31.10.2024, 15:45
Оқылды: 106

«Балапан қаз» мені үлкен сахнаға жетеледі» – Айым Шекеева

«Жұлдыздар» айдарының кезекті кейіпкері  – қазақтың ән өнерін ұлықтап, тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Айым Шекеева. Таяуда өнер әлемінде нәзік үнді сипатымен танылған дарынмен сұхбаттасудың реті келіп, әншімен отбасы, өмірі мен өнері турасында әңгіме-дүкен құрдық.

WhatsApp Image 2024-09-27 at 16.40.46

– Айым әпке, ең әуелі, өзіңізбен жақынырақ таныссақ. Туған жеріңіз, отбасыңыз жайында айтып бересіз бе?

– Мен қарапайым жанұяда туып-өскен, дәстүрлі өнерді, қазақы тәрбиені санама сіңіріп өскен қазақ қызымын. Әке-шешемнің тұңғыш перзентімін. Өзімнен кейін Гүлжауһар есімді сіңілім бар. Әкем Қази – шаруаның адамы, сырлы өнерді шын бағалайтын жан. Анам Майра – ел-жұртқа танымал әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі. Ғасырға жуық тарихы бар Қаратөбе ауданында 1991 жылдың қазанында өмір есігін ашып, Орал қаласында бойжеттім. Бүгінде әкеден туған қос қарлығаш – сіңілім екеуміз өмірден өз орындарымызды тауып, сүйікті ісімізбен айналысып жүрміз. Осыдан он шақты жыл бұрын Теректі ауданындағы Шағатай ауылының келіні атанып, жолдасым Данатпен Әлім, Дарын және Алдияр деген үш батырымызды өсіріп, қанаттандырудамыз. Қазір бала күтімімен декреттік демалыстамын. Сөйте тұра қабілетімді жетілдіріп, өнерімді шыңдай түсу үшін ізденуден жалықпасым анық.

– Әншілік өнерге деген ынта-ықыласыңыз қай уақытта басталды, өнер жолын таңдауға кім әсер етті?

– Ел ішінде «Әу демейтін қазақ жоқ» деген мәтел бар ғой, әнге әуестігімді анамның ақ сүтімен дарыған қасиет деп білемін. Меніңше, кез келген балаң дарынға тән өнерін оятатын, ең әуелі, оның отбасы. Құрсақта жатқан кезімнен тамылжыған әнмен сусындап, әуезді үн құлағыма әбден сіңгендіктен шығар, «мен әнші боламын» деген сенім жүрегімде қаршадайымнан ұялады. Ең бірінші үлгі тұтарым анам болса, кейін қазақ эстрадасында өзіндік бітім-болмысымен, мазмұнды әндерімен, құлаққа жағымды қоңыр үндерімен дүйім жұртқа танылған әнші апаларым – Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Қарақат Әбілдинаға қарап бой түзейтінмін. Әсіресе Роза апамыздың «көк жәшіктен» «Түркістан түрленген, нұрланған, Келіңіз, келіңіз, келіңіз!» деп ән салғанын құлағым шалса, орнымнан тұра келіп, теледидар алдында пультті микрофон қылып қосыла шырқай жөнелетінмін. Осы өнерпаздардың әндерін жата-жастанып жаттап, қимылдары мен қылықтарын қайталап, өзімді мыңдаған көрерменге толы үлкен сахнада тұрғандай елестетіп, қиялдаушы едім. Осылайша киелі сахнада шарықтата ән шырқап, ел-жұрттың ілтипатына бөленуді армандап бойжеттім. Оқушы шағымда да еті тірі, пысық қыз болдым. Мектептің мәдени өміріне жүйелі араласып, түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп, бұралып би билеп, тамылжыта ән әуелеттім. Мерекелік концерттерден шет қалмай, белсенділік танытып жүрдім. Өнерге құштарлығымды байқаған ұстаздарым да байқау-конкурстардан қалдырмайтын. Осылайша бала күнгі асқақ арманыма жетуді көздеп, үлкен өмірге, өнер шыңына қадам  басқан  жайым  бар.

WhatsApp Image 2024-09-27 at 16.40.28

– Мектептегі ұстаздарыңыз дарынды екеніңізді байқап демеген екен, ал кәсіби сахнадағы  ұстаздарым  деп  кімдерді  айтар  едіңіз?

– «Өнер жолы – қиын жол» дегендей, шынтуайтына келгенде анам Майра Хайдарова бастапқыда менің әртіс болуыма біраз қарсылық білдірген болатын. Әрине, өнердің жүгі ауыр, бұл бағыт – талмайтын қанат, сарқылмайтын шабыт пен үздіксіз ізденісті талап ететін күрделі сала. Бұған қоса жатжұрттық қыз балаға сахна мен отбасының тыныс-тіршілігін тең ұстаудың оңайға соқпасы анық. Соған қарамастан, анамның ізін жалғап, өнер өлкесінде өз бақ жұлдызымды жағуға талпынудамын. Бұл тұста ән-күйге деген сүйіспеншілігім мен шынайы ықыласымды түсінген анама және әрдайым қолдап-қолпаштап отыратын жан жарыма, отбасыма ризашылығым шексіз. Бұл кісілер – менің өнердегі ғана емес, өмірдегі ұстаздарым. Ал кәсіби сахнаға дағдылап, өнерімді дұрыс жолға бағыттаған ұстаздарым деп Қасен Орынбасарұлын, Ләззат Майданқызын, жастар мәдениет үйінде үйірмеге қатысып жүргенімде мені қанатының астына алып, қамқорлаған Дария Серікқызын, Құрманғазы атындағы саз колледжінде білім берген мұғалімдерім Ақсұлу Отарбайқызы мен Анар Рахымқызын ерекше атап өтуге тиіспін. Бұл тұлғалардың қай-қайсысының да мен үшін алар орны ерекше, әрқайсысына алғысым шексіз.

– Айым әпке, бүгінде репертуарыңызда қанша ән бар, жалпы қандай шығармалар сіздің табиғатыңызға жақын?

– Шыны керек, репертуарымдағы әндерді осы уақытқа дейін санап көрмеппін. Бірақ менің бағымды ашып, алғаш көпшілікке танымал еткен туындының бірі – халық әні «Балапан қаз». Бұл ән найман еліне келін болып түскен керей руының қызы жайында. Әуелде шығарма жас келіннің мұңы мен сағынышын баяндайтын бесік жыры болған екен. Содан кейін былайғы жұртқа жайылған. Осы «Балапан қаз» мені үлкен сахнаға жетелеп, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға қызметке тұрдым. Жалпы менің қазақ композиторларының, жергілікті сазгерлердің әндерін, лирикалық шығармаларды орындағанды жаным қалайды. Бұл тұста сүйікті композиторларымның бірі – Ескендір Хасанғалиевті ерекше атап өткім келеді. Ескендір ағаның дауысының ауқымдылығы, қоңыржай тембрі, орындау мәнері қатты ұнайды. Сол себепті өзімізге жерлес әнші-композитордың әндерін де сүйсіне шырқап жүрмін. Ұлттық бояуы қанық, ғасырлап жеткен дәстүрлі туындылар, сырлы да шырайлы халық әндері – табиғатыма жақын шығармалар. Ән қоржынымнан мұндай шығармаларға  әрдайым  орын  табылады.

– Жұртшылық сізді дүбірлі додаларда алдыңғы орыннан көрініп, түрлі деңгейдегі байқау-конкурстарда бас жүлдені еншілеп жүрген әнші ретінде таниды. Қандай жетістіктеріңізді айрықша атап өтер едіңіз?

– Иә, біраз ән байқауында бағымды сынағаным рас. Солардың көбінен олжалы оралып, мерейім өсті. Құралақан қайтқан кездерім де болды, әрине. Ұстазым Қасен Орынбасарұлының жетекшілігімен алғаш «Балдәурен» байқауына қатысқаным әлі есімде. Одан кейін аймақтық-республикалық «Дала дарындары», «Тәуелсіздік құрдастары», «Дельфи ойындары», «Ержүрек Мәншүк», Ескендір Хасанғалиев атындағы «Атамекен», «Жұлдыз», Донеділ Қажымов атындағы «Ақ Жайық – ару мекенім» атты байқауларда өңіріміздің, еліміздің түрлі дарындарымен сынға түстім. Ал әзірше соңғы қатысқан конкурсым — 2022 жылы өткен Ғұбайдолла Хибашев ағамыздың әндерін орындаушылардың VI аймақтық «Ақ Жайық – ән өлкем» байқауы. Бұл додада маған бас жүлде бұйырған болатын. Жалпы өнер адамы үнемі бабында жүруі керек. Сол себепті бәйгеге қосылған сәйгүліктей өзіңді үнемі жаратып жүрмесең болмайды. Өнер жолында өзіңді дәлелдеп, шеберлігіңді шыңдауда әлгіндей байқаулардың маңызы орасан зор.

Аружан Болатбекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале