«Бастау Бизнес» жобасы елімізде «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2016 жылдан бастап іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы еліміздің ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру.
Биылғы оқыту курсы 26 сәуірден басталды. Тіркеу «Atameken Academy» порталында жүргізілді. Қазір екінші лекке оқуға өтініштер қабылдануда.
- Облыс бойынша биыл оқу курсында 1250 адам оқиды деп жоспарланды. Оқу басталып, бірінші лекте 415 адам оқуда. Олар 16 мамырға дейін оқиды. Одан кейінгі екінші лектің оқуы 24 мамыр – 13 маусым аралығында болады. Екінші лекте де 415 адам оқиды деп күтілуде. Ал үшінші лектің оқуы 21 маусым – 11 шілде, төртінші лектің оқуы 19 шілде – 8 тамыз, бесінші лектің оқуы 16 тамыз – 5 қыркүйек аралығында өтеді. Өңірде оқыту курсы 5 лекпен болады. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқыту «Atameken Academy» арнайы әзірленген платформасында онлайн форматта жүргізіледі. Биыл өтініш берушілерді ЭЦҚ-мен қол қою арқылы тіркеу енгізілді. Оқуға қатысуға ниет білдірушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, оқуға жолдама алуы қажет. Содан кейін сіз https://atameken.co/сайтқа тіркеліп, өтініш беруіңіз керек, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Сәуле Жұбаева.
Осындай оқу курсында оқып, қолдарына тиісті сертификат алған жандарға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер ұсынылады? Міне, бұл туралы облыстық «Орал өңірі» газетінің ертеңгі №40 нөмірінен оқи аласыздар.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress