11.02.2025, 14:45
Оқылды: 368

Балалардың іздеп жүрген талайы  – Оқушылар сарайы

Орал  қаласындағы  Оқушылар  сарайына  қай  күні  барсаңыз  да,  кіріп-шығып  жатқан  балаларды,  есік  алдында  кішкентай  ұл-қызын  күтіп  отырған  ата-аналарды  көресіз.  Сырттай  қарағанда  тып-тыныш  көрінген  сарайдың  ішінде  тіршілік  қайнап  жатыр.  Балалардың  бос  уақытын  тиімді  пайдалануды  мақсат  еткен  сарай  қызметкерлерінің  әр  кез  ізденіспен  жұмыс  істейтіні  байқалады.  Әр  күн  сайын  таңғы  сағат  8.00-ден  есігін  айқара  ашатын  Оқушылар  сарайына  келушілер  кешкі  сағат  18.00-ге  дейін  толастамайды.  Спорт  үйірмелерінің  кейбірі  оқушылардың  ыңғайына  қарай  өз  жұмысын  18.00-де  бастайды. 

05eac04c-6170-4b39-a08f-04d333fb3633

Қосымша  білімнің қандай  пайдасы  бар?

Дәл осы сұрақты кейде кейбір ата-аналардан естіп қаламыз. Қосымша білім беру – баланы руханиадамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық тұрғыда және дене күшін дамыту, оның шығармашылық және білімге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қосымша мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған үздіксіз білім берудің ажырамас  бөлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімге салынған қаражат мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс», – деген болатын. Жауапкершілік жүгін сезінетін Оқушылар сарайының ұжымы балалардың әр үйірмеге уақытымен қатысуына ерекше  назар  аударады.

Педагог мамандар балалардың шығармашылығын жанжақты дамыту және бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шығармашыл, коммуникативті тұлға тәрбиелеу үшін орта құру, республика бойынша үздіктер қатарындағы қосымша білім беру ұйымына айналу миссиясына қол жеткізу бағытында тынбай еңбек етіп келеді. Бұл бағытта олар қосымша үйірмеге қатысатын әр оқушының бүгінін нақты бағалай білетін, болашаққа оң көзқарас танытып, өз елінің патриоты болғанын  қалайды. Осы мақсатқа жету үшін даму тұжырымдамасы, білім беру бағдарламасы, бейімделген бағдарламалар, үйірмелік бағдарламалар, оқу-тәрбие жоспарлары құрылған. Жұмыстың  жүйелі жүргізілуіне әкімшілік, әдістемелік бірлестіктер, педагогикалық кеңес басшылық  етеді.

3d35cb8d-b648-4bae-88c0-93bb97f72d1a

100  үйірме не  үйретеді?

Оқушылар сарайындағы 100 үйірме бес бағытта пәндік-техникалық, қоғамдық әлеуметтік,  өнер-шығармашылық, спорт бағыты, ақылы үйірмелер (ағылшын, би өнері, бассейн, балапан және ұзартылған топтар), әдістемелік бірлестіктер жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда 100 үйірмеге 4197 оқушы қатысып жүр. Күн сайын сарай ұжымы 1500 оқушыны қабылдайды.

– Негізгі мақсатымыз  – оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.  Үйірме сабақтарын жүргізу арқылы түрлі деңгейдегі республикалық байқауларға қатысамыз. Сарайдағы қызметкерлер айлық жоспар тапсырамыз. Айлық
жоспардан күнделікті жұмысымыз  шығады. Біздің бір күніміз бір күнге ұқсамайды. Ең бастысы, баланың үйірмеге қуанып келуіне мән береміз. Өйткені педагог оқушыны қызықтыра алмаса, балалар үйірмеге келмес еді. Сол үшін педагогтер арасында түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, мұғалімдердің өзін дамытуына көңіл бөлеміз. Оқушыларымыз түрлі байқаулардан жүлделі орындар алып жүр. Бұл – біз үшін мақтаныш, – дейді Оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенова.

Баланың дарынын дамытуда педагогтің алар орны ерекше. Осы орайда екі жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалардан екі оқушы топ жарды. Республикалық «Roboland 2024» IX халықаралық роботтық техника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне жыл сайын қала, облыс кезеңдерінен  14 оқушы жеңімпаз атанып, республикадан жүлделі орындарға ие болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ АҚШ-тағы Worcester қаласында өткен  «WPI FLL Open Event – 2024» роботтық техника олимпиадасында оралдық «@torodoro_fll» командасы еліміздің намысын қорғады. «Robot Game» санаты бойынша 550 ұпайдың ең көбі 500 ұпайын жинап, 108 команданың ішінде үздік 10 команданың қатарына енді. Бұл – шаһардағы Оқушылар сарайы үшін, қазақ елі үшін үлкен жетістік. «Дарынды оқушы – ұлт болашағы» демекші, «Менің Отаныма – менің бастамам!» республикалық жобалар байқауында екі жыл қатарынан сарайдың роботтық техника, тіл шешендігі, жас археолог, жас физик, волонтер үйірмелерінің бес оқушысы  жеңімпаз болса, «Қазақстан балалары шексіз әлемде» республикалық фестивалінің  қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерінде «Bala Time» үйірмесінің бір оқушысы жүлделі 1-орынды иеленді.

«Өнер – адамның рухани азығы, ол – халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әр баланың өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Сарайда өнерлі оқушылар жеткілікті. Олар түрлі облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, Оқушылар сарайының мерейін асырып жүр. Атап айтсақ, Ташкент, Ақтау, Ақтөбе қалаларында өткен халықаралық, республикалық би байқауларында 100-ге жуық оқушысы бар «Алаш» би тобы үш  мәрте  бас жүлдеге  ие болса, «Ата мұра» домбырашылар ансамблі қалалық, облыстық, республикалық байқауларда  жеңімпаз атанды. Сонымен қатар «Алтын қазына» республикалық көрме байқауында – 5,  «Жұлдызға жол» республикалық байқауы – 6,  «Жас өрен» республикалық  байқауында – 3, «Ата мұра» республикалық ғылыми-әдістемелік байқауында әртүрлі жанрда (театр, вокал, сурет және дизайн) 12 оқушы қатысып, жеңімпаз болды. «Ұлы дала ұрпақтары» байқауының республикалық кезеңінде әртүрлі жанрда 8 оқушы қатысып, жүлделі орындар мен бас жүлдені  иеленіп, қолөнер және  театр жанры бойынша Ташкент қаласында өтетін халықаралық «Ұлы дала ұрпақтары»  байқауына  жолдама  алды.

a3d0a468-4445-4506-9934-76560c6aabe7

Жұлдызды  сарайдың жеті  шыңы

Биыл оқушылар сарайының ашылғанына жеті жыл толды. Осы жылдар ішінде сарай жұмысы жанданып, үйірмелер саны артып, Оқушылар сарайын іздеп келетін өрендердің қатары көбейген.  Өткен айда олар «Атамекен» өнер ордасында «Жұлдызды сарайдың жеті шыңы» атты қорытынды концерт ұйымдастырды. Ән-бимен әрленген әдемі кеште жұлдызды сарайдың жеті жылда жеткен жетістігі сахнада көрініс берді. Бұл күні спорттан Азия шемпионы атанған балалар, түрлі пәндік, өнер  байқауларынан  республикада топ жарған үздіктер киелі сахнада өз өнерін паш  етті.

bd0383f7-6c37-45a7-920a-230a8914845b

«Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан» дегендей, жас өркеннің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті байқап, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру жолында жанкешті еңбек етіп жүрген сарай педагогтерінің жұмысы ата-аналардың көз алдында. Көпшілік сүйіп қарайтын «Менің атым – Қожа» фильмінде Рахманов ағайдың «Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек»  дейтін сөзі сарай мұғалімдерінің ұстанымына айналған. Сондықтан олар  әр баланың жұлдыз боп жануы жолында білім-білігін аямауға  тырысады.

16a2ce40-7fb0-4ac7-9707-be6cf03448d0

– Жалпы, Оқушылар сарайының өнер бағытындағы үйірмелер жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 60 оқушымен өз жұмысын бастаған «Алаш» би ансамблінің құрамында 100-ден астам оқушы бар. 30 оқушымен басталған домбыра үйірмесіндегі балалардың саны қазір 140-қа жетті. Ең бастысы, балаларымыздың қызығушылығы жоғары. Бұрын сарайда 60 үйірме болса, қазір оның қатары 100-ге жетті. Күннен-күнге Оқушылар сарайын іздейтін балалардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанамыз,  – дейді Гүлмирам  Кенжеғарина.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале