5.12.2023, 10:45
Оқылды: 50

Балалар қауіпсіздігі: қазіргі жағдай қалай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін қазан айының басында Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес (төрағасы Динара Зәкиева) балалар өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ел аумағында һәм өңірлерде мониторинг жүргізу міндетін қойған-ды. Қарашаның соңғы күні «Amanat» партиясы БҚО филиалында сол мониторинг қорытындысына арналған алқалы жиын өтті. Онда алғашқы кезекте отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі облыстық кеңес төрайымы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Азима Ғұбашева тақырыптық баяндама жасады. Әр ата-ана бауыр етіне балаған бала тағдыры – атүсті қарай қоятын, яғни хаттамасын қатыра салатын іс емес қой. Содан да болса керек, әңгіме ашық айтылды.

аманат

Енді естіп-білгенімізді аз-мұз саралап, келтірілген дерек-дәйектердің бірқатарын тарқата кетейік. Айтпақшы, берілген тапсырма негізінде облыс бойынша құрылған 17 мониторингтік топтың (комиссияның) құрамына облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, аталмыш кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, түрлі мемлекеттік құрылым қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен қамқоршылық кеңес өкілдері, тағы басқа қоғам белсенділері тартылған. Осылайша өңірдегі 371 білім ұяларына (59-ы – қалалық  мектептер) жүргізілген тексеріс кезінде олардың сыртқы қоршауларына, ішкі баспалдақтағы (қабатаралық) қорғаныш-тіреуіштерге, сол маңдағы жол белгілеріне, жылдамдық тежегіштерге (жасанды кедергілер), шатырлар мен жертөле есіктеріне, бейнебақылау һәм өртке қарсы дабыл түймелерінің жайына, медициналық қобдишалардың жабдықталуына, ішкі-сыртқы әжетханалардың жарықтандырылуына, өзге де қауіпсіздік туғызатын жайларға баса назар аударылыпты.

Жиын тізгінін ұстаған Азима Зиннатқызының айтуынша, биылғы оқу жылының басынан білім ұяларына турникет жабдықтары қойылған. Десек те, оқушылардың сабаққа келгендігі туралы ата-аналарға хабар түсіру жүйесі толық жетілмеген және оны жөндеу жұмыстары қарастырылмаған. СТОП буллинг пен бала құқықтарын қорғауға арналған 111 желісі де кей жерлерде талапқа сай келмейді. Бұдан бөлек Орал шаһарындағы Зашаған және іргелес жатқан Барбастау, Круглоозерный, Деркөл (солтүстік-шы­ғыс бөлігінде) мектептеріндегі оқушы санының 2-2,5 есе көптігі қауіпсіздік ережелерінің сақталуына өз салқынын тигізуде.

– Жалпы сырткөз мектептің сыртқы қоршауынан-ақ біраз жайды  аңғарады. Әңгімені осыдан бастасақ, Орал қаласындағы №5, 9, 24, 34, 44 мектептер мен №15 зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың айналасында қолға алатын шаруалар жетерлік. Білім ошақтарына ортақ тағы бір кемшілік – спортзалдарының санитарлық-гигиеналық (ғимарат төбелерінің тозуы, жарықтандырудың әлсіздігі, қабырғалардың шытынауы, едендердің ескіруі) талаптарға сай келе бермеуі, қажетті құрал-жабдықтардың жет­кіліксіздігі не пайдаланылмай қоймаларда жатып қалуы. Кейбір шарбақтарда жартылай бұзылған бұрынғы жылыжай орындары жатса, терек бұтақтарымен керіліп тұрған жоғары кернеулі электр желілері де бар. Сонымен бірге Бәйтерек, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Сырым, Шыңғырлау аудандарында тозығы жеткен нысандардың көптігі байқалса, Карманов және Жаңақаладағы Д. Нұрпейісова, М. Мирманов атын­дағы орта мектептердегі электр сымдары әбден тозып біткен, қауіпті жағдайда десек болады. Әрі осындағы мектеп-гимназия іргесіндегі трансформатор қоршаусыз қалған. Облысқа ана­бір қашық емес, Раздольный мектебінің құрылысы толық аяқталмай келе жатса, Қаражар білім ошағы көмірмен жылытылуда. Соңғы екеуі Бәйтерекке қарайды. Тіпті бұл ауданда мүлде қоршаудан ада мектептер бар және бірен-саран емес... Ал Теректі ауданының Кемер ауылындағы білім ошағының атауы – Социализм. Бұған не дейміз, кім кінәлі?

Енді күзет қызметі – қауіпсіздіктің алдын алудағы негізгі құрылым. Сондықтан бұл жұмыстағы адамдардың жасы мен заманауи қондырғыларға бейімділігіне жі­ті мән берілуі тиіс, - деген Азима Ғұбашева Орал қаласындағы №3 мектеп аумағындағы Т. Масин мен Ш. Жексенбаев көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргінші жолын ауыстыру да кезек күттірмейтін міндеттердің бірі екенін ұмыт қалдырмады. Топ мүшелері бірлесе тұрғызған ұсынбаларын да тізіп берді. Онда келешекте не істеп, не қою қажеттігі тайға таңба басқандай көрініс тапқан. Құзырлы құрылымдарға (білім беру мен тиісті басқармаларға) жолданатын сол құжаттағы сын-ескертпелер бақылауға қойылатындығы да  ескертілді.

Келесі кезекте Бөкей ордасы (Н. Омарова), Тасқала (Л. Жұба­нышқалиева) және Қаратөбе (А. Зейнул­лин) аудандарындағы партия филиалдары жетекшілерінің қатысуымен жүргізілген мониторинг топтың есептері онлайн тыңдалса, жиын мінбесінен жеке мектептерді де көзтаса қалдырмау жайы қозғалды. Дұрыс-ақ! Бетін әрмен, қауіп-қатерді қайдан дерің бар ма?! Жасыратыны жоқ, мұндай кезде кейбір басқармадағы жау­апты тұлғалардың жаттанды сөздері «қарын аштырып» жібереті­ні бар ғой. Бұл жолы облыстық білім басқармасы орынбасарының орынтағына кеше ғана отырған Бисенбек Насимоллиннің өзін­дік ой-толғамдары, қолданыстағы кейбір заңнамалардың пайдасынан гөрі зардаптарының көптігі (әсіресе, тауарларды сатып алуға келгенде), оны талқылап, қабылдайтын да осы халықтың өкілдері екендігі, күш біріктіре әрекет етудің тиімділігі, сын айту – түйткілді түпкілікті шешпейтіндігі төңірегіндегі пайымдаулары көптің көңіліне жаққандай әсер қалдырды.

Өз кезегінде «АМАНАТ» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына қайыра тоқталып, бұл бойынша қаңтар айында қорытынды жиын өтетіндігін жиналғандар қаперіне салды.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале