12.03.2022, 13:00
Оқылды: 232

Бала тәрбиесімен қай кезден айналысқан дұрыс?

Дәл осы сұрақ оқырмандарымыздың көпшілігін мазалайтыны анық. Осы сұраққа психоаналитикалық бағыттағы психолог Ботагөз Тасеменова жауап береді.

158C0CA3-27C7-49F0-BD76-83D494E0753A

– Бұл сұрақ болашақ ата-ана болуға дайындалып жүрген жұбайларды көбірек мазалайтын болар. Негізінен қазақ халқы бала тәрбиесінің құрсақта басталатынына баса назар аударған. Сондықтан айналасындағылар жас келіннің көңіліне қарайлап, тек жақсы сөздер айтуға тырысқан. Өйткені жас ананың көңіл күйі, ішер тамағы, тіпті киер киімі де болашақ сәбиге әсер ететінін әу бастан-ақ білген ғой. Анасы қуанса, бала да қуанады, ашуланса, ол да ашуланады. Жас ана жерік асын мейірі қанып жемесе де, баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайда болашақ ана дәрігерге қаралып, анализ тапсырып, қандай дәрумен жетпейтінін анықтап алуы керек. Әке-шешесі сәби дүниеге келген күннен бастап бар мейірімін төге білгені дұрыс. Ата-ананың басты  мақсаты – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дамуына мүмкіндігінше барлық жағдай жасау.

Әр ата-ана бөбегіне сәби деп қарамай, былдырлап сөйлей бастағаннан-ақ оның былдырына назар аударып, сөйлесе білудің маңызы зор. Нәрестеге екі-үш айлық кезінен-ақ кітап оқып берген артық етпейді. Осы кезден бастап олар дыбысты ажырата алады. Қазір тілі кеш шығатын, дұрыс сөйлей алмайтын балалар көбейді. Өйткені ата-аналардың көпшілігі «Ол ештеңе түсінбейді» деп бөбегімен сөйлеспейді. Негізі сәбидің екі жасқа дейін ересек адамнан естіген сөздері оның болашағына әсер етеді.

Сондықтан баланың әр сұрағына байсалды жауап беріп, оның санасына жылы сөздерді сіңіре беру керек.  Бала ойын арқылы жетіледі. Ата-ана баласына тән ерекшеліктерді байқап, тәрбиені соған қарай бағыттағаны жөн. Егер бала гиперактивті, эмоционалды болса, оған көбірек қозғалуға көмектесу керек (жүгіру, секіру, өрлеу). Себебі бойындағы эмоцияны осылай шығарады. Сондай-ақ балаға «Болмайды!», «Тиме!», «Қой!» деген тыйым сөздерді айта бермей, себебін түсіндіру жағы жетіспей жатады бізде. Жалпы тәжірибеде байқағаным, перзентін тәрбиелемес бұрын ата-аналар алдымен өзін тәрбиелеуі шарт.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале