2.06.2022, 12:45
Оқылды: 105

Балақайлар бақ сынасты

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 30 мамырда шаһарымыздағы Жастар мәдениет үйінде «Ойнайық та ойлайық!» атты байқау өткізілді. Мектепке дейінгі ұйымдарда (мемлекеттік, жеке) тәрбиеленетін өзге ұлт өкілдеріне арналған жарысқа 3-5 жас аралығындағы 19 бүлдіршін қатысты.

4

Байқаудың мақсаты – бүлдіршіндерді ынталандыру және олардың талантын ұштау, баланың ой-қиялын, тілін, есте сақтау қабілетін дамыту, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру. Сайысқа Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №7 кітапхана филиалы меңгерушісі Айсұлу Ишимова, облыс орталығындағы №17 «Родничок» бөбекжайының әдіскері Венера Төремұратова, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы, магистр Наталья Алмағамбетова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева және ақын, журналист Марлен Мәлікұлы қазылық етті.

– Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында осындай іс-шараларды көптеп өткізу керек. Сүйкімді балақайлардың балдай тілі қашанда жанға қуаныш сыйлайды. «Қуантсаң, баланы қуант» демекші, біз әр кез бүлдіршіндерімізге жан жылуын төгуге тиіспіз. Үлкен кісілердің қолдауы оларға шабыт береді. Тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып жүрген бөбектеріміздің талай сайыстарда топ жаратынына сенемін. Облыстық жарысқа қатысып, көпшіліктің алдында өнер көрсету – балақайларымыз үшін үлкен ерлік. Ұл-қыздарына ақыл-кеңесін аямайтын ата-аналарға мың алғыс, – деген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау өте қызықты өтті. Бүлдіршіндер қазақ тілінде өлең оқып, санамақ айтып, суреттерге қарап әңгіме құрастырды. Әуелі қатысушылар үй тапсырмасы бойынша қысқаметражды бейнебаян (1-2 минут) арқылы өз-өзін таныстырды. Таныстырылымда бөбектердің қызығушылықтары, жанұясы, тәрбиеленетін ұйымы туралы мәліметтер айтылды. Сапалы суреттермен безендірілген видеоларды көрермен қызыға қарап, қолдап, қошеметтеп отырды. «Жырлаймын Отанымды», «Кел, санайық санамақ!», «Суреттер сөйлейді» кезеңдерінде де қатысушылар бар өнерін ортаға салды.

Байқау қорытындысында өзін «Мен ақылды балақай, Каратэге баратын, Суретті де салатын» деп таныстырған Орал қаласындағы №28 «Қарлығаш бөбекжайының тәрбиеленушісі Василиса Яремчук 1-орынды жеңіп алды. Қазақшаға судай Аңсар Роменский (Сырым ауданы, Бұлдырты ЖОББМ, «Мадс» бөбекжайы) мен санамақты әнмен айтқан Артем Смолов (№22 «Колобок» бөбекжайы) 2-орынға қол жеткізді. Жақсы өнер көрсете білген Арина Билалова (Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы №1 ЖОББМ мектепалды даярлық сыныбы), Юлия Пурахина (№27 «Жігер» бөбекжайы) және Арсений Колбанов (№14 «Колосок» бөбекжайы) 3-орынды місе тұтты. Жеңімпаздар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Басқа да қатысушыларға алғысхаттар мен түрлі ойыншықтар табыс етілді. Бүлдіршіндерді байқауға дайындаған тәрбиешілер де марапаттан құралақан емес. Оларға да сый-сияпат көрсетілді. Қазылар алқасы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале