Қалалық және аудандық барлық халыққа қызмет көрсету бөлімдері мен облыстық басқармалар Наурыз мейрамын сән-салтанатпен атап өтуге өз үлестерін қосты. Әрбір қызметкер ұлттық нақыштағы әдемі камзол-шапандарын киіп, наурыз көже, құрт-май, бауырсақ сынды ұлттық тағамдардан дастархан жайды. Кейбір бөлімдер балаға ат қою, бесікке салу, тұсау кесу дәстүрлерін де дәріптеді.
«Наурыз мерекесі – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Ұлттық мерекеміздің сән-салтанатпен атап-өтілуіне әр азамат үлес қосуы тиіс. Біз халықпен етене жұмыс істейтін бірден-бір мекеме болғандықтан, әр мереке сайын тек қызметкерлердің ғана емес, келуші халықтың да көңіл-күйінің көтеріңкі болуы үшін мерекелік шаралар өткізуді әдетке айналдырғанбыз», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев.
Сондай-ақ, филиал қызметкерлері арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Қазақ күресі, арқан тарту, қол күресі, асық атудан қызметкерлер күш сынасты.
Шара соңында Наурыз мейрамын бөлімдерде атап өтуге атсалысқан қызметкерлер мен жекелеген бөлімдер және спорттық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды.
Қазақша күрестен жеңіл салмақта жарысқандар арасынан: І орын - Асылбек Қонысов, ІІ орын - Ербол Бақтыбаев, ІІІ орын - Сырым Гиниятов, ал ауыр салмақта: І орын - Мейіржан Мұратов, ІІ орын - Азамат Сержанов, ІІІ орын - Айбек Бисембиев жеңіс тұғырына көтерілді. Асық атудан ерлер арасынан Ертарғын Сәлімғалиев, қыздар арасынан Асыл Сұлтанкөбиева ең мықты деп танылды. Қол күресінен қыздардан Айжан Қыдырғалиева жеңімпаз атанды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі