Ақын, журналиcт Айсұлу Қадырбаева 75 жаста
Айсұлу Қадырбаева 1950 жылдың 21 қарашасында Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебін бітіре салысымен, ол Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі.
Айсұлу Қадырбаева 1972-1984 жылдары «Жазушы» баспасында жұмыс істейді. Ал 1984-1990 жылдар аралығында Қазақ радиосының меншікті тілшісі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы қызметін атқарды.

1990-1994 жылдары республикалық азаматтық «Азат» қозғалысының мүшесі болды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаеваның өлеңдері Қазақстан мен Түркия баспаларынан жарық көрді.
Ақынның өлеңдері поэзия әлеміне өзгеше бір рең алып келді. Алғашқы жинақтарын «Айсұлу ханым» әдеби псевдонимімен танытқан ақынның стильдік нәші оның адами-имани құндылықтарды жырлау дағдысымен ерекшеленеді. Оқырман қауымға «Ақ мама» атты (1997) лирикалық-философия-
лық дастан-толғауымен танылған, қазақ менталитетінің асыл да қымбатты қасиеттерін ұдайы көзден таса қылмай жырлап келе жатқан ақынның «Барып қайт, балам, ауылға» (1988), «Иманға жүгін, ей, пенде!» (2000), «Парыз» (2001), «Шың-Құз» (2015), «Бабалар рухына тағзым» (2018) аталған жыр кітаптары оқырман жүрегін жаулаған, рухани құндылығы жоғары саналатын шығармалар сапынан табылды.
Айсұлу ақын – өзі өмір сүріп отырған қоғам дамуының беталысына бей-жай қарай алмайтын қаламгер. Дәуір тынысын, өзі бір мүшесі болып табылатын қоғамның даму, жетілу бағдарын ұдайы назарда ұстайды. Сөйте келе, ел-жұртының, туған халқының тағдыр-талайын, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетін, бұл тіршіліктегі хал-ахуалын қадағалап, сараптап, жетістігін мадақтап, кемшілігін саралап отыратын ұлт шайыры сынды көрінеді. Туған халқының ұлт боп жаратылуы мен одан әрі өсіп-өркендеуіндегі даму, жылжу қозғалысын рухани тараптан зерттеп, одан соң зерделеп-талдап, нәтижесін өлең сөзбен жариялап, шешім шығарып отыратын ақын-барометр. Ұлтының бүгіні мен болашағын ойлап қам жеген ақынның көп шығармалары мейлі ол қандай жанрда жазылсын (өлең бе, дастан, толғау ма, қара сөзбен жазылған эссе-көзқарас бола ма) қазаққа қызмет қылар дүниелер.
Ақынның жер бетіндегі мұқым қазаққа тарап кеткен «Барып қайт, балам, ауылға» атты толғауы – ұлттың бірлігін, біртұтастығын уағыздайтын әлем қазақтарына гимні бола алатындай ода-өлең. Бұл туындының құдірет-күші ауылда туып, қалада тұрып, ел-жұрты, кіндік қаны тамған жер - ыстық ұясынан жырақта жүрген қазақ біткеннің өз ұрпағына, ұл-қызына бағыттап айтар арнау-дұғасы. Тамырыңнан ажырама, тегіңді біл, өзіңнің қазақ екенінді ешқашан ұмытпа, мәңгілік қазақ, мәңгілік ел боп қал деген идеяны жалау еткен туынды санатына кіреді бұл – жыр-толғау. Осы сынды ұлттық рухты сілкуші шығармалар қатарын «Нарғала», «Армысың, Наурыз!», «Беліңді бу, бекем бол, балам!», «Иманға жүгін, ей, пенде!» сынды толғаулар мен «Ақ мама» дастаны толықтыра түседі. Ертеректе жазылған бұл туындылардан өзге сәл кешірек жарық көріп, ақынның соңғы жинақтарына енген «Өсиетнама» (екі жырдан тұрады), «Шыбындай жаным шырқырап» жыр-дастандары - имани, адами құндылықтарды тақырып қып көтеруімен ерекшеленеді. Бұл туындылардың көркемдік мәні жас ұрпақ тәрбиесіне қажетті дәуірлік мәселелерді қозғауымен құнды бола түседі. Ғаламдық мәдениет пен жаһандық өркениетке жаппай ұмтылған қазақ жастарының бойында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын сіңіруді мұрат еткен ақын толғаулары, дастан-жырларының негізгі идеясы ұлт болып сақталып қалуды көздейді. Айсұлу ханымның жеке өзіне тән әдеби стилі оның қай туындысында да «мен мұндамын» сынды өзгешелікті танытып, алыстан мұнартып, қарауытып, қол бұлғап тұрады. Ұлт ертеңін ойлап қамыққан ақын жас өскіннің бойына имани-адами құндылықтарды егуге, ізгілік иірімдерін сіңіруге ұмтылады. Дүние есігін ашқан сәбиден бастап, кәмелеттік жасқа толып, жаңа өмірге енді аяқ басқан жасөспірімдерге арналады оның шығармалары. Ұлт ұлылығын сездірудің, халық жасампаздығын танытудың басты белгілерін «Мейірімді бол халқыңа! / Зейінді бол жалпыға!», «Ақ күн туып алдыңнан, / Әулие-Әмбием қолдасын! / Қыдыр болсын жолдасың!», «Сын сағаттар түскенде, / Қалып қойма тасада!» деп келетін тіркестер ұлт болашағын тәрбиелеуде өміршеңдігімен ұлықталады.
Айсұлу ханымның Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған «Иманға жүгін, ей, пенде!» атты жинағына рухани, философиялық, тарихи һәм публицистикалық толғау енген. Жинақтың аннотациясы мен кіріспесі орнына Қожа Ахмет Иассауидың «Диуани Хикметінен» үзінді келтіріпті.
«Жайған сөз үш жүз Молда жамиғатқа,
Бір рауаят қоссам мен де шариғатқа.
Жар бол, Хақ!
Алла жолы – ақиқатта!
Шын сырым, басым беріп, білдім – міне!», – деп келетін сопылық ілім атасының этикалық-дидактикалық мазмұндағы «Ақыл кітабынан» аңдатпа алыпты.
Кеңестік қоғамда тамырынан, тінінен ажырап қалған ұрпаққа имандылық, ізгілік дәнін себуді идеялық мұрат еткен Айсұлу ханымның бұл тақырыптағы шығармаларының ғұмыры ұзақ болары кә-міл. Сөз алдын «бисмилләхи рахмани рахим!» – деп бастайды ақын өз туындыларының кіріспесінде. Атауының өзінен-ақ идеялық мақсаты айқын «Иманға жүгін, ей, пенде!» дастаны үш бөлімнен тұрады. «Түрік Баба, құлақ сал дауысыма» аталған бірінші бөлімде негізгі идея қазақ елінің, қазақ даласының осы замандағы әлеуметтік хал-ахуалы, экологиясы, құрып бара жатқан өзен-көлдер қатар ана тіл мен діл-діннің мәселесі де қоса қозғалады. Шығарма ауыз әдебиеті мұраларының ізімен тектес, зар заман ақындарының әуен стилінде жазылған. Бүгінгі әдебиеттегі зарлай арнаудың үздік үлгісі боларлық шығарманың әп дегендегі құлақ күйі оқырманын бірден баурап алумен бірге психологиялық ой салып өтеді.
«Мына заман қай заман?!
Құрбан заман!
Жайдың оғы төбеден ұрған заман!
Алла жар боп, өзі амал ұйғармаса,
Түбірімен жұлынып түрік біткен,
құрып кету қаупінде тұрған заман!
Арман заман бұл заман?
Жалған заман!
Ел тағдырын тәлкекке салған заман!
Мал менен жан жем болып ит пен құсқа,
Ата жұрты адыра қалған заман!», – деп басталатын тармақтардан ел-жұрты, Отаны үшін жанын қиюға дайын лирикалық бейненің жан-толқынысын аңғарамыз. Бұлайша ел-жұртқа сәлем айтып жар салуының мәнін аутор былай түсіндіреді: «Қазақ жеріне бүкіл әлемнен, атап айтқанда, Америка, Англия, Франция, Жапония, Ресей секілді ірі державалардан аса жоғары дәрежедегі улы химиялық қалдықтарды әкеліп көмуге, сондай-ақ Семей, Өскемен, Жезқазған, Жамбыл, Алматы, Балқаш секілді территориялардың бұзылмайтындығы жөнінде еш кепілдігі жоқ Чернобыль типтес алты бірдей Атом электр стансаларын салуға, сөйтіп, атамекеніміз Қазақстанды айналаға өлім себетін айықпас радиация аймағына айналдыруға мен үзілді-кесілді қарсымын! Ал жер сату саясаты – бұл – барып тұрған опасыздық!».
Халықтың назарын аудару үшін ащы айтылған сын өзегінде шындық та бары анық. Ақынның реалистік көзқарасында шынайылық, қоғамның дамуындағы орын алған кемшіліктер ашық айтылады. Өткен кезең мен бүгінгі өмірдің кемшін-кірбіңдері лирикалық кейіпкердің жанын байыз тапқызбайды.
«Құдай берген құрытып тілімізді,
Табанға сап таптадық дінімізді!
Сүйекте жоқ қасиет – сайқалдықпен,
Сақ-сақ күліп, аузына аждаһаның,
біріміз кеп тастадық бірімізді!», – деуін бұл өмірдің қоспасыз шындығы деп қабылдарымыз анық. Көркем бейненің оппозициялық келбеті шығарманың өн бойында менмұндалап, туынды мазмұнының арқаутіні болған. Қоғамның осал тұсын дөп басқан жырдың сынға малынған жебесі нысанаға дәл тиіп, оқырманын қыздырып, намыс отын тұтатады. Жар салып айтуға болмайтын мәселелерді туынды ауторы батыл айтып, қоғам кемшілігін өткір тілмен сынап тастайды.
«Жын ойнаққа айналып мекеніміз, басымызға түрілді етегіміз!
Ар – ұждан – пұл!
Нәпсі – құл!
Абырой – тұл! –
Тарта берсек осылай, айдан анық, шыңырау түбі шым батып кетуіміз!». Сол сияқты толғау өрімінде жерасты байлығына (қорғасын, қола т.б.) көз алартқандардың ата-баба моласын бұзып, түрен салуы, қилы амалдармен, сан түрлі сылтаулармен жердің сатылуы («кімі келіп сұраса, сонысына бөліп бердік тулақ қып жерімізді») т.б. осы сынды қоғамның «кеміс» мәселелері ақын назарынан тыс қалмайды.
Ақын пайымынша, өр кеудемізді аласартып, кім көрінгенге төрімізді ұсынып, айналып келгенде «Құлан жортқан сар далам! / Енді өзіңнен / өлген күні, мың шүкір / бір жапырақ / қазатұғын жер тапсақ көрімізді!» – деп болашақтан түңіле жырлайды. Мұндай пессимизмге тұнған поэзия ұлы Абайдан, одан әрі зар заман жырауларынан, берісі ХІХ ғасырдың ақындары Ахмет пен Міржақып шығармаларында көрініс тапса, тәуелсіз ел әдебиетінде Айсұлу Қадырбаева поэзиясында заманның ағымына қарай өзгеше өң-түр алып жайыла түскен.
«Досымыз бен айырмай қасымызды,
У аралас шайнаймыз асымызды!
Ұрпақ азды!
Ел тозды!
Жер бүлінді!
Қасіретке тұншығып, өксігенде,
Кім құрғатар көздегі жасымызды?!».
Таусыла сөйлеген ақын-кейіпкердің «Қос бүйірім таянып мен боздаймын, / Семей, Балхаш, Аралдан айырылып. / Буындағы у алып қуатымды, / бор кемік боп сүйегім уатылды!» - деуінде де үлкен маңызды мәселе көтерілген және шындыққа саяды. Имани, адами қасиеттерді сақтап, абай болуды еске салған кейіпкердің бір уақыт қазақ үшін атқа қонып, қылыш сермеген Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғынға, олардың аруақтарына сыйынуы, Ер Қорқытты арқа тұтуы да толғау-дастанның көркемдік ерекшелігін биіктете түседі. Ел намысын қорғар ерлердің айбатын шақырудағы мақсат – ауторлық идеяның құндылығын арттырып, жас ұрпақ тәрбиесінде патриоттық сезімді оятудың, елжандылық сезімді қалыптастырудың озық үлгісі бола алса керекті.
«Шыбындай жаным шырқырап» - шығарманың екінші бөлімінің аталымы. Бұл бөлімге Әбубәкір Кердерінің «Қорғауы жоқ байтақ жұрт, қараусыз малмен тең болар» деген даналық сөзі эпиграф ретінде алыныпты. Ақын бұнда да бірінші бөлімдегі ой-идеясын одан әрі тереңдете тарқатады. Ел ішіндегі шешімін таппаған әрқилы әлеуметтік түйткілдерді философиялық ой ағынына салып, көркемдеп, рет-ретімен баяндап отырады. Ақынның зар қақсап, қайғыға салынып, толғап отырғаны – Қазақ елінің Тәуелсіздік алып, егемен ел болу қарсаңындағы және азаттықтың ақ таңы атып, сонымен бірге базарлы қатынасқа көшіп, оған икемделе алмай қиналып қалған кезі. Өйткені «Айырбасқа, ақша үшін, базар барып, / Қорадағы тауыстық малымызды. / Аштық жылы оралып баяғымыз, / Қолымызда шошайды таяғымыз» немесе «Жара қаптап жағалай тәнімізді, / Адамшылық кетірдік сәнімізді» сондай-ақ «Кім жүктейді обалын?! / Бесіктегі сәбиімнің ішегі бұратылды» деп келетін деректер өліара шақта тұрған қоғамның шынайы сиқы, бұлтартпас бетпердесі. Бұл күнде өткен тарих боп сақталып, өткен ғасырдың еншісінде қалған қоғам көрінісі қандай болғанын ақын А. Қадырбаева мейлінше шынайы, мейлінше шанымды суреттейді. Кей реттерде сөз өнерінің табиғатына, әдеби процестердің заңдылықтарына сай тым әсірелеп, бояуды қалың жағып, оқырманын түңілдіріп те жіберетін тұстары бар. Мұндай көркемдік ізденістердің нәтижесінен туған «кішігірім қателерді» кемшілікке санамасақ керек-ті. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» – деген мәтелді туғызған қазақтың жан ашуының астарында үлкен проблемаға себеп боларлық халықтың әлеуметтік мәселелері жатқаны анық. Айсұлу ақын сол көптің көкейіндегі келелі, көкейтесті, заманауи ахуалды терең ұғынып және оны өзінің жан жарасындай сезініп, көркем әрі публицистикалық нақышта әр жанрдың қосындысындай қып қотара жырлаған. Қоғам өміріне қатысты жалпақ шаруаларды ақын жәй ғана ұйқас қуып баяндай салмайды, ойға алған, санаға түйген идеялық мұратын оқушысының ар-намысына тиетіндей, ар-ожданының ошағын бұзатындай қып, қамшы сілтеп, сабап салғандай қып жырлайды. Мәселен,
«Бұл ғасырғы айналып Отырарға,
тұншығармыз
құм басқан
шоқыларда!..
Азған ұрпақ не іздесін тарихыңнан?!
Әр төбенің басында, боғын шұқып, -
ауызынан суы ағып
отырар да!.. –
Міне – халің!», – деп бір түйеді, яки мақтамен бауыздағандай ете жырлайды.
Сол сықылды «Сүйретіліп кеудеде сүлдеріміз, / кешегі өткен мұң болды күндеріміз!!! / Ел – қайыршы! / Не оқу, не тоқу жоқ! / Енді кіммен басамыз ілгері біз?!!» - деген ой сабақтары кім-кімнің де намыс отын оятып, жігерін жаниды. Тап мұндай халге жетіп қалдық па дегендей ой тудырады. Мұндай түңілдіре сөз саптау, жетесіне жеткізе әсерлеп, оқушысын да, өзін де аямай сүңгілеу – А. Қадырбаеваның өзіне тән ақындық стилі деп ұғынған жөн. Тілде сүйек жоқ, тіл мен жағына сүйенген пенделерді де ақын аямай сынап алады, сыбап салады.
«Күстәнәлап біріміз – бірімізді,
Мінбелерден безейміз тілімізді.
Адам емес – Алладан келмек құзыр!
Дүние – билік бөлісер қақымыз жоқ,
Таптап тұрып табанда дінімізді!».
Ақын бір мезет ел ішіндегі саяси салғырттыққа да сын көзбен қарап, азаматтық көзқарас пайымын жеткізуді міндет санайды. Жаңа ғана Егемендікке қол жеткізіп, өз қолы өз аузына жеткен сәби мемлекетті жан жақтан қоршап алып, мал-дүниесін талан-таражға салуға дайын тұрған империялардың бар екенін де еске салып сақтандырады, қапы қалмауды ескертеді және ондай пиғылдағы державалардың ұдайы жақсылықпен қол созбайтынын қаперлейді. Мәселен, «Алмай қоймас түбінде аңдыған жақ! / Төңірегім – қаптаған қалың «Пугач!» / аузын ашса, «Азия! Азиялап!» / Көмекейі көрінеді үңірейіп!/ Қарс айрылар, күрсінсем, көкірегім! / Тас қараңғы қамауда отыр елім!» - деп күйзеле жырлайды.
Ақынның дастан-толғауларының мазмұн-байлығы өңкей бір жылап-сықтаудан тұрады десек, қателесеміз. Ақын өзіне тән стиліне салып Отанды сүюдің және оны қорғаудың жолдарын жас ұрпаққа ой сала, саралай, сараптай жырлайды. Бір қарағанда кемшілік болып оқылғанымен, ой қорытып, салмақтай келе, келер ұрпақтың намысын оятатын, таным-түсінігіне тәрбиелік, психологиялық жағынан әсер етіп, зерделеу, ой түю қабілеттерін шыңдайтын, жетілдіретін салмақты пайым-пікірі шар қайрақты жанығандай әсер етеді.
«Қорымаған Ана мен балапанын?!
Ойламаған Ата мен бала қамын?!
«Азамат!» - деп не керек Отан үшін
Алас ұрып атпаса ала таңың?!», – деп келетін шыңдалған болаттай асыл сөздердің қай қоғам, қай заман үшін де маңызы зор болмағы анық. Ақын ұрпақ тәрбиесіндегі сөз өнерінің күш-құдіретін орнымен қолданып, қазақтың «сөз сүйектен өтеді» деген қағидасын берік ұстанған сыңайлы.
Дастанның «Туын көтер ғалами мұсылманның немесе бабалар ізімен» аталған соңғы үшінші бөлімінде негізінен аты тарихта қалған Шыңғыс хан мен Бабыр сұлтанның шығу тегіне, олардың әлемге танылып зерттелуіне байланысты ой-пайымдары, өзіндік зерттеу көзқарасы публицистикалық деректеме тілімен баяндалған. Аутор Шыңғыс ханды түркі жұртынан тарайды деген пікірді қош көріп, қуаттайды.
«Қабағында қара бұлт күркіреген!
Қалың әскер соңында дүркіреген!
Ешбір пенде Шыңғыспен тең түсе алмас,
Он сегіз мың ғаламның қағидасын,
астастырған тұқымы түркіменен!».
Шыңғыс хан тұқымын бүгінгі моңғол жұртының ұрпағы деген қағида түсінікке ақын қарсылық танытады. Бұның бәрі тарихты білмегендік, бұрмалаушылық деп түсіндіреді.
«Моңғолияң қазіргі – жоңғар жұрты,
Оу, сондықтан, Шыңғыстың,
Бұл моңғолға,
Үш қайнаса, сорпасы қосылмайды!», – деп жырлай келе, «Шыңғыс ханның Бабасы – Оғыз қаған / Әмірімен Алланың, Әлһәмдулиллаһи, / иманына жүгінген, / антын байлап, / анасының сүтімен жөргегінде» деген тұжырым жасайды. Ақынның пайымынша, Шыңғысхан қазаққа жақын, арғы тамырымыз бен тініміз, шыққан түбіріміз бір екен. Гумандық ой-философия ақынды тарихи дерек пен көркеми шындықты қабыстырып, оқырманын жаңа бір таным-түсінікке бағыттай түседі.
«Сол Шыңғыстан
Ізде сен, іздей қалсаң,
тепкілесең, үзілмес
«Қазақ» атты тегеуріні темірдей тегімізді».

Аталған үшінші бөлімнің тағы бір жаңалығы «Бабырнама» мен оның иесі Бахраддин Бабырдың түркі халықтарына ортақ еңбегінің шетел зерттеушілерінің қате зерттеп жүргеніне назар аударады. Аутор Ильминнің «Бабырнама» тарихын зерттеудегі кейбір пікірлерімен келіспейтінін де ашық айтады. Мәселен, Алаш атауының шығу тарихын, пайда болуына байланысты Ильминнің «Кісі өлтірген кісіні «Алаш», – дейді, - қалмақтарда! / Нанбасаң, Бабыр айтқан мына біреу дерекке қараш!» – деген жалған зерттеу-дерегіне қарсы тұрады. Ақын «Қатысы не қалмақтың қазағыма?! / Бұл – Ильминнің жымысқы мазағы да!» деп ашына, күйіне жырлайды. Түркі жұртының Бабасы – Бабырды жала-пәледен аршып алуды, арашалап алуды ұсынады кейінгі ұрпаққа. Келер ұрпақтың санасын улауға ақын қарсы тұрады, мұндайда сабыр сақтап, үнсіз қалуды өзіне ар көреді намысшыл жан.
«Ильмин жазып ұсынған «Бабырнама» -
Ызы-қиқы, у да шу! – Тұнған қылмыс!
Міне, осымен,..
ұрпақтың санасына
Бабыр жайлы сіңірмек шала ұғымды!».
Толғаудың «Сөз соңы» аталған қорытынды бөлімінде ақын Жаратқанға қарата арнап жырлауды арнауды мақұл көріпті. Жаратқаннан «Иә, Жаратқан! / Кеше гөр ақыныңды. / Әрі-сәрі күй кешкен пақырыңды! / Бет-пердесін шындықтың ашамын деп, алыстатып алдым ба жақынымды» – деп ғафу өтінеді, бас ие тағзым етеді, бәрін аманат ете келе: «Неде болса, адалдықтан тайдырма табанымды?!» деп ой түйеді. Ақынның бұл дастан-толғауы ауторлық көзқарасты батыл танытуымен ерекшеленеді.
Зейнолла Мүтитегі,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент