БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтың төрағалығымен өткен жиында 2025-2026 оқу жылының нәтижелері қорытындыланып, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мәлімдегендей, биыл облыстағы 382 мектепте 126 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 10 440 оқушы 9-сыныпты, 8 179 түлек 11-сыныпты тәмамдады. Қазіргі таңда қорытынды мемлекеттік емтихандар өткізілуде. Биыл 437 оқушы «Алтын белгіге», 448 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Оқу жылы өңір оқушылары үшін табысты болды. Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 90 оқушы жүлдегер атанды. Облыс командасы ІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда» дипломын иеленді. Бөкей ордасы ауданының оқушысы Анида Ахметкереева «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атанды. Қосымша білім беру бағытында Оралдағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушісі Әлихан Нысанбаев АҚШ-та өткен халықаралық дрон жарысында екі мәрте күміс жүлдеге ие болды. Ал облыс құрамасы дрон-футболдан республикалық шемпионатта жеңіске жетіп, әлем шемпионатына жолдама алды. Биыл облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылған «Kazakhstan Drone Cup» республикалық жарысы да өңірдегі техникалық шығармашылықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Педагогтердің де жетістіктері аз емес. Республикалық байқауларда 112 мұғалім жүлделі орындарға ие болып, бес мұғалім «Үздік педагог» аталымын жеңіп алды.
Кеңесте мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафулиннің айтуынша, белгіленген тәртіпке сәйкес аттестат тапсыру рәсімі 18 маусым күні тек білім беру ұйымдарында өткізіледі. Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде, табиғат аясында немесе басқа да ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ ата-аналардан қаражат жинауға, мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлық алуға, аутокөлік шерулерін өткізуге, мерекелік агенттіктер мен аниматорларды тартуға болмайды.
Облыста білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы да жалғасуда. "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен 71 мектепте 2,1 млрд теңгеге 143 заманауи пәндік кабинет жабдықталды. Оның ішінде STEM, ғылыми және цифрлық бағыттағы кабинеттер бар. Сонымен қатар, 4 тірек мектепте 1 млрд теңгеге 48 заманауи кабинет жабдықталды. Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында өңірдегі алты білім беру ұйымына «AI Mektep» жобасы енгізілді. Жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау жүйелері орнатылып, білім беру ұйымдарының қауіпсіздік деңгейі арттырылуда.
Жиында белгілі болғандай, жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылмақ. Биыл 1-10 сыныптардағы 114 мыңнан астам оқушыны немесе жалпы контингенттің 96%-нан астамын жазғы демалыс шараларымен қамту жоспарланды. Өңірде 532 лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде қала сыртындағы 16, мектеп жанындағы 509 және шатырлы 7 лагерь бар. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың демалысына ерекше көңіл бөлінуде. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 120 бала Бурабай курорттық аймағында демалады.
Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, 1200-ден астам оқушы қамтылады.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға өңірдегі мәдениет және спорт мекемелері де атсалысады. Облыс бойынша мыңға жуық шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Кітапханалар, музейлер, театрлар мен мәдениет үйлерінде жүздеген танымдық, мәдени және шығармашылық іс-шара өткізу жоспарланған. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде спорттық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары, туристік жорықтар мен экскурсиялар ұйымдастырылады.
Кеңесте балалардың қауіпсіздігі басты назарда екені айтылды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Сұлтанғалиевтың мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 17,9%-ға төмендеген.
– Білім басқармасы ұсынған тізімдер негізінде лагерь қызметкерлері соттылығының болуы, әкімшілік құқықбұзушылықтарға тартылуы, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық есепте тұруы бойынша тексерілді. Тексеру нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған сегіз тұлға және әкімшілік жауапкершілікке тартылған бес тұлға анықталды. Анықталған тұлғалар бойынша ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін білім басқармасына жолданды.

Сондай-ақ демалыс орындарының санитарлық, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғаныс талаптарына сәйкестігі бақылауға алынған, – деп атап өтті Ернар Сұлтанғалиев.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жиында балалардың мектеп жанындағы лагерьлерге аса қызықпайтыны да айтылып, оқушылар үшін тартымды демалыс орындарын көбейту қажеттігі көпшілік назарынан тыс қалмады. Әсіресе қала балаларының ауыл табиғатымен жақынырақ танысуына, ал ауыл балаларының қала жағдайында демалуына мүмкіндік беретін арнайы лагерьлер ашу жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдардың еншісіндегі маңызды міндеттердің бірі болмақ. Өз сөзінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің табиғаты көркем, тарихи-танымдық әлеуеті жоғары аудандарын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Бөкей ордасы, Шыңғырлау және өзге де аудандардың мүмкіндіктерін зерделеп, балалардың сапалы демалысына арналған заманауи лагерьлер салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Оның айтуынша, мұндай демалыс орындары балалардың бос уақытын тиімді өткізумен қатар, туған өлкенің тарихы мен табиғатын танып-білуіне де жол ашады.
Кеңес соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев жауапты мекемелерге балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»