18.09.2023, 12:30
Оқылды: 19

Бақыт биігіндегі мерейлі жылдар: Асхат Сәлімұлы 70 жасқа толды

9F63DF89-C6AE-4CF3-91E1-6064BA7978C6
Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Асқар таудың аласармай, жағасындағы құрақтың жайқалып өсуі үшін бауырындағы бұлақтың қайнар көзінен сусындауы қажет. Ұрпағының жапырағын жайып, тереңге тамыр тартқызып, шаңырағына шаттық сыйлайтын еңбегі өлшеусіз аналарымыздың бірін көрудің сәті түскен еді.

Осыдан біраз жыл бұрын жүзінен қуаныштың оты жанған, жүрегінен жылу төгілген, тоқсанның төріне шыққан Сәлима әжеміздің нұрлы жүзін көргенде, бақыттың бастауы – отбасына бақыт сыйлаудан деп ұқтым.

Балаларын бақытым деп бағалаған әжеміз бес бала тәрбиелеп, үш ұл, екі қыздың анасы атанған.

Бүгінде олардың өз отбасы бар. Сәлима әжеміздің ұлдарының кенжесі Асхат Сәлімұлына деген ерекше ықыласы әр сөзінен байқалып тұратын.

Осындайда қазақтың дүниетанымындағы кенже ұғымның ерекшелігі айқын сезіледі. Сол кездерде тоқсанға таяған әжеміз алпыстан асқан Асхат ағамызға әлі балаша мейіріммен қарайтын.

Әке мен ананың, бауырларының бел ортасында өскен Асхат Сәлімұлының да балалық бал дәуренінен бүгінгі белесіне дейінгі ғұмыры асқақ арманнан бастау алған.

Ал әулетте балаларының азамат болып қалыптасуына көп жылдар ішкі істер органдарында жемісті еңбек еткен әкенің үлгі-өнегесінің ықпалы орасан зор болған. Өз борышы мен өмірлік ісі қоғамдық тәртіпті сақтау деп түсінген әке ең жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсете білген.

Жанұяда айлап әкесін көрмеген балалар барлық жағынан әкесіндей болуға еліктейді, армандайды.

Ішкі істер органдары қызметкері еңбегінің ерекшелігі ешқашан уақытпен өлшенген емес. Бос уақыты бола қалған жағдайда оны толығымен балаларына арнап, бала тәрбиесін назарынан тыс қалдырмаған.

D96BE15F-FC95-4F99-89FC-B2E48CFA6D1A

Арының тазалығы үшін халқы қастерлеген Асхат Сәлімұлының әкесі Сәлім өз қара басының қамын ойлаған емес, өз балалары үшін де ешқандай жеңілдіктер көздемеген екен. Керісінше, ол балаларын шынықтыра білген, өмірге даярлап, іскерлікке, еңбексүйгіштікке, оның ішінде дене еңбегіне тәрбиелеген, жанұяда балаларды дене еңбегіне баулуға тырысқан.

Асхат Сәлімұлының болашақ валеология саласын таңдауына да отбасындағы әке салған сара жолдың әсер еткендігін мерейлі жас қарсаңында баспасөз беттеріне берген бір сұхбатында айтқан болатын.

Асхат Сәлімұлының дене тәрбиесін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда әртүрлі ғалымдардың ғылыми тәжірибелерін ескерудің өте өзекті мәселе екендігін түсінуі, оның валеология ғылымына қызығушылығын арттырады.

Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, білім мен ғылымды қуалайды. Жылдар өте ізденістің, қабілет-қарымның арқасында шеберлігі дамып, ғылым жолына ғұмырының рухани азығына, қызығы мен шыжығына айналған білім беру саласында қызмет атқарады.

Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтерілетіні анық. Еліміздің білім беру ісіне, ғылымы мен ағарту саласына үлес қосқан ғалым-педагог Асхат Сәлімұлының қаламынан 200-ге жуық ғылыми мақаласы мен танымдық-тағылымдық маңызы зор зерттеулері мен оқулықтары жарық көреді.

Ғалым-педагогтың ғылыми бағыттың және педагогикалық валеологияны алғаш рет зерттеушілердің бірі ретінде 1999 жылы қорғаған диссертациясы Қазақстандағы педагогика ғылымына қосылған үлесі болды. Ол Қазақстанда алғаш рет докторлық деңгейде қорғалған ғылыми-зерттеу еңбек болатын.

Ғалым-автор республикада валеологиялық көзқарастың қалыптасуына ерекше әсер еткен: «Валеологиялық білім берудің мазмұны», «Педагогикалық валеологияны дамыту», «Валеологиялық білімнің қажеттігі туралы», «Кәсіби- валеологиялық білім беруді дамыту» атты еңбектер мен қазіргі күннің талаптарына сәйкес валеологиядан электронды оқулықтар дайындайды. Жылдар өте педагогика ғылымы саласында мамандар санын арттыру мен осы ғылым бағытына жас ғалымдарды тартуды мақсат етіп, бірқатар жұмыстар атқарды.

Асхат Сәлімұлының ғылыми жетекшілігімен бірнеше аспиранттар мен ізденушілер, магистранттар ғылым жолына қанаттарын қақты.

Бұған дәлел Асхат Сәлімұлының тікелей бастамасымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ұйымдастырылуы.

Ғалымдық пен басшылықты қатар тізгіндеген Асхат Сәлімұлы батыс өңіріндегі іргелі оқу орны М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды.

2011 жылдан бастап университетте баспасөз қызметі бөлімін ашқан болатын. Мен осы бөлімде он жылға жуық қосымша қызмет атқардым. Одан кейінгі уақытта да университет ректорының баспасөз қызметінде қосымша жұмысым жалғасты.

Бұл бөлімде жұмыс жасауым менің негізгі жұмысыма кедергісін келтірмеді. Не сабақ қалдырып, не ғылымнан алыстатпады. Бәріне үлгеруге тырыстым. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алған соң, әу бастан жазу-сызуға деген қабілеттің болары айқын. Бұл жұмысты қосымша атқарып жүріп, журналистік қабілетімді шыңдауға септігін тигізді. Республикалық үлкен басылымдарға жолданған мақалалар тексерусіз өтіп жүрді.

Кез-келген тақырып бойынша тееарналарда сөйлеуге дайын жүресің, әсіресе сұхбаттар бергенде, ешкім болмаған жағдайда өзің сұхбатты да бере бересің. Жақсы адамдар туралы ой жүрсе, тезірек жазып, басылымдарға естелік мақала беру әдетке айналды. Бұл жұмыс та мен үшін бір ұстаздай болды. Қазір ойлап қарасам, әр қиындық, әр жағдаят жақсы түсінген жан үшін ұстаздық қызметтің рөлін атқаратынын ұқтық. Асхат Сәлімұлын осы қызмет барысында жете тани түстім.

Кейін менің жазып берген қағаздарымда бір түзету болмайтын. Бұрыннан әр тапсырманы тез жасауды әдетке айналдырған мен үшін еш қиынға соқпады.

Ағай бір тапсырма бергелі жатқанда, алдын-ала біліп, орындап алдына қоя салатынмын. Ағайдың көзге көріне бермейтін қатаңдығы да болатын. Өз жұмысына жаупкершілікпен қарап, тапсырманы жай деңгейде орындай алмайтын мен үшін ол қатаңдық маған білінбеді. Ағай басшылық жасаған уақытында өткен республикалық, халықаралық деңгейдегі үлкен шараларда танымал ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдармен кездесудің бел ортасында жүріп, жақсы кездесулерде ұйымдастыру бағытында тәжірибе жинадық, елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болған жақсы жандардың батасын алудың да сәті түскен. Бүгін сол емен жарқын сәттердің естеліктері еске түсіп отыр.

Асхат Сәлімұлы туралы қызмет бабында мерейлі жас қарсаңында бірқатар мақалар жазылары айқын, басылым беттерінде жарияланды да. Ағаймен қызметтес болған жылдардан есте қалған жақсы сәттермен бөліскім келді.

Бүгінде педагог-ғалым, ел таныған азамат, білікті басшы, немерелерінің сүйікті атасы, әулетінің жапырақ жайған бәйтерегіне айналған Асхат Сәлімұлы Иманғалиев 70 жасқа толды.

Ұл мен қыз өсіріп, бағым деп бағалап, бақыт тілеп отырған от анасы, осы әулеттің шаңырағын берік нығайтып, биік белеске шығаруда мерейлі жас иесі Гүлшат Қажыкенқызының қосқан үлесі зор.

Ұл мен қызынан немере-жиен сүйіп, тәтті қылығына бөленген Асхат Сәлімұлы үшін бұл мерейлі 70 жыл – елеулі еңбек пен қажырлы қайраттың, жемісті жетістік пен жеңісті сәттердің, шаңырақ шаттығының мерейлі де мерекелі жылдары.

Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале