19.04.2022, 10:30
Оқылды: 121

Балық өсіру шығыны өтеледі

Ақ Жайық өңірінің балық шаруашылығы негізінен кәсіпшілік балық аулауға негізделген. Соңғы жылдары су айдындарында судың тапшылығынан биоресурстар азайып, соның салдарынан балық аулау көлемі де төмендеді. Облыс аумағында шарбақтық (өзен-көлдердің жағалауына шарбақ орнатып), тоғандық балық шаруашылығы және тұйық сумен қамту құрылғысында балық өсіру дамымаған. Соған байланысты балық өнімдерін өндіруді және сатуды кеңейту, соның негізінде ішкі нарықта импорттық балық өнімдерін отандық өнімдермен алмастыру мақсатында 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы жасақталып қабылданды. Осы бағдарламаға сәйкес тұрақты су көлемі болған жағдайда өңірде өсірілетін тауарлық балық түрлерінің көлемін 10 мың тоннаға жеткізу көзделуде. 

whatsapp-image-2021-09-09-at-18.54.40

Фотосурет: atr.kz

Қазіргі кезде облысымызда балық өсірумен айналысатын 27 балық шаруашылығы нысаны бар. Соның ішінде 23 субъекті көлдік тауарлық, үш тоғандық шаруашылық тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысады. Бір өндірістік кешен тұйықталған сумен қамту құрылғысында бекіре тұқымдас балықтарды өсіруде.

Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін балық өсіру субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету, субсидиялау тетіктері қарастырылған. Балық өсіру үшін биологиялық негіздемені жасақтау, айдындағы балықты молайту мақсатында шабақтарын өсіріп, жіберуге, шарбақ  материалдарын, дәрі-дәрмек алуға, аналық балықтарды сатып алуға және оларды  бағып-өсіруге жұмсалатын шығындардың 50%-ына өтемақы беріледі. Сонымен қатар бекіре, ақсерке, тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіруге қажетті жемдік азықтарды сатып алуға кететін шығынның 30%-ына өтемақы субсидия түрінде қайтарылады.  Дегенмен балық шаруашылығын дамытуға қатысты түйінді түйткілдер де баршылық. Өңірімізде балық көбейтуге қажетті шабақтардың, балықтың азығын жеткізумен айналысатындардың жоқтығы, шарбақтық балық шаруашылығы бойынша тәжірибенің болмауы бұл саланың дамуына кедергі болуда. Шарбақтық қоршаулар салуға қомақты қаражаттың қажеттігі де қиындық тудырады. Сондықтан  тауарлық балық өсіруді дамытуға жеке инвестицияларды тартудың өзектілігі  күн тәртібіне шығарылып отыр.

Гүлсара Ермұханова,

БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале