28.01.2021, 17:13
Оқылды: 17

Баланың бақытты шағын ұрламайық

Орал қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінде есепке алынған 98 қолайсыз отбасында 184 бала тәрбиеленуде. Ал жыл басталғалы тағы сондай спирттік ішімдіктер мен есірткіге әуес, соттылығы өтелмеген, пробациялық бақылауда тұрған және отбасында орынсыз мінез-құлық көрсететін ата-аналары бар 47 жанұя анықталған. Ол отбасыларда 54 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сондай-ақ  былтыр шаһарда физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықтың  құрбаны болған бүлдіршіндерге қатысты үш деректің де тіркелгені мәлім. Бұл туралы апта басында Орал қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

29E69F63-BC3F-49C7-9127-A418A762DE7C

Елімізде соңғы кездері жиілеп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан бала-шағаны көргенде, естігенде жүрегің қарс айырылып, ұйқымыздан шошып оянатын жағдайға жеттік. Әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігі, үйінің береке-бірлігін келтіріп отыратын ананың махаббаты азайып, әке мен шеше бір-бірін «мүйіздеп», бір-бірінен кінә іздеп жүргенде, кей бүлдіршіннің қараусыз қалып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда облыста да өмірлік қиын жағдайларға тап болған балалардың саны күн санап артуда екен.

– Орал қаласында 18 жасқа дейінгі 112513 бала тұрады. Оның 55247-сі қала мектептерінің оқушысы. Мектеп оқушыларының  29651-і өз отбасында тәрбиеленіп жатырса,  1362-сі өгей әкесімен бірге тұрады.  Өгей әкесімен тұратын 18 жасөспірімнің жағдайы алаңдатарлық. Өйткені оларда тұрмыстық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға психикалық зорлық-зомбылық көрсету қаупі басым. Ата-аналарының соттылығы бар және сол арқылы кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс әсер етіп жүрген отбасылар да жоқ емес. Ондай отбасыларда  балалардың көз алдында жанжалдар жиі болады.

Тіпті үйден қашып кететін балғындар да бар. Балаларға  қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында  қолайсыз отбасыларды аралап, бірқатар шараларды жүзеге асырудамыз, – деді Орал қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші  орынбасары, полиция майоры Жантемір Иманалиев.

Шаһардағы «Жас ұрпақ» жасөспірімдерді әлеуметтік дамыту орталығының меңгерушісі Қуаныш Дәкешев кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметі шеңберінде атқарған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетіліп, оңалту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік бейімделу шаралары жүзеге асырылып, кәмелетке толмағандардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылады. Бүгінде орталықта 31 бала әлеуметтік-психологиялық қолдау алуда.  

Жиынды қорытындылаған Орал қаласы әкімінің орынбасары, аталмыш комиссияның төрағасы Бақытжан Нарымбетов «Жас ұрпақ» жасөспірімдерді әлеуметтік дамыту орталығында әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметінің қолданысқа енгізілетінін және балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау ең бірінші ата-ананың, содан соң тиісті сала мамандарының міндеті екенін айтты.

Иә, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмасы белгілі. Алайда «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деген тәмсіл бар. Сондықтан «Торғай екеш торғай да, балапанын қорғайды» демекші, күн сайынғы жанжалмен баланың бақытты шағын ұрламағанымыз абзал.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале