Орал қаласындағы мектептен тыс жұмыс орталығының бас ғимараты қала ортасында орналасқан. Оның 6 бөлімшесі облыс орталығындағы №14, 16, 18, 33, 49 мектептер жанында және Зашаған кентіндегі «Шабыт» балалар шығармашылығы орталығында жұмыс істейді. Өткен оқу жылы бойынша түрлі бағыттағы үйірмелерде алты мыңнан астам тәрбиеленушіге қосымша білім берілді. Оқушыларды қамту әр жылда түрлі көрсеткішке ие. Соңғы жылдары үйірмелерге қатысатын балалар санының өсуі байқалады. Мұны ұл-қыздарының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға мән-маңыз беретін ата-аналар қатарының өсуімен байланыстыруға болады.
2022-2023 оқу жылында қаламыздағы №16, №18 мектептері жанынан орталығымыздың бөлімшелері ашылды. Бұл бөлімшелерде би, домбыра, сәндік-қолданбалы өнер, шахмат, кеме мүсіндеу, роботтық техника және тіл бағытындағы үйірмелер жұмыстарын бастады. Осының өзі жас өрендердің бос уақытында пайдалы іспен айналысып, жаңа білім мен тәрбие алуларына мүмкіндік береді. Орталығымыздағы және бөлімшелердегі кеме, мүсіндеу, картинг, таэквон-до, каратэ және роботтық техника үйірмелеріне ер балалар көп жазылады. Олардың жас шамалары әркелкі. Бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныптың оқушыларына дейін қатысады. Олар өз бағыттары бойынша қалалық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Өткен оқу жылында «Қызықты физика» және «Шырқа, гитара» атты жаңа үйірмелер ашылып, ер балаларды қатысуға көптеп тартты. Физика үйірмесі инженер, техникалық мамандықтарға баулиды. Ал гитара үйірмесіндегілер аспапта ойнауға үйренеді. Ұлдарымызды бос уақытты тиімді пайдалануға бағыттасақ, олардың тентек болуға уақыты қалмайды.
Соңғы кезде қоғамда жасөспірімдер арасында қылмыс көбейді. Үлкендер жағы балалардың үйде теледидардан жауыздықты насихаттайтын мультфильм, атыс-шабыс көретінін жиі айтады. Мұның бәрі кей ата-ананың бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарауынан деуге болатын шығар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жастар тәрбиесіне барынша назар аудару қажеттігіне тоқталды. «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», – деген болатын.
Әдетте психологтер баланы үйде не көшеде бос жүруге дағдыландырмау керек екендігін айтады. Көкөрімдер арасында қылмыстың көбеюі алаңдатарлық жайт. Бұл – қоғамдағы үлкен мәселе. Әртүрлі себепті алға тартып, кінәліні іздегеннен гөрі бәріміз бірігіп, түйткілді мәселенің шешімін табуға ұмтылуымыз керек. Себебі бала тәрбиесі уақыт күттірмейді. Ата-ана кінәлі деп біржақты дәлел ұсынғанша, бала болашағы үшін тәрбиеге көңіл бөлгеніміз жөн-ау.
Мектептен тыс жұмыс орталығында кішкентайларға арналған (5 жастан бастап қабылдайды) «Күншуақ» үйірмесі, дайындық топтары бар. Перзентіңіздің қызығушылығына қарай үйірме таңдап, қосымша білім алуға болады. Яғни орталықтағы үйірмелердің көбінің жұмысы тегін, ақылы үйірмелердің бағасы қолжетімді. Сабақ кестелері ыңғайлы. Педагогтеріміздің арнайы білімі бар, әртүрлі біліктілік санаттары бар мамандар. Мерзіміне қарай біліктілік санаттарын көтерулеріне, біліктілік курстарынан өтулеріне жағдай жасалған. Олардың тәрбиеленушілерге ұсынатын оқу бағдарламалары заман талабына сай және білімділік, дамытушылық бағыттары толық қамтылған. Үйірмелерге мектепалды даярлық тобынан бастап, 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Олардың негізгі бағыттарына келсек: әлеуметтік-педагогикалық, спорттық-техникалық, көркем-эстетикалық. Домбыра, тоғызқұмалақ және асық сияқты ұлттық бағыттағы үйірмелерге көңіл бөлудеміз. Ата-аналар тарапынан да осы үйірмелерге сұраныс жоғары. Балаңыздың икеміне, қалауына қарай кез келген уақытта хабарласып, үйірмелердің қалаған түріне жаздырта аласыз. Біздің сайттан, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан да ақпарат алуға болады.
«Қыз бала – ұлт болашағы» деп жиі айтамыз. Сол себепті қыз бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлуіміз керек. Сонымен қатар өнерге баулу да назардан тыс қалмағаны дұрыс. Орталығымыздың бұл бағытта қосатын үлесі салмақты. «Шашбаулым» қыздар клубы (жетекшісі – Аружан Орынбасарова) бағдарламасында кешенді жұмыстар қамтылған. Үйірме тек қана қыз балаларға арналған. Сурет, сәндік-қолданбалы өнер, би өнеріне баули отырып, қыз балалар болашағының мәнді де сәнді болуына көңіл бөлінеді. Жыл сайын наурыз айында тәрбиеленушілер арасында дөңгелек үстел, кездесу, мерекелік байқаулар сияқты шаралар өткізіледі. Қолөнерге баулитын үйірмелерге қатысатын тәрбиеленушілер алғаш келгенде инені дұрыс ұстай алмаса, уақыт өте келе нағыз ісмерлерге айналады. Қыз балаларға болашақ ана, шаңырақтың ұйытқысы деп қарар болсақ, мұндай үйірмелердің берері көп. Тек қыз бала емес, ер баланы ертеңгі азамат, отбасын асыраушы ретінде тәрбиелеуіміз керек. Ата-ана ер бала тәрбиесіне талаппен қарай отырып, еңбекке, күштілікке тәрбиелейтін спорттық немесе техникалық бағыттағы үйірмелерге берсе, ештеңеден ұтылмайды. Сабақтан бос уақытын өнерге, пайдалы іске арнаған ұл-қыздарымыз рухани байиды, әлеуметтік ортаға бейімделеді. Жауынгерлер арасындағы қоғамды шулатып жатқан оқиғаларды болдырмау үшін ұлдар арасында бауырмалдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға мән беруіміз керек.
Орталығымыздың жұмыс жоспарына сай қаламыздағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімдерімен бірлесе отырып, әскери-патриоттық бағытта кездесу, дөңгелек үстел және спорттық сайыстар сынды түрлі іс-шараларға мұрындық болып жүрміз. Қала мектептері жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтарымыз жақсы жұмыс істеп келеді. Қалай болғанда да, перзенттеріміздің құлын кезінен алған тәрбиесі мен білімі ертеңгі күні жарқын болашағына жол ашуы тиіс.
Тілек Қуанышкереев,
Мектептен тыс жұмыс орталығының директоры,
Орал қаласы