23.10.2023, 11:45
Оқылды: 55

Балаға ақша үнемдеуді қалай және қашан үйрету керек?

Адамда ақшаны жинау және жарату әдеті бала кезінен қалыптасады. Баланың болашақта табысты болып-болмауы бүгін алатын білімі мен дағдыларына байланысты. Сондықтан да қаржылық сауаттылық өте маңызды. Балаға ақшаны тиімді пайдалануды қашан және қалай үйрету керегін fingramota.kz басылымы анықтап көрді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балаға ақша пайдалануды қанша жастан бастап үйрету керек?

Басылымның мәліметінше, баланың ақшамен таныстығын ойын түрінде бастау керек. Мұндай ойынның түрі көп. Мысалы:

Бала 3-4 жасқа толғаннан бастап одан ақшаны түсі әртүрлі кесеге салуды өтініп, түрлі монетаны тануды үйретуге болады. Мысалы, бала номиналы 100 теңгелік монетаны - қызыл, 50 теңгені – жасыл, ал 20 теңгені – жасыл кесеге салсын. Кейін қызыл кеседегі ақшаға ойыншық, жасыл кеседегі ақшаға балмұздақ сатып алуға болатынын түсіндіру керек.

ЖП ақша 2
Тағы бір нұсқа – монета іздейтін ойын ойнау. Әртүрлі монетаны қағазға қойып, қаламмен айналдыра сызыңыз, нәтижесінде шеңбер пайда болады. Содан кейін монеталарды араластырып, балаға оларды тиісті көлемдегі шеңберге қоюға мүмкіндік беріңіз. Қандай шеңберде құндылығы төмен және жоғары монеталардың бар екенін түсіндіріңіз.
Баламен дүкен ойынын ойнаңыз. Үстелдің үстіне әртүрлі тауарды қойып, олардың бағасын жабыстырыңыз, содан кейін кімнің сатып алушы, ал кімнің сатушы болатынын шешіп алыңыздар. Қалауыңызша кішігірім ойыншық касса немесе ойыншық ақша (теңге, еуро және доллар) сатып алуға болады.

Балаға қай жасынан бастап күнделікті жұмсайтын ақша беруге болады?

Қаржы сарапшылардың айтуынша, балаға күнделікті жұмсау үшін ақшаны 6-8 жастан бастап берген дұрыс. Сонымен қатар, балаға дүкеннен өзі сауда жасауды үйретіңіз. Балалар ерте жастан бастап үлкен адамдарды мұқият қадағалап, үлкеннің түрлі затқа, оның ішінде ақшаға деген қарым-қатынасын қайталайды. Сондықтан ақшаны дұрыс пайдалануды іс жүзінде көрсеткен дұрыс. Мысалы, баламен бірге дүкенге барып, тауарлардың бағасымен таныстырыңыз. Кейінірек оған өзі сауда жасауды үйретіңіз. Оның таңдаған затын сынаудан аулақ болып, керісінше, отбасы бюджетін дұрыс жұмсағанына оны мақтаңыз.

Балаға болашақта сатып алатын бірнеше затты таңдауға мүмкіндік беріңіз. Қажет соманы жинау үшін қанша уақыт керек екенін бағалауына көмектесіп, мақсатына жету үшін бала әр аптада немесе айда белгілі бір конвертке ақша салып жүрсін. Соңында, осындай пайдалы әдет қалыптастыру мақсатында баланың қалаған затын әперудің маңызы өте зор.

Балаға берілген ақша оның жеке иелігінде қалсын. Дегенмен, оның өз қаржысын қалай жұмсайтыны, яғни белгілі бір затты қазір сатып алатыны не қомақты нәрсе алу үшін өз ақшасын әрі қарай жинайтыны туралы әңгімелесуге болады.

Ал орта мектеп жасындағы балаға (10-14 жас) отбасылық бюджетті қалай жұмсау керегін түсіндірген жөн, оны тікелей үй қаржысына араластырған абзал. Таза параққа жалпы отбасылық кірісті бір цифрмен жазып, осы сомадан пәтер шығынын, отбасындағы қарыз немесе несие сомасын алып тастаңыз. Әрі қарай қалған сомадан азық-түлік шығындарын, қажетті киім-кешек сатып алуды, ұялы байланыс ақысын, қоғамдық көлікті және көлікке кететін бензинді алып тастау қажет. Егер қандай да бір мереке немесе туған күн жақындаса, сыйлық сатып алу үшін оған да белгілі бір соманы бөліңіз.

Балаңызға, мысалы, барлық отбасы мүшесіне жаңа жылға сыйлық алуы үшін ақша беріңіз. Осылайша, сіз баланы бюджетті дұрыс құра білуге үйретесіз.

massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале