16.05.2024, 10:15
Оқылды: 110

Бақтығали Ахметов: «Дүмше дәрігерлерді жарылқамау керек»

Елімізде денсаулық сақтау саласына жыл сайын қыруар қаражат бөлініп, өңірлерде жаңа емдеу мекемелері ашылып, заманауи жабдықтар сатып алынуда. Десе де қызмет көрсету сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылар уәж әлі де азаяр емес. Тұрғындар емханалардағы кезекке шағымданып, кей дәрігердің қабылдауына кіру үшін берісі екі-үш күн, әрісі айлап жүретінін айтады. КТ және МРТ аппараттарына түсу, порталға тіркелу үшін жолдамаларды да ұзақ күтуге тура келетініне шағымданады. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасын ұзақ жыл басқарған, медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметовпен саладағы жиі айтылатын кемшіліктер мен оның алдын алу жолдары төңірегінде тілдескен едік.

b9f2b6a9-8751-41a5-ac47-e9cb75ac4166

– Бақтығали Ахметұлы, қатардағы дәрігерден облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына дейінгі қызметті абыройлы атқардыңыз. Сұхбатымызды еңбек жолыңыздан бастасақ?

– Ақтөбе қаласындағы ме­дициналық институтты бітіргеннен кейін мені жолдамамен Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылына жіберді. Кейін көп уақыт өтпей хирург қажет деп табылатын Казталов аудандық ауруханасына ауыстырды. Ол жерде уақытпен санаспай еңбек еттік. Бұл аурухана өзімді хирург ретінде жетілдіруіме, тәжірибе жинақтауыма көп септігін тигізді. Кейін Жымпиты ауданында үш жыл дәрігерлік қызметімді жалғастырдым. Сол уақытта аталмыш ауданда алғаш рет жедел жәрдем стансасын аштым. Аудандық ауруханада соқырішекке ғана емес, сонымен қатар жатырды, көкбауырды, ішек резекциясын алып тастау және тағы басқа ағзаларға күрделі оталар жүргізіле бастады. Жергілікті тұрғындар мені білікті хирург ретінде танып, құрмет­теп, сыйлайтын. Кейін әскер қатарына шақыртылып, Түркіменстанның дивизиялық ауруханасында, сондайақ Орта Азия әскери округінің бөлімшесінде хирург болып қызмет еттім. Әскерден оралған соң облыстық клиникалық ауруханада бірінші санатты хирург болдым. Одан соң бұрынғы Камен, қазіргі Тасқала ауданына бас дәрігер болып бардым. Бес жыл еңбек еткенде аудандық ауруханадағы төсек орындар санын 50-ден 120-ға дейін ұлғайтуға қол жеткіздік. Ауданда 12 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 120 төсек орны бар жаңа аудандық аурухана ашылды. Тасқала ауданының сол кездегі әкімі Сатқали Сапаров денсаулық сақтау саласын қолдап, бі­лікті кадрларды жұмысқа шақырды. Ол кезде коммунистік партия мүшесі болсаң, партия жұмысқа қайда жіберсе, сонда баруға міндеттісің ғой. Кейін облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалдым. 1976 жылы ақпанда Орал қаласына отбасыммен көшіп келіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығына дейінгі қызметтерді атқардым.

– Сіз қызмет еткен жылдары жауапсыз медицина мамандарын қатаң жазалаған екенсіз. Дәрігерлердің біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру бағытында қандай ұсыныс айтар едіңіз.

– Бірде мынандай оқиға болды. Есім-сойын атамай-ақ қояйын, бұрынғы Аңқаты совхозында жеті жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог жатырдан тыс жүктілігі бар әйелді ауруханада екі күн ұстаған. Оған өзі де ота жасай алмаған және Орал қаласына уақытында жеткізбеген. Соның салдарынан жатырдан тыс шарана шіріп, инфекция процесі басталып, сепсис (ірің) пайда болған. Ақыры әлгі келіншек қайтыс болды. Алқа отырысында дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды. Кейін біраз уақыт өткен соң сол ауруханадан облыс орталығына тағы да хәл үстіндегі жас келіншек түсті. Белгілі болғандай, бұған да ота жасаған сол акушер екен. Жасанды түсік отасын жасап жатқанда жатырын тесіп жіберген. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін, амал жоқ, жатырын алып тастауға тура келді. Осылайша, 18 жастағы жас қыздың өмірін сақтап қалдық, бірақ ол ана болу қабілетінен мәңгілікке айырылған еді. Сотқа шағым түсті, бірақ прокурорлар дәрігерді айыптаудан бас тартып, істі кері қайтарды. Содан кейін біз қызметтік алқаны жинап, тергеу жүргіздік, дәрігердің кінәсін анықтадық. Нәтижесінде іс қайта қаралып, әлгі біліксіз дәрігер төрт жылға сотталды. Тағы бір жағдайды айта кетейін. Жаңақала ауданында медициналық көмек көрсетілмеген екі бала қайтыс болды. Оқиға былай болған. Аудандық ауруханаға балалардың ата-анасы хабарласып, дәрігер шақыртады. Аудандық аурухананың бас дәрігері болса, «Мен педиатр емеспін» деп алғашқы көмек көрсетуге бармай қалады. Фельдшер барып, алғашқы көмек көрсетеді, алайда сәбилерді құтқара алмай қалады. Содан аталмыш ауруханаға арнайы барып, «Фельдшер колледжде екі жарым жыл оқиды, ал дәрігер университетте алты жыл оқып, жоғары біліктілікті маман болып шығады. Тұрғындарға алғашқы медициналық жәрдемді көрсетпесең, неге дәрігер болып отырсың?» деп қызметтік тексеріс жүргіздік. Ақыры сол ауданның бас дәрігері де қызметіне салғырт қарағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айрылды. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бастамасымен дәрігерлерді соттаған жалғыз облыс болдық. Мен дәрігерлердің жауапсыз әрекеттерін қылмыс деп санадым және олар міндетті түрде жазалануы тиіс еді.

– Бақтығали Ахметұлы, облыстық денсаулық сақтау жүйесінен бір кісідей хабары бар сала ардагері ретінде қазіргі медицина саласындағы олқылықтарға тоқталсаңыз.

–  Мәселен, көз дәрігеріне қаралу үшін, алдымен, емханада учаскелік дәрігерге кезекке тұру керек, ол көз дәрігеріне жолдама береді, порталға тағы кезекке тұрасыз. Жуырда еліміздің денсаулық сақтау министрі бұл тәртіпті жеңілдетті, бірақ бәрібір дәрігерлерге тікелей барып қаралуға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы сапаны бақылау, дәрігерлерді оқыту және кадрларды іріктеу бойынша жұмыс істеу қажет. Жеке медициналық ауруханаларды тексеріп, бақылау жүргізу керек. Стационарларға, тіпті ақылы клиникаларға науқастар түскен жағдайда дәрігерлер ол адамды белгілі бір ауруы бойынша хаттама негізінде емдеп қана қоймай, созылмалы сырқаттарын да есепке алып, ем-дом тағайындауы тиіс. Кеңес заманында үш жасқа дейінгі бала ауруханаға түскен кезде анасын да міндетті түрде тексеріп, созылмалы сырқаттары болса да емдейтін. Ал бізде қалай? Осыдан екі жыл бұрын сыныптасымның жұбайы неврологиялық дертіне байланысты жеке ауруханаға түсіп, 12 күн жатып емделіп шықты. Содан бір жарым айдан кейін өкпенің қатерлі ісігінің дамыған сатысынан қайтыс болды. Бұл қалай сонда? Адам ауруханада жатып емделді. Ал дәрігерлер ағзасындағы қатерлі ісіктің белгілерін, дәм-тұзы таусылуға таяп қалғанын білмей тұр.

Қазір Орал қаласында жеке кабинеттер мен клиникалар көбейді. Жеке кәсіпкер лицензия алады да, халыққа қызмет көрсетеді. Олардың қызмет сапасын ешкім тексермейді. Дәрігерлердің біліктілігі жете ме, оны да қадағалап жатқан ешкім жоқ.

Ал денсаулық сақтау басқармасы жеке ауруханалар мен клиникаларды, стоматологиялық кабинеттерді тексеруге заң бойынша құқы жоқ. Лицензияны беретін де, қызмет сапасын тексеретін де – ҚР Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті.  Алайда аталмыш мекеме тұрғындардың арыз-шағымы болған жағдайда ғана тексереді. Дұрысында, жеке клиникаларға лицензия бергеннен кейін қадағалау керек. Тағы бір мәселе – емдеу протоколында. Дәрігерлер науқасқа протокол бойынша ғана дәрі жазып береді. Протоколдан тыс дәрі-дәрмек тағайындаса, айыппұл төлейді. Ол дәрі науқастың ағзасына жаға ма, жақпай ма, маңызды емес, әйтеуір, протоколда жазылса болды. Бұл дегеніңіз ақ желеңділердің клиникалық ойлауына, соған сәйкес ем-дом тағайындауына шектеу деп білемін. Қарапайым сипаттама, рентген немесе ультрадыбыстық талдау негізінде диагноз қою мүмкін емес. Дәрігер науқастарды мұқият тексерген соң диагноз қоюы шарт. Қазір көп жағдайда ақ желеңділер аппараттарға түскен көрініс (снимок) бойынша диагнозын айтады. Ойымда жүрген тағы бір ұсыныс, медициналық жоғарғы оқу орындарында коммерциялық бө­лімшелер мүлдем болмауы керек. Қазір еліміздегі медуниверситеттерде қатардағы менеджерлерді дайындайды. Онда білім алған менеджерлер ауруханаларда бас дәрігер болып тағайындалуда. Аурудың клиникасын білмейтін маман қалай бас дәрігер болады? Дәрігерлер ұжымын қалай басқарады? Міне, сұрақ.

– Бақтығали Ахметұлы, қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы жиі ауысады. Саланы оңтайландыру, жаңа технологияны енгізу бағытында жаңашылдық енгізіп үлгеретіндер де, салаға енді-енді сіңе бергенде қызметі ауысып кететіндер де бар. Сіз басшылық қызмет атқарғанда қандай жаңалықтар енгізіп едіңіз?

– Дұрыс айтасыз, кез келген басшы өз бастамасымен салаға жаңалық енгізу керек. Облыстың бас дәрігері болған кезде менің бастамам бойынша сол кездегі «Қазсельхозтехника» мекемесінің құрамындағы «Нива» шипажай-профилакториясының базасында оңалту орталығы ашылды. Бұл инфаркт алған науқастарды оңалтуға арналған республикадағы алғашқы оңалту орталығы еді. Бұған облыста қайталанатын инфаркттен қайтыс болатын тұрғындардың көптігі себеп болған еді. Сауатты оңалту іс-шарасын жүргізсек қана науқастардың өмірін ұзарта алатынымызды ұғындық. Оңалту орта-лығын ашу мәселесі бірден шешілмеді, бірақ бұл бастаманы сол кездегі облыстық комитеттің бірінші хатшысы Мұстақым Ықсанов қолдағаннан кейін ғана оңынан шешілді. 30 орындық оңалту орталығы арнайы медициналық жаб­дықтармен жабдықталды.

Нә­тижесінде инфаркттен қайтыс болатындар саны азайды, ал нау­қастардың ден­саулығы қалпына келтіріліп, олардың 93%-ы жұмыс орын­­дарына оралды. Егер бұрын күрделі инфаркт алған науқасқа аурухана парағы 180-200 күнге ашылса, оңалтудың арқасында біз оны 120 күнге дейін қысқарта алдық. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бастапқыда се­німсіздік танытты. Науқастардың ауру тарихын зерттеу үшін Мәскеуден Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері келді. «Нива» шипажайында кеңес өтті, онда олар біздің тәжірибемізді тыңдап, оны бүкіл одақ деңгейінде озық деп таныды. Сол жылдары Орал қаласында жеке кардиологиялық аурухана ашылды, бұрын Алматы мен Қарағанды қаласында ғана болатын. Жаңа экономикалық механизм енгізілді, ол жұмсалмаған қаражатты денсаулық сақтаудың басқа бағыттарына қайта бөлу мүмкіндігін берді. Бұрын тұрмыстық шығындарға, материалдық-техникалық әлеуетті жақсартуға, дәрі-дәрмектер сатып алуға белгілі бір қаражат бөлінеді де, сол қаражат соған ғана жұмсалуы тиіс еді. Басқа да медициналық қажеттілікке пайдалану мүмкін болмайтын. Бөлінген ақшаны тиімді, үнемді пайдаланып, білім-білігімен көзге түскен немесе сәтті жүргізген отасы үшін медицина қызметкерлеріне сыйақы төлей алатын деңгейге жеттік. Санитарлық көліктерге арналған жанармай құю стансасы бар жөндеу аутобазасы салынды. Мұнда «Жедел жәрдем» көліктері жөнделетін. Сондай-ақ республикадағы үшінші диагностикалық орталық Орал қаласында ашылды. Бұдан басқа медициналық мекемелер ішінде азды-көпті жаңалықтар енгізілді.

Айтарым, ақ желеңділер науқастың диагнозын кездейсоқ түрде анықтап немесе «жай ғана ем» жүргізе салуға тырыспауы қажет. Ең алдымен, заманауи диагностиканың әдістерін меңгерген білімді маман болуы керек. Олар емдеу әдістерін  анықтаған кезде науқасқа пайдалы жағын ойлауы тиіс.  Адам өміріне жауапты болғандықтан, олардың қате жі­беруге құқығы жоқ. Сатушының немесе тігіншінің қателігін түзетуге болады, алайда  дұрыс диагноз қойылмай ем жүргізілсе, ота жасау барысында хирургтың қолы дұрыс қимыл жасамаса, әрбірден соң науқасқа немқұрайлық білдіретін болса, онда адамның өмірі үзіліп кетуі  мүмкін. Сондықтан дәрігер кез келген науқастың алдында жауапкершілікті сезінуі керек, болмаса адам өлімімен аяқталған отаға тексеріс жүргізіліп, егер ақ желеңділер тарапынан салғырттыққа жол берілсе, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс. Сонда ғана медициналық қызметтің сапасы артады.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале