20.08.2021, 10:15
Оқылды: 57

«Аялы алақан» алған асулар

«Талантты адам қай жерде де талантты» деген тәмсіл тегі рас-ау. Қазақтың қаршадай ғана қоңыр қызы осыдан тоғыз жыл бұрын Орал қаласында өз бастамасымен «Аялы алақан» атты қоғамдық қайырымдылық қор құрған. Ондағы негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі һәм жетім, дарынды  балалардың қабілеттерін ұштап, оны дамытуға жол ашу болыпты. 

тт

Қазіргі күні сол қорға тартылған тәрбиеленушілердің туындылары оннан астам шет елдің көрме залдарына қойылған десек, әлдебіреулердің көңілдеріне сенімсіздік ұялауы ғажап емес. Десек те, талантқа тұсау, өнерге шекара жоқтығын осынау балғындарымыз өз қабілет-қарымдарымен айдай әлемге дәлелдеп отыр. Иә, солай! Жалпы, бұл жердегі ұл-қыздар – сөйлеу, есту, көру қабілеттері төмен және зерде бұзылыстары бар балғындар. Оларға арнайы кәсіби мамандар ғана дәріс береді. Көбінің сурет салуға құштарлығы ерекше болса, араларында шет тілін үйренушілер де бар. Әңгіме арасында жас маман Дәурен Ғұмаров арнаулы мектептерде оқитын осынау балалармен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары барын, бірақ, таланттарына ерекше сүйсінетінін жасырмады. Жас суретшілер сол тылсым өнердің құдіреті арқылы ішкі толғаныстарын жеткізеді екен. Сондай шәкірттердің бірі – Анастия Осиновскова көрінеді. Төрт жыл бұрын сурет үйірмесіне келген оның қыл қаламынан туған дүниелер қазір «Әлем –  балалар көзімен» атты байқауларда топ жарып, еліміздің барлық қалалары мен шет елдерде де болып қайтыпты.

– Мен негізінен жануарлар мен табиғат көріністерін салғанды ұнатамын. Маған қыл қаламды қалай ұстаудан бастап, кескінді салуды, бояу таңдауды, бәрін-бәрін ұстаздарым үйретті. Түрлі портреттер бейнелеуді де жақсы көремін. Алда да шығармашылығымды шыңдап, өскенде суретші-модельер болуды қалаймын, - дейді жүзі бал-бұл жанған он бестегі сары қыз көзін алдындағы картинадан аудармай.

Айта кетелік, аталмыш қордың тоғыз жылда қол жеткізген жетістігі көңіл жадыратады. Соның бір ғана дәлелі – қыркүйек айында алғаш рет Орал қаласында өткелі отырған жас суретшілердің аукцион көрмесі. Ол туралы «Аялы алақан» қоғамдық қорының жетекшісі, жоғарыда айтқан қоңыр қызымыз Рада Хайрошеваның өзі былай дейді:

– Қай кезде де талантқа тұсау жоқтығын біздің шәкірттеріміз өз істерімен дәлелдеп отыр. Әрі  дүние жүзін әбігерге салып қойған пандемия да өнерге бөгет бола алмауда. Әрі мұнда барлық сабақ тегін, бұл ата-аналар үшін де үлкен жеңілдік. Реті келген соң айта кетейін, Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінің көмегі арқасында біз мүгедек балалардың алғашқы көрмесін Үндістанда, кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде өткіздік. Армения мен Түркіменстан елінде де болды. Бұл игі бастама өз жалғасын табатынына нық сенімдіміз.

Енді биылғы басты жетістігіміз – облысымызда ұйымдастырылғалы отырған жас суретшілер көрмесі. Оған шет елден де қонақтар қатысады. Әрі танымал суретшілеріміздің сыйға тартқан туындылары аталмыш қайырымдылық аукционына шығарылып, өз иелерін таппақ. Болашақта жиналған қаражатқа мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін сабақөткізетін өнер мектебін ашсақ деген ойымыз бар.

Біз іскер жетекші мен суретші балғындарға тек сәттілік тілейміз!

 

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале