2.06.2026, 18:00
Оқылды: 16

Балалар қауіпсіздігіне жаңа көзқарас

Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қазақстан – отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» атты республикалық флешмоб-акция бастау алды. Осыған орай Орал қаласындағы  Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің, ардагерлер ұйымдарының және құқық қорғау құрылымдары  өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

WhatsApp Image 2026-06-01 at 15.31.17

Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көмек көрсету, отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің өзара ісқимыл алгоритмдерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалинаның айтуынша, биылғы жыл «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» ұранымен өтуде.

– «Қазақстан – отбасындағы зорлық-зомбылықсыз ел» акциясының негізгі мақсаты –  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болған немесе одан зардап шеккен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайту, – деді ол.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Гүлнәр Қабулова әйелдер мен балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері туралы кеңінен айтып өтті. Орталықта негізінен тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетіліп,  педагогикалық, экономикалық  қолдау жасалады. Сонымен қатар орталық арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарға тегін әрі құпия түрде офлайн сипатта және телефон арқылы құқықтық және психологиялық кеңес береді. 2025 жылы Дағдарыс орталығынан 217 адам көмек алған.  Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында орталыққа 61 адам жүгінген.  Гүлнәр Қабулова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түптеп келгенде отбасының ыдырауына әкелетінін атап өтті. Оның айтуынша, балалар көбіне ата-анасының өмірлік үлгісін қайталайды. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Егер қыз бала анасының әкесінен көрген қорлығына үнсіз төзіп жүргенін көрсе, болашақта өзі де сондай жағдайға тап болғанда төзімділік танытуы мүмкін. Ал әкесінің анасына құрметсіздік көрсеткенін көріп өскен ұл бала кейін өз отбасында сондай әрекеттерді қайталауы ықтимал.

Сондықтан ата-аналар өздерінің мінез-құлқы мен қарым-қатынасы балалардың болашақ тағдырына тікелей әсер ететінін түсінуі қажет. Ұл балаларды кішкентайынан қыздарды құрметтеуге, қорғауға тәрбиелеу маңызды. Олар болашақ жарын ең алдымен өз балаларының анасы ретінде қадірлей білуі керек.

Іс-шара соңында қатысушылар отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Гүлжамал Кенжеғалиева, 

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале