Ал Мансұрды анасы ана тілімізде «Бесік жырымен» әлдилейді. Елге барған сайын қазақ тіліндегі кітаптар алып қайтамыз. Егер елден келетін кісілер болса, балаларымыздың жас шамасына сәйкес қазақша кітаптар алып келуін өтінеміз, – деді алты айшылық жердегі Австралияда жүрсе де, ана тілімізге деген адалдығынан айнымаған Тайыр ініміз. Міне, тектілік деп осыны айт! Ана тіліңді ардақтап, туған тіліңді қадірлеу тектіліктің басты сипаты! Ендеше, Тайыр мен Кәмшаттай ұл-қызымыз, олардың перзенттеріндей ұрпағымыз көбейсін, ағайын!
Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік мейрамының қарсаңында тілдескендіктен Тайыр Жайық жұртын ұлық күн, ұлы мерекемен құттықтап, баршамызға амандық-саулық, ашық аспан, бейбіт заман және елімізге әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу тіледі.
Айтқаның келсін, аман жүр, алыстағы бауыр!
Файзолланың Бауыржаны
zhaikpress.kz