Балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 21,3% азайды. Бұл туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елде қылмыстар саны 1,8% (125180-ден 127480-ге дейін) артқан. Алайда, спикердің айтуынша, жалпы криминогендік ахуал тұрақты.
Оның ішінде мүліктік қылмыстар басым: ұрлық 43195-тен 47163-ке дейін артты, алаяқтық 31925-тен 33387-ге дейін көбейді.
Бұл ретте, тонау (1941-ден 1913-ке дейін), қарақшылық (174-тен 133-ке дейін) және бұзақылық (2025-тен 1836-ға дейін) сынды пайдакүнемдік қылмыстар азайған.
«Балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 21,3%, 792-ден 623-ке дейін) және жалпы отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар (7,2%, 727-ден 675-ке дейін) едәуір азайды.
Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қаржы пирамидаларын құру және басқаруға қатысты істерді тіркеу 45%, интернет-алаяқтық 5% төмендеді», - деді Т.Тәшімбаев елдегі криминогендік ахуалды және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланған кеңесте.
Сондай-ақ Бас прокуратура өкілі киберқылмыстар жөнінде мәлім етті.
«Кибер-қылмыскерлер өздерінің алаяқтық схемаларын әр уақытта жетілдіріп отырады. Көбінесе халықтың қаражатын алдап алу үшін олар өздерін банктің және күштік құрылымдардың қызметкері ретінде таныстырады, жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа-адамдардың және жоғарғы лауазымды тұлғалардың суреттерін пайдаланады», - деді ол.