Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда былтырғы білім мен жол салаларындағы атқарылған жұмыс, бюджет қаржысының игерілу барысы қаралды. Отырысты аталмыш кеңестің төрағасы Ербол Салықов жүргізді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның баяндауынша, өткен жылы өңір бюджетінен жоспарланған 142,1 млрд теңгенің 768,4 млн теңгесі игерілмеген. Соның ішінде республикалық бюджеттен және ҚР Ұлттық қорынан бөлінген нысаналы трансферттер – 633,2 млн теңге. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін Қазақстанда кем дегенде 1 мың мектеп салынуы тиіс. Басқарма басшысының айтуынша, олардың қатарында облыстағы 77 мектептің тізімі бар. Олардың 51-і – ауылдық жерлердегі шағын құрамды мектеп. ҚПО б. в. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде 15 және төтенше жағдайдың салдарынан бұзылған мектептің (Қаратөбе ауданы, Шалғын ауылы) орнына 1 шағын құрамды мектеп салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 18 000 орындық 18 мектеп салынады. Тоғыз мектептің құрылысы биыл басталады.
– Мен білім саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталғым келеді. Бізді өңірдегі саманнан, ағаштан және қамыстан салынған мектептердің жағдайы алаңдатып отыр. Облыста саманнан салынған 48, ағаштан салынған 11 (бастауыш) мектеп бар. Мәселен, былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы саманнан салынған мектептің қабырғалары мүжіліп, құлап қалды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық құрылыс басқармасына қосымша ғимараттар немесе жаңа мектептер салу жөнінде хат жолданып, негіздеме берілді. Соңғы жылдары бойынша ауылдық мектептерге қаражат бөлінді де, қалалық білім ұяларын күрделі жөндеу мәселесі назардан тыс қалып қойды, – деді Айгүл Әділгерейқызы.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің баяндамашыға қойған сауалдары аз болмады. Мәселен, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин облыстағы мектептердің қанша пайызы сапалы ғаламтормен қамтылғанын, ағаштан салынған неше мектеп барын және олардың қай елді мекендерде орналасқанын сұрады. Орал қаласындағы талай тұлғаны түлеткен дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С. Сейфуллин атындағы облыстық мектеп-интернат кешенінің әлі күнге дейін толыққанды асханасы жоқ екенін атап өтті.
– Интернет мәселесі облыстық мәслихаттың, қоғамдық кеңестің отырыстарында жиі көтеріліп жүр. Біз облыстық цифрлық технологиялар басқармасына және басқа да құзырлы мекемелерге осы түйткілге қатысты тиісті хат жолдадық. Қазір өңірде білім мекемелерінің 60 пайыздан астамы ғана сапалы интернетпен қамтылған. Алдағы жылы №11 мектептің ашылғанына 100 жыл толады. Мектепті күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталды. Бірақ қалалық жердегі мектептерге қаражат бөлуді қарастыратын бағдарлама жоқ. Сондықтан бұл мәселе шешімін таппай отыр. Бүгінге дейін ешкім басқармаға келіп, «Мектеп асханасында орын жеткіліксіз» деген мәселені көтермеді. Сондықтан бұл жайтты нақтылап, жауабын кейін беремін, – деді басқарма басшысы.
Қоғамдық кеңесте жосықсыз мердігерлер, яғни мектеп құрылысын бастап, мерзімінде аяқтамайтын компаниялардың мәселесі айтылды. Себебі өзге өңірлерден келетін кейбір компаниялардың тиянақсыздығынан осы саладағы құрылыс тұрып қалуда. Кеңесте колледждерді күрделі жөндеу мәселесі де көтерілді. Мәселен, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің ғимараты 1904 жылы салынған. Мағауия Исмағұловтың айтуынша, мұндағы жатақхананы 2018 жылы апатты деп таныған акт шығарылған. Ол, ең болмаса, жобалық-сметалық құжат жасауға қаражат бөлінуін сұрады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев осы салада атқарылған жұмыстарды баяндады. Былтыр битумның және дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауы, инертті материалдарды жеткізетін теміржол вагондарының жетіспеушілігі себепті 7 жоба мерзімінде аяқталмаған. 2022 жылдың соңында 21,0 млрд теңге игеріліп, облыстық және аудандық маңызы бар 246 шақырым жол жөнделген. 3,2 млрд теңге бюджетке кері қайтарылған. Биыл облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 71,4 млрд теңгеге барлық маңыздағы 570 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 26,6 млрд теңге облыстық және аудандық маңызы бар аутожолдардың 332 шақырымын жөндеуге бөлінген. Облыстық маңызы бар Барбастау – Ақжайық – Индер (43-93 шақырым учаскесі), Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139), Чапай-Жаңақала-Сайқын (130-191) аутожолдарын қайта жаңарту жалғасады. Сол үшін бюджеттен 4 871 млн теңге қарастырылған. Федоровка – Ақсай (58-73) және Тасқала – Аққурай– Болашақ (111-149) автожолдары учаскелерін орташа жөндеу аяқталады.
– Биыл облысқа 1931 мың тоннадан астам қиыршықтас қажет. Бұл инертті материалды тасымалдауға 28,0 мың вагон керек. Бүгінгі таңда материалдың қажетті көлемінің 32%-ы жеткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасындағы біздің елге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізілді. Көрші елден әкетуге тыйым салынған мұнай өнімдерінің тізбесінен мұнай битумы алынып тасталды. Осылайша Ресей битумын сатып алуға қайтадан жол ашылды, – деді басқарма басшысы.
Сырым аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев Шымкент – Самара халықаралық жолына қатысты мәселе көтерді. Ол әулие Жұмағазы қазірет – Дәдем ата кесенесінен Сырым ауданының орталығы Жымпитыға дейінгі аралықтағы 60 шақырым және ауылдан ары қарай 20 шақырым жолдың сапасы сын көтермейтінін айтты. Құзырлы мекеме мамандары бұл учаскеде күтіп ұстау шеңберінде ғана жұмыс жүргізілетінін, яғни жолдың жарықтары мен шұңқырлары тегістелетінін мәлімдеді. Қоғамдық кеңес мүшесі Азамат Мусилов облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жергілікті жолдардағы құрылысты бақылап, тексеретін мамандардың жетіспейтінін атап өтті. Сондай-ақ ҚПО б. в. компаниясының қаражаты есебінен салынып жатқан нысандарға жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тексеріс жүргізе алмайтынын айтты. Ербол Салықұлы бұл мәселелердің маңызды екенін, назарға алынатынын мәлімдеді.
– Біздің басқармада мамандардың жетіспейтіні рас. Қазір мен, орынбасарым және бір маман ғана қызмет етеміз. Былтыр үш қызметкер қысқартылды. Төрт айдан бері басқарманың бөлім басшысы лауазымына қызметкер таба алмай отырмыз. Аудандардағы бөлімдерде де бірде бір жол маманы жоқ. Сондай-ақ аутогрейдер, бульдозер жүргізушілері де тапшы. Бүгінде арнайы техникаларды тізгіндегендердің көбінің жасы 50-ге жеткен. Осылай жалғаса берсе, болашақта өз ісінің нағыз мамандарын табу қиындайды, – деді Айдар Менеев.
Қоғамдық кеңес отырысының соңында айтылған мәселелер бойынша қарар қабылданды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»