Хан ордасы ауылында ел-жұртқа қадірлі қос ұстаз тұрады. Олар – Береген аға мен Алтын апай.

Береген Қожағалиев 1940 жылы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының мәліметіне сүйенсек, Береген ағаның әкесі Қожағали мен оның інілері Құрмет пен Тоқсанбай үшеуі де әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған екен. Содан Береген аға екі жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Жасынан тағдырдың ауыр сынақтарынан өтсе де, ол мойымады. Әрдайым алға қадам басып, спорттың бірнеше түрімен айналысты. Ұдайы өзін-өзі жетілдіріп, біраз табыстарға қол жеткізді. Орал қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1965 жылы облыстық білім басқармасының жолдамасымен Орда ауылына жіберілген. Осы тарихи мекендегі сол кездегі сауықтыру мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және бокстан бапкер болып, ұстаздық қызмет жолын бастаған. Кейін аталған білім ұясы Орал қаласына көшірілгені анық. 1972 жылдан бастап ауылдағы байырғы оқу ордасында әскери дайындық пәні бойынша мұғалім болып қызмет істеді. Әскери шені капитан болатын. Содан 2003 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін үздіксіз еңбек етті. Қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысты. Кішіпейіл де қарапайым мінезімен абыройға ие болған оған 2017 жылы Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Ал Береген ағаның өмірлік зайыбы Алтын Бисалиева 1942 жылы 15 сәуірде Орда ауылының Мешітқұм деген жерінде дүниеге келген. Хан ордасы мұражайының мәліметі бойынша, әкесі Хайыр Бисалиев Орда ауылдық кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде Ұлы Отан соғысына аттанған. Сталинград шайқасына қатысып, ол да қан майданнан оралмаған. Алтын Хайырқызы – Орал педагогика институтының түлегі. Алдымен Ордадағы сауықтыру мектебінде, кейін М. Горький (қазіргі Жәңгір хан) атындағы орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, 1992 жылы зейнет демалысына шықты. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды.
Орыс әдебиетінде «Бәріміз де Гогольдің шекпеніінен шықтық» деген қанатты сөз бар. Сол сияқты біз де Береген ағаның «шекпенінен» шықтық деп мақтанышпен айта аламыз. Ағай бізге 8-9 сыныптарда «Әскери дайындық» пәнінен дәріс берді. Сапта тұрудан бастап, жауынгердің алға қадам жасауы, оңға, солға және шыр айналып бұрылуы, АК-74 аутоматын шапшаң бұзып, оны қайта жинау сияқты барлық әскери әдіс-тәсілдерді ыждағаттықпен үйретті. Турникке тартылудың, жақын және ұзақ қашыққа жүгірудің қыр-сырын, тыныс алу жолдарын түсіндірді. Өзі де турникке керемет тартылатын еді. Ағай 1982 жылы спортқа бейімділігі жоғары он шақты баланы «Орленок» жарысына дайындады. Арамызда бізден бір сынып жоғары оқыған Өмірбек Серғалиев турникке тартылудың шебері болды. Өзгелер турниктің белтемірін иегінен ғана асыратын болса, Өмірбек кеудесіне дейін тартылатын. Аяқты бүкпейміз, барлық ережесін сақтайтын едік. Біздің тобымыз 1982 жылы әуелі аудандық «Орленок» жарысында жақсы нәтиже көрсетті. Одан кейін мамыр айында Орал қаласына барып, облыстық додаға қатыстық. Бір апта ішінде спорттың көптеген түрі бойынша сынақтар өтті. Береген аға білім мен тәрбие берумен қатар бізді үлкен өмірге шыңдай білді. Спортқа деген құштарлығымызды арттырды.
Береген ағаға арналған өлеңімнің бір-екі шумағында:
«Сабыр сақтап, жайсаң мінез танытқан,
Еңбек етіп, алғыс алған халықтан.
Білім берген шәкіртінің бойына
Жүрегінің шуақ нұрын дарытқан!
Жас ұрпаққа айта жүріп ақылын,
Жан-жағына таратты ол жарығын.
Жылдар жылжып, қаншама ай өтсе де,
Ұмытылмас ұстаз берген тағылым!» – деп өмір жолы үлгілі жанның қадір-қасиетін аша түсуге тырысқан едім.
Береген аға мен Алтын апай екеуі үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере-жиендері өсіп келеді. Осы отбасындағы баланың үлкені – Роман. Екеуміз дос болдық. Ол орыс сыныбында оқыса, мен қазақ сыныбында оқыдым. Білімді, мәдениетті жігіт болып өсті. Харьков қаласынан оқып келіп, Оралда қызмет жасады.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын дүние салды (Жаны жәннатта болсын деймін)...
Ұзақ жылғы еселі еңбек жолында Береген ағай мен Алтын апай мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қос ұстазға шәкірттерінің айтар алғысы шексіз. Ел-жұрттың ортасында сыйқұрметке бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруін тілейміз.
Айбатыр Сейтақ,
ақын-журналист,
Астана қаласы