30.09.2026, 13:00
Оқылды: 0

Бала жанының жаршысы

Қазақ балалар әдебиетінің бәйтерегі, көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қастек Баянбайдың туғанына биыл 90 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға орай Орал қалалық кітапханалар жүйесінде «Қастек Баянбай әлемі» атты әдеби апталық өткізілді.

WhatsApp Image 2026-09-30 at 13.08.15
Апталық аясында ақын мұрасын насихаттайтын танымдық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды:
«Қастек Баянбай – лирик ақын» поэзиялық коворкингі: Студенттер поэзия мен лирика жанрының табиғаты төңірегінде ой қозғап, ақынның адамгершілікке, сөз мәдениетіне, өмірлік құндылықтар мен қазақы қонақжайлылыққа арналған философиялық және терең мағыналы туындыларын бірге саралап, пікір алмасты.
«Күлеміз, оқимыз, ойлаймыз: Қастек Баянбай әлемі» әдеби сағаты: Оқырмандар Қ.Баянбайдың өмір жолымен танысып, шығармалары бойынша әдеби викториналарға қатысты.
«Өлеңі өрнекті, сөзі суретті» портреттік кеші: Оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Балалар бағбаны» көрме-инсталляциясымен танысты.
«Ойынменен ой бөліс» әдеби квесті: Оқырмандар арнайы аялдамалар бойынша саяхат жасап, өлең-жұмбақтарды шешіп, логикалық тапсырмаларды орындады.
«Жырлайды балалық шақ» жыр бәйгесі: Жас өрендер туған жер мен балалық шақ тақырыбындағы өлеңдерді оқудан бақ сынасты.
Айта кетейік, Қастек Баянбай – балалардың жүрегіне жол таба білген шын мәніндегі бала жанының бағбаны. Мерейтойлық апталық жас оқырмандардың кітапқа, өз ана тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттырып, ақынның мол мұрасын жаңғыртқан тағылымды шара болды.

Қастек Баянбай 1936 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Өз естеліктерінде ақын: «Менің балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Біз бала болмадық, ерте есейдік. Сондықтан мен кейінгі балалардың бақытты, уайымсыз күлгенін қаладым, солар үшін жаздым», – деп ағынан жарылған.
Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, еңбек жолын 1960 жылы бастаған. 1971–1995 жылдары «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында бас редактор, сондай-ақ «Балауса» баспаларында қызмет істеп, «балаға тек қана жақсы кітап шығаруымыз керек» деген ұстаныммен еңбек етті. Ақынның ұсынысымен әрі басқаруымен «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен 25 томдық кітап және «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» жарық көріп, іске асты.
Балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында автордың қаламынан «Атай неге солақай», «Қолшатыр көтерген он батыр», «Тәтті сабақ», «Бір қоржын жаз», «Асар» сияқты отызға тарта кітап туды. Орыс тілінде шыққан «Богатыри под дождем», «Зайчик в очках», «Юрта» сияқты еңбектері республикадан тыс жерлерге де кеңінен тарады. Сондай-ақ туындылары орыс, украин, өзбек, болгар, әзербайжан тілдеріне аударылған.

WhatsApp Image 2026-09-30 at 13.08.15 (1)
Ақынның өлеңдері мектеп оқулығына енгізілсе, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген. Сұлтан Қалиұлы айтқандай: «Қастек Баянбаев – қатардағы балалар ақыны емес, алдыңғы қатардағы санаулы топтың қатарындағы қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілі».

Гүлнұр Алғазы
Орал қалалық кітапханасы
жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале