14.01.2022, 12:10
Оқылды: 59

Бәріне уақыт пен тарих төреші

– Ел болам десең, есіңді жи, қазағым. Топ-топ болып төбелесу, жақ-жақ болып жағаласу, жақсының жағасына жармасу ешқашан бақытқа жеткізбейді.

Елдегі соңғы жағдайлар жәй ғана Жаңаөзен газын арзандату үшін шыққан бейбіт шеруден гөрі тереңде жатқанын көріп отырмыз. Оның арғы жағында ұлтқа қастандық, болашағымызға қасірет, егемендікке қатер төндірген саяси сұм жоспар жатқанын көрдік. Бұл шеру халыққа қасірет әкелді, қан шашылды, көз жас төгілді, қыршын өмір қиылды.

фото Рафхата Халелова (71)

Бүкіл әлем алдында ұлт ретінде ұятқа қалдық. Біріге алмайтын, бақытын бағаламайтын, айтақшыл қазақ, бүлікшіл қазақ атымыз шықты.

Бұл арандатушылардың дайындалып келген арам пиғылы екені анықталды. Ал қосағында қоса кеткен сіз бен біз өсірген жат ағым жетегіндегі, уысымыздан шығарып алған балаларымыз болды.

Бұл арандатуды түсіну үшін саяси сауат  қажет.

Құр даурыққан байбалам ештеңе де шешпейді.

Кім неге, не үшін таласты, кім не үшін сатылып кетті? Қате неден кетті? Бұл іске кімдер мүдделі?

Ал оны төреші уақыт шешеді, тарих ашады, аңғармай сөйлеу ағаттық болады, бәрінің өз уақыты келеді.

Жас ұрпақ көшін Ұлы дала жолынан, ата-баба ізінен бұрып алған жоқпыз ба? Жат ағым жетегіне ерген балаларымызды уыстан шығарып алмадық па? Әр ата-ана өз борышын дұрыс атқарып отыр ма?

Үкіметті кінәлайық, ал үкіметті құрап отырған өзіміз ғой. Кімді  өсірдік,  не  тындырдық?

Ал  бізге  керегі  тыныштық  екенін  енді  ұқтық.

Қазіргі басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиын сәтте батыл жасаған қадамын құптайық.

Қолдайық. Бірігейік.

Қазір оған қастандық жасамасын деп тілейік.

Тыныштық пен бейбіт өмір үшін бірлікке шақырайық.

Басқаның бәрін уақыт көрсетеді, тарих өз орнына қояды, асықпайық...

Содан соң қазақта САБЫР, ШЫДАМ, ТӨЗІМ, ҚАНАҒАТ деген асыл сөздер бар еді ғой. Соны да ұмытпаған жөн шығар.

Талай нәрсені бүгінде бүлдіріп жатқан сол қанағатсыздық...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  өз Жолдауында Жаңа Қазақстанда өмір сүруді ұсынды. Біз де соған сенейік, шыдаммен күтейік. Басқа жолымыз жоқ біздің. Барға қанағат етіп ертеңге үміт арту ғана қалды.Тағы шыдайық. Тыныштық болсын!

Ақұштап Бақтыгереева,

ҚР  Мемлекеттік сыйлықтың, Отан және Құрмет орденінің иегері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Фото авторы Рафхат Халелов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале