1.03.2017, 15:45
Оқылды: 55

«Барша батысқазақстандықтарға алғыс айтамын»

Қаламыздағы Достық үйінің алдындағы алаңда Алғыс айту күніне орай мерекелік шара өтті.


Шараға арнайы келген облыс әкімі, облыстық ассамблеяның төрағасы Алтай Көлгінов мерекеге орай арнайы жасақталған киіз үйде болып, өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты қойылған бұйымдармен, жәдігерлермен танысты.

-Бүгінгі Алғыс айту күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясы күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Елбасымыз Қазақстанды тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап бейбітшілікті, тұрақтылықты ұстанатын ел ретінде әлемге танытып келеді. Сол себепті бұл мерекелердің қазақстандықтар үшін мән-маңызы зор. Осы мейрамда ата-анамызға, бауырларымызға, ұстаздарымызға, достарымызға, әріптестерімізге және бір-бірімізге жасаған қолдауымыз, жәрдеміміз үшін алғыс айтсақ, өзімізді дамыған қоғам ретінде көрсете аламыз деп ойлаймын. Соған орай өзімнің, әріптестерімнің атынан барлық батысқазақстандықтарға алғыс айтамын, -деді Алтай Сейдірұлы өз құттықтау сөзінде.

Өңіріміздегі этномәдени орталық басшылары да сахнаға көтеріліп, сонау жылдары өз ата-бабаларының күштеп Қазақстанға көшірілгенін, бірақ дархан көңіл қазақ халқының арқасында осынау зобалаңнан тірі қалғандарын, мәдениеті мен дәстүрін жоғалтпағандарын жеткізіп, сол үшін өз алғыстарын білдірді.

Содан соң Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен бишілері, этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары концерт қойды.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале