12.10.2023, 9:45
Оқылды: 109

«Бағаға емес, сапаға ұмтылатынбыз...»

 Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне – 60 жыл

1978 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Балқұдық орта мектебін тәмамдап, білім қуып Орал шаһарына келдік. Осы қаладағы ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырдым. Абитуриент көп. Ол кезде емтихан талаптары да қатал болатын. Жолым болды, оқуға түстім, әйтеуір. Сөйтіп, 1978 жылдың мизам айында аталмыш оқу орнындағы зооинженерлік факультетінің студенті атанып, алғашқы дәріске қатыстым.

2e7dd203-f770-4899-8985-067e255390a5

Ол кезде 17 жастамын. Біздің курста 75 студент. Мен 3-топқа бөліндім. Кураторымыз – Мәрия Қабдолқызы Шукеева болса, деканымыз – Аманкелді Рүстемов. Сабақтар орысша өтеді. Абырой болғанда біздің курста ылғи қазақ жастары екен. Тек екі-ақ орыс ұлтының өкілі болды. Топтағы студенттердің көбісі 1960 жылы дүние есігін ашқан құрдастарым екен. Құрдастардың сыры ортақ, жыры ортақ дегендей, тез танысып, тіл табысып кеттік. Айтпақшы, жатақханаға жайғастым. Біздің факультеттің жатақханасы №6 екен, мен №55 бөлмеге орналастым. Ақтөбе мен Атыраудан келген Қайыржан Жұмағалиев және Аманжол Қабдешов, сондай-ақ шыңғырлаулық Мақсот Нұрқанов секілді замандастарыммен бір бөлмеде тұрдым.

Студенттік өмірдің алғашқы апта-айларының әсері бөлек қой, шіркін! Басқа орта, бөтен қала. Институтпен, ортамен танысасың. Алғашқы жылы мектептегі пәндер өтеді екен. Биология, химия, физика, математика секілді өзімізге бұрыннан таныс пәндер оқытылып жатты. Тек бір қиыны, бәрі орысша өтеді. Дегенмен есепті шығаруға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Бір-бірімізбен жарысып, таласып өтетін сабақтар. Бәрі де күні кешегідей көз алдымда.

Оқытушыларымыз да сырттай қатал көрінгенімен, іштей біздерге жылы шырай танытатын. Көз-жанарларынан бізге деген жанашырлықтарын, тілектестіктерін аңғаратынбыз. «Оқуда қиын болғанымен, өмірде оңай болады» деп тұратындай. Тұқсит Хабиев, Надежда Бектұрғанова апайымыз, соғыс ардагері Қисмет Қапанов ағайымыздың дариядай білімі мен өнегесі үлкен өмір жолына қомданған қанатымыздың қатаюына үлкен жәрдем болды. Қандай ғажап жандар еді...

Жоғарыда сабақтың орысша өтетінін айттым ғой, ал олар біздің ойымызды жеткізе алмай қиналып тұрған түрлерімізге қарап, қазақша айтуымызға рұқсат ететін. Осылай алғашқы айлар жылжып өте берді.

Әлі есімде, қыркүйек айының он тоғызыншы жұлдызы, алғашқы сабақ кестесі бойынша дене шынықтыру сабағы. Құрылысы жаңа аяқталған су жаңа спортзал. Ауылда, қырда өскен біз үшін бәрі таңсық. Институттың сыңғырлаған еңселі спортзалы ханның зәулім сарайындай болып елестейді. Спорттық ойынды тамашалауға арналған көрермен трибуналары мен балконы бар екен. Сол балконның үстінде екі-үш кісі қызу әңгімелесіп тұр. Бір кезде төменге түсіп, жанымызға келді. Спорттық киім киген кісі өзін, оқу орнының спорт факультетін қазақша-орысша араластырып таныстырып жатыр. Таныстыруын аяқтап, бәрімізді көзімен бір шолып шықты да, топтың соңына таман тұрған маған келіп:

— Күресесің бе? – деп сұрады. Құдай аузыма салған шығар, салған жерден «Иә» деп жауап бердім. Әлгі кісі «Онда кешкі жетіде «Мехфактың» артындағы күрес залына кел. Өзіңмен бірге спорттық киімдеріңді ала кел» деді. Кейін таныдым. Бұл ағай физкультура кафедра­сының меңгерушісі Марат Елеусінов деген кісі екен. Өзі еркін күрестен үйірме жүргізеді.

Ол кезде сабақ таңғы 8:00-де басталып, кешкі беске таман бітетін. Сол аралықта кітапханаға соғып, сабағыма дайындалуға да үлгеремін. Сұрастыра жүріп, күрес залын тауып алып, сонда бардым. Ауылдан келген жылқышының баласына күрес таңсық емес, әрине. Дегенмен мұндай күрес алаңын көру, бозкілемінде белдесу халықаралық жарыстарда, жаһандық додаларда белдескенмен бірдей әсер қалдыратын. Білеудей бұлшық еттері терге малшынып, бірін-бірі бұрап, алып ұрып жатқан палуандарды көріп, «Шіркін, қашан осылар секілді болар екенмін?» деп қиялдап қоямын. Тәтті қиялымды «Кел, Талғат!» деген сөз бөлді. Атымды атап шақырған дауыс жаққа бұрылсам, сол жүзтаныс Марат ағай екен. Мені күрестің қыр-сырынан хабары бар деп ойлаған болуы керек, бірден белдесудің қиындау тәсілін үйрете бастады. Жаттығудан соң бәрімізге «Еркін күрестен бүкіл Одаққа танымал палуан Сайлау Мұқашев келіп, сендерді жаттықтырады. Жаттығуды қалдырмай, аянбай еңбектенсеңдер, біраз нәрсе үйренесіңдер» деді. Айтқандай, қазан айында Сайлау ағай келді. Тәртібі қатал. Жаттығу таңғы алтыда басталады. Өзі бір әдісті үйретіп, бозкілемнің үстінде бізбен бірге алысып, қара терге түсіп жүреді. Сөйтіп, бірте-бірте буыным бекіп, қабырғам қатып дегендей, жарыстарға қатыса бастадым. 1978 жылдың желтоқсан айында институт біріншілігінде топ жардым. Келер жылғы наурызда Орал қаласының біріншілігінде бас бәйгені алдым. Осылай спорттық мансап жолым басталып кетті. Ақыры, еркін күрестен КСРО спорт шебері деңгейінде қалыптастым.

Институт қабырғасында факультеттің комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Факультетте «Атлант» деп аталатын вокалды-аспапты ансамбль болды. Сол ансамбльдің құрамында жылма-жыл «Студенттік көктем» фестивалінде үздік шығатынбыз. Ансамбль жетекшісі – Тілек Мықтыбаев деген азамат еді. Бізден екі курс жоғары оқыды. Бірер жылдан соң институтта домбырашылар оркестрі құрылып, оның құрамында да ойнадым. Бес жыл студенттік өмірімде жақсы ұстаздар мен жақсы достарға тап болдым. Ауылдың қара домалақ баласы үшін үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Институтқа белгілі студент болдым. Курстастарым, бірге күрескен жігіттер «Тәке, сен ерінбейсің, бір нәрсеге ұмтылсаң, жетпей қоймайсың»  деп арқамнан қағып, қанаттандыра түсетін. Курсымыз институт бойынша жақсы үлгерімді болып, Куйбышев, Самара, тағы да басқа қалаларға саяхатқа жолдама ұтып, ел көріп, жер көріп дегендей, армансыз қыдырып жүрдік. Бір жылдары курстан жиырмаға жуық оқу озаты шығып, керемет сабақ үлгеріміне қол жеткіздік. Сөйтіп жүргенде бес жылдық студенттік дәурен өте шығып, институтпен, аяулы ұстаздармен қоштасып, бәріміз жан-жаққа жолдама бойынша, шаруашылықтар шақыртып, қызметке кірісіп кеттік.  Биыл институтты бітіргенімізге 40 жыл толып отыр.

Біздің студент шағымызда институтта жалғыз ғылым докторы, профессор болатын. Ол да басқа ұлт өкілі. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Геннадий Лобоновский еді. Есімде, ол профессордың бөлек қызметтік бөлмесі болды. Есігінің сыртында аты-жөні жазылған тақтайша ілініп тұратын. Сол кезде жасы жетпістен асқан адам. Әлгі кісіні лекция оқығанда немесе сұхбаттасқанда орысшамыз шамалы болса да, түсінетінбіз. «Мақтаулы маман боламын» деп талпынған жас көңіл, «Болашақта ауыл шаруашылығы саласын дамытамын» деген зор сенім бізді алға жетелеп, білімді қажырлықпен игеруге талпындырды. Ұстаздардың айтқанын екі етпей орындап, кітапханадан шықпай, дәрістерін тіпті жатқа да айтатынбыз. Өйткені сабақ орысша жүреді, жеткізіп айту үшін бағаға емес, сапаға ұмтылатынбыз. Едіге Нысанбаев, Қазыбай Бозымов, Балуаш Трайсов, Ермек Айтәлиев сынды сол кездегі жас мұғалімдер – қазір университеттің профессорлары, ғылым докторлары.

Сонымен, институтты тәмамдап, еңбек майданына кірісіп кеттім. Бөлімше зоотехнигі болып еңбек жолымды бастадым. Осы жерде айта кетейін, зоотехник мамандығын қайтадан ашу қажет. Ветеринар өз алдына, ал зоотехник ұйымдастыру, селекциялық жұмыстармен айналысуы қажет деп есептеймін. Бұл туралы жоғары мінберлерден де айтып жүрмін. Артынша сатылап зоотехник-селекционер, бас зоотехник, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға зоотехник, шаруашылық басшысы болып істедім. Мемлекеттік қызметтерде де төбе көрсетіп, аудандық комсомол, партия комитеттерінде ұйымдастыру, басқару бөлімінің меңгерушісі болдым. 45 жылдық еңбек өтілім қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Теректі, Бөрлі аудан­дарында өтті. Бөрлі ауданының әкімінің орынбасары қызметін төрт жыл атқардым. Айтпақшы, 1988 жылы Орал облысының «Үздік зоотехнигі» атандым. Одақ, республика, облыс, аудан деңгейінде бірнеше рет Құрмет грамоталар алдым.

Ғылым жолында да біраз тер төктім, 100-ге тарта ғылыми еңбегім бар. Нұсқаулықтар, моно­графиялар, ауыл шаруашылығы мамандары мен мұғалім, студенттерге арналған әдістемелік кітаптар жаздым. Етті мал шаруашылығында бұқаларды төл сапасы бойынша бағалау әдістемесіне қатысты өнертабыс патентінің иесімін (№2409943. Мәскеу қаласы). Біраз еңбектерім шет тілдерге аударылды. 2001 жылы Мәскеу қаласында «Шөлейт аймақтарда қазақтың ақбас жас тұқымын өсіру мен бордақылаудың әртүрлі технологияларын қолдану тиімділігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Ал 2018 жылы тағы да сол Мәскеу шаһарында «Батыс Қазақстан мен Ресейдің оңтүстік Орал құрғақ дала аймағында асыл тұқымды ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы сиыр етін өндіру тиімділігін арттыру» тақырыбында докторлық диссертациямды да ойдағыдай қорғап шықтым. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің дербес бөлім басшысымын. ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігімін.

Міне, мен соңыма қарасам, осындай биік белес, айтулы жетістіктерді көремін. Өзім жеткен жетістіктерде ұстаздарымның үлесі ұшан-теңіз. Сол үшін олардың алдында басымды иемін!

Талғат Сидықов,

ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі,

Астана қаласы       

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале