Ақтөбе облысында «Омикрон» штамы ресми анықталған жоқ. Дегенмен қазір өңірде COVID-19 жұқтырып жатқан адамдар саны көбейді. Балалар мен жүкті әйелдер де ауруханаға жиі түсе бастады. Бұл туралы Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе» теларнасының «Желіде 103» бағдарламасында коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстары, вакцинация және ревакцинация туралы айтылды. Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазиннің хабарлауынша, өңірде дәрігер көмегіне жүгінген адам саны артып келеді.
«Қаңтар айының басында онға жуық адам ауырып, ауруханада жатты. Бүгінде бір тәулікте 586 адамның ПТР сынамасы оң нәтиже көрсетті. Күн өткен сайын өсім тіркеліп жатыр. Бұл мутацияға түскен вирустың кең таралғанын көрсетеді. Бұған дейін 7-14 күнде ауру белгісі анықталса, бүгінде 3-4 күн жеткілікті болып тұр. Тіпті бірнеше сағаттан соң да анықталады. Орта есеппен 3-6 есеге тез тарап жатқанын көреміз. Ауру белгісі де өзгерді. Өкпе емес, жоғары тыныс алу жолдары зақымданады. Мысалға тамақ ауырады. ЖРВИ белгілері көрінеді. Алданып қалуымыз мүмкін. Тек 4-5 күннен соң өкіпені зақымданап та жатады. Бұрын бір апта болатын. Бұл көрсеткіш аз, дегенмен кездесіп жатыр», - деді Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин. Оның айтуынша, бойды әлсіздік билеп, бұлшықеттің сырқыруы, бас ауруы да кездеседі. Вирустың осы белгілері анықталған кезде емханадан дәрігерлерді үйге шақыру керек.
«Тағы бір ерекшелігі – балалар арасында таралуы. Қазір Ақтөбеде бөлек стационар ашылып, балалар ем қабылдап жатыр. Жүкті әйелдерден де анықталады. Бұрын 4-5 әйел ауруханада жатса, қазір 70-ке жуықтады. Ал 200-ден астамы емхана дәрігерлерінің бақылауында. Ең бастысы - науқастың 5-6 күн оқшаулануы маңызды. Сол кезде таралмайды. Тіпті ауруханадан сол 5-6 күнде шығарып жатырмыз», - деді Мейрамбек Құрманғазин.