Оралда футболдан спорт ардагері А. М. Ионкинді еске алуға арналған республикалық турнир өтті.
Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен "Ақжайық" футбол клубы ұйымдастырған жарыста 2012 жылы және одан да кіші жастағы футболшылар қатысты.
Жас футболшылардың жасыл алаңдағы бәсекесінде Орал қаласы, Атырау және Қостанай облыстарының командалары бақ сынады.
Бәсекенің ашылуына қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, А. Ионкиннің туысы Сергей Ковальчук, БҚО футбол федерациясының вице-президенті Рашид Хуснудинов, спорт ардагері Александр Любимкин, "Ақжайық" ФК-ның директоры Манарбек Ержанов қатысты.
- 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Анатолий Михайлович Ионкинді еске алу турнирі – еліміздегі ең мықты жарыстың бірі. Болашақта да аталмыш жарысты ұйымдастыруға күш салатын боламыз, - деді Арман Исанов.
Одан соң А.М.Ионкиннің туысы Сергей Ковальчук те сөз алып, жас футболшыларға сәттілік тіледі.
Төрт күнге созылған қызықты доп додасының қорытындысында үшінші орын Атырау, екінші орын Қостанай командасы, бас жүлдені "Ақжайық" иеленді.
Сондай-ақ командасын алға сүйреп, үздік ойын көрсеткен ойыншылар да марапатталды.
"Көрермен көзайымы" аталымы Матвей Скребцов пен Никита Давыдовқа бұйырса, Санжар Сапар "Үздік қақпашы" атанды. Одан бөлек, "Үздік қорғаушы" аталымы Алдан Жанбауыловқа, "Үздік голеодор" аталымы Илья Вавинге, "Үздік шабуылшы" аталымы Батырхан Ерболатқа бұйырса, турнирдің "Үздік ойыншысы" атағын Ильдар Жармағамбетов қанжығалады.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен арнайы медальдар табыс етілді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz