1.10.2024, 15:00
Оқылды: 152

Бәйтерек ауданы – облыс экономикасының драйвері

Бәйтерек – Ақ Жайық өңіріндегі ең  ірі, әлеуеті зор аудан. Орал қаласын қоршай орналасқан ол облыстың «алтын қамбасы», азық-түлік белдеуінің негізін қалыптастырушы аудан ретінде саналады. Өткен аптаның сенбісінде Бәйтеректің 85 жылдығы тойланған кезде облыс басшылығы осынау жайттарға назар аударып, еңбекқор тұрғындарға табыс тіледі.

53409D18-FE5D-498A-9AD1-6558B418E5C3

Құт қонған алтын дәнді өлкедегі мерейтойлық мереке аудан әкімдігінде сыйлы меймандарды қабылдаумен басталды. Осы қабылдау барысында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтерек ауданының дотациялықтан донор аудан деңгейіне жеткенін мәлімдеді.

– Бәйтерек – Батыс Қазақстан облысындағы егінді өлке. Соңғы төрт жылда егістік жердің көлемі айтарлықтай ұлғайып, қамба астыққа толды. Бұл – ауыл  шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері, ел дамуына қосқан үлесі. Сонымен қатар жеке инвестиция тарту бойынша да аудан алдыңғы қатарда. Бәйтерек облыстағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша авангарды десек, артық емес. Округтермен қатар елді мекендерде де абаттандыру ісі қарқынды жүруде. Медицина, білім беру, мәдениет нысандары, үй құрылысы, жол жөндеу қарқын алып, ауыз су, көгілдір отын мәселелері оң шешімін табуда. Осының бәрі – тұрғындардың  ауызбіршілігі, депутаттармен, кәсіпкер азаматтардың ұйымдасқан ісінің жарқын жетістігі. Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізген республика бойынша алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екенімізбен де мақтанамыз. Сол себепті еңбектің қадірін түсінген, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, жақсы нәтижеге жетіп отырған жерлестеріме алғысымды білдіремін. Осы мерейлі күнді, қуанышты сәтті бөліскелі келген барша қонаққа қош келдіңіздер дегім келеді, – деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

128D3CEB-F8D8-496C-B701-1E7DA2C3CA33

Жиында кезінде ауданды басқарған Табылғали Сапаров, Ғайса Қапақов, Вера Шохина, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин сынды мәртебелі меймандар сөз алып, Бәйтеректің әлеуметтік-экономикалық даму жолында өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар, оның ішінде белсенді нәзік жандардың да рөліне тоқталып, құтты өлкеге жаңа жетістіктер тіледі.

Сонымен бірге танымал жерлесіміз, «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, академик Ақсерік Әйтімовтің құттықтаухаты оқылып, естелік сыйлығы табысталды.

EF611FE3-0AD8-4E5C-9523-D16DD39A2359

Содан соң көпшілік аудан орталығы маңындағы атшабар алаңына жиналып, мәдени-спорттық іс-шараларды тамашалады. Мерекелік концерт театрландырылған көрініспен басталды. Онда бәйтерек ұғымы, оның астарында жатқан тарих, аудан мен терек атауының арасындағы байланыс, Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді қазақтың үш бәйтерегі сықылды жайттар ақсақал мен немересі арасында өрбіген әңгіме аясында көрініс тапты.

Сахна төріне шыққан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс әкімі жұмыс сапарымен елордаға кетуіне байланысты осында келе алмағанын айтып, бәйтеректіктерді Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтады.

– Бәйтерек ауданы достық пейілді, ізгі ниетті еңбекқор тұрғындарымен ерекшеленеді. Жасампаз еңбекке жұмылған аудан халқының және ауданның бұрынғы, қазіргі басшылығының іскерлігінің арқасында 2022 жылдан бастап Бәйтерек облыстық бюджеттің доноры, яғни өңір экономикасының драйверіне айналды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды Еңбек адамы жылы деп жариялағаны белгілі. Мұндай мәртебеге лайық жандар ауданда аз емес, – деген Қайыржан Ермекұлы Бәйтеректің дамуына айтулы үлес қосқан тұрғындарға облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

04A2E24B-2840-46FA-9DA0-3E902A649042

Облыстық бюджеттен 2023-2024 жылдары санитарлық аутокөлік сатып алуға 150 млн теңге бөлінген болатын. Сол қаржыландыру есебінен аталмыш ауданға былтыр төрт «Соболь» аутокөлігі алынса, биыл да тап сондай төрт көлік  алынған еді. Облыс әкімінің орынбасары сол төрт көлікті де тарту етті. Су жаңа «Жедел жәрдем» көліктері Махамбет, Макаров, Январцев, Сұлукөл ауылдық округтеріне берілді.

Сұлукөл ауылы медпунктінің фельдшері Дана Қисметованың айтуынша, «Жедел жәрдем» көлігінің жоқтығы ауылдағы ағайынға қиындық тудырып келеді. Әсіресе, түнде, көктем мен күзгі лайсаң күндері, қыс мезгілдерінде ауылдың шетінен шақырту түскенде науқастардың үйіне жету оңай емес.

Енді осынау жаңа көліктің көмегімен медициналық жәрдемнің барынша тез әрі сапалы көрсетілетініне сенім мол.

2467D560-8510-4371-A55E-305E9D2DD829

Іс-шара аясында болған ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды түліктер көрмесі және агроөнімдер жәрмеңкесі де көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар қолөнер көрмесі мен гүлдер фестивалін тамашалаушылардың да қатары қалың болды. Мерейтойға орай ұйымдастырылған қазақ күресі, көкпар, арқан тартыс, асық және садақ ату секілді ұлттық спорттық ойындар тартысты өтті.

DE9768C6-09E5-473D-97DC-94C0E71088AE

Халықтық думан кешкілік аудан орталығындағы «Олимп» стадионында танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен гала-концертпен және мерекелік жұлдызжауынмен түйінделді.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале