ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының басшысы Айгүл Наурызалиеваның айтуынша, тұрғын үйге арыз беру – дауыс беру уақыты бір ай күнтізбелік мерзімде жүргізіледі.
Банк арыз қабылдау мерзімі және баллды есептеу күні туралы хабарландыруды, үй құрылысының аяқталуына екі ай қалғанда жариялайды. Қатысушылардың таңдау тәртібі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның баллдық жүйесі арқылы анықталады. Арызды банк салымшылары банк сайтының Интернет-банкинг бөлім арқылы береді. Берілетін пәтер санынан екі есе көп арыз қабылданған жағдайда, бұл нысан келісілген болып есептеледі және банк екі тізімді бекітеді, яғни, негізгі және резервтік. Баллдың есептеу қорытындысы банк интернет ресурсында жарияланады. Бір ай күнтізбелік мерзімде барлық негізгі және резервтік тізімге енген қатысушылар өз төлем қабілетін растайды, осы мерзімде үміткерлер пәтер нөмірін анықтау үшін «пәтер таңдау» тізімін толтырады. Дауыс беру қорытындысын және пәтерді таңдау кезеңі өткен соң банктіің тұрғын үй комиссиясы үйді сатып алушылар тізімін бекітіп, облыс әкімдігіне жолдайды. Облыс әкімдігі сату - сатып алу келісім шартын жасақтайды. Бұдан соң банк несиені рәсімдеу кезеңін өткізеді. Үйді сатып алу үшін қатысушылар тұрғын үй құнының кем дегенде 30 пайызын өз депозитінде жинақтауы қажет, осы бағдарлама аясында несие жылдық 5 пайызбен беріледі. Тағы бір айта кететін жәйт, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жергілікті атқарушы орган тізімінде кезекте тұрған барлық азаматтарға тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шартты комиссиялық алымсыз жасайды. Сондай-ақ, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы несиеге берілетін тұрғын үйлер 100%-ы банк салымшылары арасында бөлінеді. Жоба банктің Орталық аппаратының Тұрғын үй комиссиясының шешімімен таңдалады, - деген Айгүл Әбуғалиқызы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының несиеге берілетін тұрғын үйлерге өтініштерді ақпан айынан бастап қабылдайтынын жеткізді.
Банк басшысының сөзінше, бүгінгі таңда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалында 39 мың салымшы бар. Әлеуметтік тұрғын үйлерді банктің ішкі нормативтік құжатына сәйкес, тұрғын үй, аралық тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй заемдары арқылы сатып алуға болады. Мұнда несие мөлшелермесі жылдық 5%-дан артық емес. Заем шоттатұрғын үй құнының 30%-нан кем емес қаражатын жинақтаған жағдайда ғана беріледі.
Баспасөз мәслихатында жаңа тұрғын үйлердің бағасы бұрынғыға қарағанда сәл қымбаттау болатыны жөнінде де айтылды. Банк басшысы мұны құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырды. Оның сөзінше, тұрғын үй бағасын құрылыс жұмысын жүргізуші компания белгілейді. Осыған орай, тұрғын үйлердің шаршы метрі үшін төленетін төлемақы да әр түрлі. Мысалы, 180 пәтерлік тұрғын үйдің 1 ш.м. құны – 133 000 теңге болса, 96 пәтерлік үйдің 1 ш.м. құны – 129 000 теңге. Сонда бір бөлмелі пәтердің құны, шамамен 5 320 000 теңгені құрайды. Оның 30 пайызы 1 596 000 теңге, айлық төлемі 30 147 теңге. Бұл - тұрғындарға түсінікті болу үшін шамамен келтірілген деректер.
Жиын барысында журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.
Айша ӨТЕБӘЛІ