2022 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңды мақұлдады. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Тасқын Ақбаев хабарлады.
Тасқын Тұрағалдыұлының түсіндіруінше, аталған заң соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қарастырады. Үшеуі бойынша үдерісті борышкер ғана бастайды, яғни несие берушінің немесе өзге кредитордың борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктердегі қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар орын алады:
1. банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
2. өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс;
3. мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің жоқ болуы;
4. банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізу;
5. банкроттық 7 жыл бойы қолданылмауы қажет.
Сонымен қатар заң жобасымен:
– 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін;
– 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.
Соттан тыс банкроттық «Электронды үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа құрылымдардың деректерімен аутоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Екінші рәсім: 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығы бойынша негізгі мақсат – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепілзат болса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.
Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса, есептен шығаруға жатады.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, оның ішінде:
Заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер;
Кәсіби бухгалтерлер;
Заң консультанттары;
Аудиторлар.
Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.
Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.
Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Банкроттықтан кейін пайда болатын салдар:
1) 5 жылға кредиттер алуға шектеу қойылады;
2) 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы;
3) 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
Негізгі заң жобасынан басқа, 5 кодекс пен 11 заңға өзгертулерді көздейтін ілеспе заң жобасы қаралды.
Азаматтық кодекс Қазақстан Республикасының азаматына қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдерін қолдануды көздейтін нормалармен толықтырылады.
Азаматтық іс жүргізу кодексінде қамтылған ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер тізбесі азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы туралы іспен толықтырылатын болады.
«Микроқаржы ұйымдары туралы», «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қаржы басқарушысына азаматтардың мүлкі және міндеттемелері туралы мәліметтер алу құқығын беретін толықтырулар енгізіледі. Сондай-ақ «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының заңына және «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңына нақтылау сипатындағы бірқатар толықтыру қарастырылды.
– Сенат депутаттары мақұлдаған үшінші заң жобасы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзышылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасының мақсаты – заң нормаларын бұзғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершілігін белгілеу. Мысалы, азаматтың кредиторлар алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында әдейі банкроттық туралы арызбен жүгінгені үшін оған айыппұл салу көзделген. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық, төлем қабылеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті (ол туралы ақпаратты) жасырғаны да назардан тыс қалмайды. Сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына жауапкершілік енгізіледі.
Заң жобалары азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетуге және қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуді ынталандыруға талпындырады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заң 2023 жылдың қаңтарында қабылданады. Азаматтар осы бағытта өтініштерімен 2023 жылдың наурыз айынан бастап жүгіне алады, - деді Тасқын Ақбаев.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz