Облыс нарығында саңырауқұлақтың бағасы картоп, қырыққабат және көкөніске қарағанда едәуір қымбат. Осыны ескерген Бөрлі ауданындағы Пугачев ауылының тұрғыны Евгения Сиротина саңырауқұлақ өсіруді қолға алды.
Ол саңырауқұлақ өсіру технологиясын меңгеру үшін Ресейге барып, тәжірибе алмасты. Тіпті кірпияз өсімдікті үй жағдайында өсіріп те көреді. Нәтижесі жаман болмады, содан соң облыстық комиссияға гранттық қаржы сұрап өтініш берді және жобасын қорғап, іріктеуден өтті. Бүгінде ол «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы 2 млн. теңге қаражатқа қол жеткізді.
– Жұбайыммен бірге жобамды іске асыру үшін ауладан аумағы 52 шаршы метрлік жылыжай салуды бастадық. Биыл құрылысты аяқтап, саңырауқұлақты өсіретін жерді дайындап қоймақпыз. Бұйырса, келер жылдан бастап өнім аламыз деп отырмыз. Саңырауқұлақтың төрт түрін – вешенка, шиитаке, түбіртек (опята) және қозықұйрықты өсірмекпіз. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, саңырауқұлаққа сұраныстың бар-жоғын зерттедік. Сұраныс бар, оған сенімдіміз. Қарашығанақ кен орнын игеруші компаниялар, аудандағы өзге де кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар тарапынан тапсырыстар болатынына сеніміміз зор, – деді Евгения.
Мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін өрге бастырған бөрлілік Екатерина Ашурматова сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Ол жоғары сұрыпты ірімшіктің 10 түрін дайындайды. Бала күтімімен үйде отырған Екатерина хоббиін үлкен бизнеске айналдырды. «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен кәсіпкерліктің негіздерін оқып, бизнес жобасын сәтті қорғады. Содан 2,5 млн. теңге көлемінде грант ұтты. Екатерина ірімшік өндірісінің қыр-сырын Алматы қаласынан оқып келді.
– Ірімшіктің моцарелла, чечел, сулугуни, примо-сале, халуми және басқаларын дайындауда клиенттің қалауын ескере отырып, түрлі дәм қосамын, – дейді кәсіпкер Е. Ашурматова. Ал Данагүл Асаупова мемлекеттен 6%-бен несие алып, балалардың ойын алаңын ашты. Бүгінде сол алаң кішкентай бөрліліктердің сүйікті демалыс орнына айналды.
– Биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» жобасымен оқып, 4,7 млн. теңге несие алдым. Сол несиені ойын алаңын жасақтауға жұмсадым. Болашақта тағы бір ойын алаңын ашқым келеді. Кәсіпкерлікті ашу оңай көрінгенмен, оның жұмысын әрі қарай жүргізу, дамыту тіптен бөлек дүние. Ерінбей еңбектенгеннің алды жарық, – деді Данагүл.
Биыл 133 адам кәсіпкерлік курстарында оқып, соның ішінде 17 адамға 6,5 млн. теңге грант бұйырды, 36 адамға жалпы сомасы 169,4 млн. теңге құрайтын несие берілді. Ал «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 70 жас кәсіпкерлік негіздерін оқып, соның ішіндегі 35 адам 17 млн. теңге шамасында гранттық қаржы алды.
Олардың көпшілігі мал өсіру, шаштараз ашу және халыққа қызмет көрсету бағытындағы жобаларын жандандыруда.
Айым Нұрғалиева
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер