8.07.2022, 15:15
Оқылды: 189

Балалар демалысы қалай ұйымдастырылуда? 

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен отырыста балалардың демалысын, бос уақытын ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан жұмыстар талқыға салынды.
Копия Изображение 008
Отырысқа комиссия мүшелері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері қатысты.
Копия Изображение 014
     Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, шілде айында қала сыртындағы 19 лагерьде – 1056, тамақтану ұйымдастырылған мектеп жанындағы 15 лагерьде - 214, тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде -17, бейіндік алаңдарда - 305, шатырлы төрт лагерьде 1225 оқушы демалуда. Қазіргі күнде 51 лагерьде 1882 бала демалып жүр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Түркістан, Сарайшық, Ресей федерациясының Волгоград қалаларына аудан-қалалардан барлығы 2126 оқушыға экскурсия ұйымдастыру жоспарлануда.
Копия Изображение 059
   Жаз мезгілінде 97 236 оқушы мектеп аумағындағы еңбекпен қамтылып, шығармашылық, спорттық-туристік, зияткерлік бағыттарында түрлі жұмыс атқаруды бастап кеткен. Балалар жылы аясында балалардың жазғы демалысы үшін демеушілік таныту жөнінде ірі кәсіпорындарға хат жолданған. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша 10 бала демеушілер есебінен демалуда. 2022 жылы жазғы демалысты ұйымдастыруға 45 111,0 мың теңге қарастырылған.
Жарақат неге азаймайды?
 Өйткені ата-ананың біразы баланы қараусыз қалдырады. Үйде тұрмыстық заттарды қолайсыз орналастыру,  зиянды, үшкір  (дәрі-дәрмек, ине, шеге) заттарды балаға қолжетімді жерге қойып кету, газ, электрсымдары, терезелердің ашық қалуынан бала жарақаты орын алып, кей жағдайда оның соңы қайғыға ұласып жатады.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айнаш Жұбаныштың мәлімдеуінше, жыл басынан бері алты ай ішінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының травмотологиялық  пунктіне 5084 бала жүгінген. Оның ішінде тұрмыстық жарақатпен - 1319, көше жарақатымен - 3324, жол-көлік оқиғасы - 108, мектептегі жарақат - 185, спорттық жарақат - 148.  Алты ай ішінде балалар ауруханасының жансақтау бөліміне 12 бала түскен.   Оның үшеуі уланса, екеуі бөгде заттарды жұтып қойған, ал алтауын күйік шалған. Жыл басынан бері алты бала тері жамылғысының ауыз қуысы және өңештің кілегей қабатының химиялық күйіктерімен стационарлық ем алды. Өңештің химиялық күйігі оның саңылауының  тарылуына, күрделі ота жасауға, кей жағдайда мүгедектікке алып келеді. Сондықтан ата-ана мүмкіндігінше баланы көзден таса қылмай, ерекше бақылауда ұстағаны жөн, - дейді мамандар. Өйткені балалардың күйіп қалу жағдайларының басым бөлігі үйде орын алған.
     Биыл Жаңақала, Казталов аудандарында трансформаторға соғылып, екі бала электрлік күйік алды. Күйік салдарынан төрт жасар балаға екі иықтың жоғарғы үштен бір бөлігінің ампутациясы жасалды. Балалар жарақатының ішінде биіктен құлаудан (көпқабатты үйдің терезесі) болған жарақат үрей тудырады. Жыл басынан бері бес айда 15 бала биіктен құлап, бас-ми, қаңқа сүйектері, ішкі мүшелер жарақатын алған. 2022 жылдың наурыз айында 10 айлық бала ойын-сауық орталығында анасының қолынан экскалатордан құлап, бас миының жарақаты салдарынан көз  жұмды. Биыл дәрілік заттармен уланған 58 бала жедел жәрдем көмегіне жүгінсе, 15 баладан бөгде дене (тиын, ұсақ ойыншық, ине, түйреуіш) алынған. Мамандар ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, абай болуға шақырады.
Психологтар мен педагогтердің жұмысы  неге жеткіліксіз?
    –    Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасау деректерін   ерте жастан анықтау бойынша психологтар мен педагогтердің жұмысы жеткіліксіз жүргізіліп  жатқанын атап өту қажет. Сондықтан білім басқармасына барлық білім беру мекемелеріне осы мәселені қайта қарауды ұсынамын. Сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде рейдтік іс-шаралар өткізу үшін білім беру ұйымдарының психологтары мен мұғалімдерінен, қоғам өкілдері мен полиция қызметкерлерінен бірлескен топтар құру қажет, - деді облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев.
    Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 34 қылмыс  тіркелген. Оның 25-і Орал қаласында, 4-еуі Теректіде, 2-еуі Бөрліде, Бәйтерек, Казталов, Тасқала аудандарында бір-бірден орын алған. Ағымдағы жылы балаларды тәрбиелеу жөніндегі өз міндетін орындамағаны үшін 132 адам жауапкершілікке тартылып, девиантты мінез-құлықты 63 жасөспірім ішкі істер құрылымдарына есепке алынған.
   Балалар демалатын орындарда өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуын қамтамасыз ету бойынша төтенше жағдайлар департаменті 6 демалыс орынына тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 32 бұзылуы анықталды.
  –   Биыл облыс аумағында 20 жағажай жабдықталған. Бұл жердегі қауіпсіздікті  әбден дайындалған 46  жасақ-құтқарушы қамтамасыз етеді. Шомылу кезеңінде төтенше жағдайларға ден қою үшін 72 құтқарушы, 22 жүзу құралы дайындалды. Бүгінгі күні 9 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылғанын атап өту қажет, –  деді  облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
    Балалар қауіпсіздігінің басты орында болу қажеттігіне баса мән берілген жиында  оқушылардың демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, қолайсыз отбасылардың балаларын назардан тыс қалдырмау жөнінде облыс әкімінің орынбасары тарапынан  тиісті мамандарға тапсырма берілді.
 – Балалар жылы аясында өз өнерімен білімімен танылып жүрген талантты балаларымызды насихаттауымыз керек.  Облыс әкімдігімен «Қауіпсіз  балалық шақ - 2022»  акциясын қолға алдық. Мақсатымыз - балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету.  Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қатысты  аудандық, қалалық комиссия тарапынан осы  жұмыстарға талдау жасалып, себеп-салдарын анықтаған  жөн. Балалар қауіпсіздігінің алдын алу бойынша әр салада тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, түрлі оқыс оқиғалар азаймай тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширату қажет. Ең бірінші баланың өміріне жауап беретін ата-ана оларды қараусыз қалдырмағаны жөн.  Осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек, - деді жиынды түйіндеген Бақытжан Хаберұлы.
Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Суреттердің авторы О.Каткова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале