Құрметті оқырман, газетіміздің өткен, 2024 жылғы 19 қарашадағы №93 санында «КСРО Халық депутаты болған Меңсұлу Жұматова қайда жүр екен?..» деген мақала жарияланған еді ғой. Сонда мақаланы дайындау барысында Меңсұлу Дүйсенбайқызымен қайта-қайта кездесіп, ұзақ әңгімелестік. Кеңес үкіметі дәуірлеп тұрған шақтарда алып империяның төрінде мәжіліс құратын, бүкіл елдің талайы мен тағдырын шешетін КСРО Халық депутаттарының корпусында болған Меңсұлу ханым – көргені, түйгені, оған қоса, оқығаны мол жан. Қай тақырыпқа тартсаң да, ертеңнен салса, кешке озған, ылдидан салса, төске озғанның өзі. Ал өзінің туған стихиясы – медицинаны қозғасаң, онда жалықпай тыңдай бер.

Бірде әңгімеміз алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жайында өрбіді. Сол-сол-ақ екен, оның жүзі алаулап жүре берді.
- Сіз Михаил Абдуловты, батыр Абдуловты білдіңіз бе? - деді салған жерден адамға тіке қарайтын әдетімен.
- Сыртынан білгенім болмаса, кездесіп, сұхбаттасудың реті келмеді...
- Ал мен ол кісіні жақсы білдім! Тап осылай отырып, талай әңгімелестік. Кейін сол әңгімелерімді өзімше қағазға да түсіріп қойғанмын, бірақ ешқайда берген жоқпын.
Меңсұлу осылай деді де, Батыр ағамыз туралы әңгімесін ағытты (тағы бір кездескенімізде ағай туралы ертеректе қағазға түсіргендерін, бірге түскен суреттерін қолымызға ұстатты). Ұлы мереке қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдуловтың өзі туралы өз аузынан естіген әңгімелерді Меңсұлу Дүйсенбайқызы Жұматованың айтуымен газеттің нұсқасына ыңғайлап, оқырмандар назарына ұсынғалы отырмыз.
«Абдулов Биеш (Бимағанбет, Михаил) – Ақжайық ауданы Жамбыл ауылының Бұлан бөлімшесінде ғұмыр кешкен жан. Менің әкем – Дүйсенбаймен дос-жолдас, сырлас болды. Әкемнен төрт жасқа кіші-тұғын. Содан ба екен, былайғы жұртқа тік, суық келетін ол әкемді өле-өлгенше сыйлап, ешқашан бетіне қарсы келмей өтті. Бізді «Дүйсақаңның балдары», деп еркелететін, жақсы көретін. Өзі өтірік айтуды, көлгірсуді, жалпақтауды білмейтін, шыншыл. Ала жіпті аттап көрмеген кісі. Сыйлаған кісілерін төбесіне көтеретін қарапайымдылығы керемет. Соған қарамастан, қырсықтығы, қырсық мінезі бір басында жетіп артылатын. Сосын көңілінен шықпаған басшы-қосшы болсын, мейлі өті жарылып кетсе де, тіліп тұрып бетіне айтатын. Қырсықтығы ұстағанда кекесін сөздерді аутоматша борататын, бет қаратпайтын. Батыр, өжет жан екендігі жүріс-тұрысынан, сөзінен, іс-қимылынан көрініп тұрушы еді. Елін, Отанын, туған жерін жанындай сүйетін жантұғын. Оған қалада, жайлы пәтерде, Үкіметтің Батырларға берілетін барлық жеңілдіктерін пайдаланып тұруына болатын. Бірақ құйтақандай ғана Бұлан бөлімшесінде, кішкентай үйде қоңыртөбел ғұмыр кешті. Ертеректе, өзі қаруластарымен қан кешіп, азат етуге қатысқан мадьярлар елі – Венгриядан екі адам іздеп келіпті Бұланға. «Біздің батырымыздың тұрған жерін, үйін көрейік, жағдайын, қандай көмек керек екенін білейік деп келдік» дейтін көрінеді. Түнгі мезгіл болса керек, батыр ағамыз есікті ашып: «Герой бұл үйде тұрмайды. Өзі герой болып, осындай құжырада тұрады дейсіңдер ме?.. Қалада тұрады. Адресін білмеймін», – деп келген кісілерді үйге кіргізбей жіберіпті. Осы қылығы мен мінезінің өзі елінің, қазақтың намысын ойлағандығы ғой. Сосын өзі батыр болып, құжырада тұрып жатқанына намыстанғаны да шығар...
Биеш ағай (Михаил) алда-жалда сырқаттанып қалса, тек маған ғана емделетін. Басқа дәрігерлерді қасына жолатпайды. Жыл сайын аудан орталығындағы емханаға Ұлы Отан соғысының ардагерлерін алып барып, дәрігерлік комиссиядан өткіземіз. УЗИ, ЭКГ, рентген және көз, құлақ, невропатолог, хирург, кардиолог, эндокринолог мамандары тексереді. Биеш ағамыз мұндайда қырсығып бармайды. Әрең көндіріп апарып жүрдім. Тағайындалған ем-домға, дәрі-дәрмекке өте қатты қарайды. Шанбай ма екен, қабылдамайды. Маған көрсетіп, тексертіп, қабылдаңыз дегенді қабылдайтын. Қатты ауырған кездерінде аудандық, облыстық ауруханаларға бармайды, Жамбылдағы ауылдық ауруханада жататын. Бір жылы жүрек талмасы қатты ұстап, қан қысымы 40/20-ға түсіп кеткен. Ауруханаға зембілмен алып келді. Кардиограмма жасап, шұғыл алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, есін жиғыздым. Аудандық ауруханаға жолдасам, тіресіп бармайды. «Бармасаңыз, расписка жазып беріңіз», дегенмін, «Жазып беремін», деп қуанып кетті. Екі-үш күннен кейін ауданнан рентгенолог марқұм Шаяхметов келе қалды. Ауданнан келген маман ретінде оны ағайдың палатасына апардым. Ол көріп шошып кетті: «Мына кісі өледі... Жалғыз Геройымызды емдеуге қорықпайсың ба, ертең жауап бересің ғой...», деп онсыз да уайымдап жүрген мені одан сайын қорқытып қойды. Батыр ағамыз сол жатқан күйінде ешқайда бармай, сол ауылдық ауруханадан емделіп, сауығып шықты. Сол кездерде қолым негізгі жұмыстардан босағанда Батырдың қасына барып әңгімеге тартамын. «Аға, соғыстағы ерліктеріңіз туралы, тентек те болыпсыз, солар жайлы айтыңызшы?», - деймін. Ағай мәз болып күліп алады, сосын: «Сен өзің мені газетке жазып, ақша табайын деп жүрсің бе?», - дейді де, жайлап отырып әңгімелейді. Мынау ағамыздың өз аузынан өзім естіген хикаяттар. Қалай айтты солай, ештеңе қосқан жоқпын!».
Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдуловтың әңгімесінен: - Әскерге барған кезімде орысша түртпейтінмін (М. Абдулов 1938 жылы әскерге шақырылып, азаматтық борышын Балтық жағалауында өтеген). Тіпті, «направо» мен «налевоны» шатыстырып аламын. Қасымда қазақтар бірен-саран, көбі украин ұлтынан. Солардың ішінде біреуі толық, еңгезердей, менен екі есе үлкен «казах-баран» деп келекелеп, мазақтап тіпті жүргізбейтін болды. Бұдан қалай өшімді алсам деп ойлай бастадым. Бір күні орайы келіп қалды, жанынан өте бергенімде «ей, ты, баран», - деп мені итеріп жіберді. Ту сыртына шықтым да, арқасына қарғып мініп, мойнынан тас қылып құшақтап, қылғындыра бастадым. Тулап жүр, мен қылғындырып қана қоймай, құлағын тістеп, шайнай бастадым. Сондағы әлгінің шыңғырған даусы әлі күнге дейін құлағымда тұр (ағай осылай деп алып, мәз болып күлетін). Бірақ бұл ісім аяқсыз қалмады, жаза ретінде командиріміз маған бір ай бойы дәретхана тазалатып қойды. Әлгіні күнде жуамын, командирім күнде келіп тексереді. «Абдулов молодец!», - деп мақтайды. Бір күні бір солдаттың іші ауырып, дәретханаға жүгіріп келе жатыр. Мен оны қазір командир келіп тексереді, сосын кіресің деп кіргізбедім. Ана байғұс туалеттің сырт жағына барып бүлдірген... Оны кейін командир көріп қойып, «Мына жерді бүлдірген кім?», - деді. Анау солдат та мені қазақ деп кемсітіп жүретіндерге қосылып жүрген біреу еді, аяйын ба, мынау деп көрсеттім. Содан командирім мені дәретхананы жуудан босатып, әлгіні менің орныма қойды. Бұл менің жиырма жасымда әскерге барғандағы, алғашқы жылдарда басымнан кешкендерім ғой. Үйге қайтамыз деп жүрдік, соғыс басталатынын, бес жыл бойы қан кешетінімізді қайдан білейік. Тағы бірде мені асханаға кезекшілікке жұмсады. Аспаз өзбек жігіті еді. Әлгі маған әкіреңдеп, бүкіл шаруаны істетті. Картоп аршыдым, қырыққабат турадым, су тасыдым. Ағаш әкеліп, нән қазанның отын жақтым. Осының бәрін тексеріп тұрған өзбегім: «Қазанды қарап қой, оты өшіп қалмасын» деп, өзі ұйқыға бас қойды. Мен саған ұйықтағанды көрсетейін деп қазандықтың отын аямай жағып, борщты қайнатып-қайнатып күйдіріп жібердім. Бүкіл полк түскі тамақсыз қалды. Айқай-шу, ұрыстың көкесін өзбек естіді. Осындай тентек мінезімнен шығар, бәрі қазақ деп менсінбей, командирім де маған ылғи тиісе беретін болды. Не болса, соған гауптвахтаға қамайды. Бір күні өш алудың орайы келіп қалды. Қыс мезгілі еді. Күн қатты аяз, постта күзетшілікте тұрмын. Түнгі сағат 11-лерде қалаға кеткен командирім келді, өзі қызара бөртіп алған. Қолымда автомат, пароль сұрадым. Обалы не керек, мас болса да, парольді дұрыс айтты. Мен қырсығып, дұрыс емес деп жібермедім. Айқайлады, ұрысты, қорқытты. Жібермедім. Өзіме қарсы жүре түсіп еді, аутоматымның затворын сарт еткізіп, атамын дедім. Сөйтіп, командирді КПП-дан аттатқан жоқпын. Оның үстінде кәуділгі әскери форма, шинель, аяғында етік. Байғұс қатты тоңды. Мен болсам, үстімде ақ тон, аяғымда пима, тоңған жоқпын. Аяғы үсіген командирім кейін госпитальдан бір-ақ шықты. Соңынан ол менің үстімнен рапорт жазып, қатты тергеу болды. «Мен қазақпын, орыс тіліндегі парольді ұмытып қалдым, бірақ уставты бұзбай, оны жіберген жоқпын, уставты орындадым», - деп әзер құтылдым.
Әскердегі мерзімім бітіп, үйге қайтамын деп жүргенімізде соғыс басталып кетті ғой. 1942 жылы мені ерліктерім үшін Батыр атағына ұсынған. Ол кезде барлаушылар тобын басқаратынмын. Талай рет жаудың арасына барып, тіл әкелдік. «Батыр атағын Кремльге барып, Сталиннің қолынан аласың» дегесін күтіп жүрмін. Бір күні біз тұрған деревняны немістер оқ пен снарядтың астына алып, күні-түні атқылады. Әсіресе, перекрестный огоньмен бас көтертпеді. Командиріміз полктің ішінен жеті қазақ жігітті таңдап алып, мені басшы етіп, «Барлауға барасың», – деді. Әдейі өлімге жұмсап тұрғанын білсем де, «Он сағаттай уақыт беріңіз, жаудың окоптарын, атыс ұяларын нақты анықтап, обстановканы изучать етіп алайық», – дедім. Бермеді. «6-7 сағат мұрша беріңіз», – дедім. Көнбеді. Көнбегені өз алдына, «Соғыс кезінде командирдің бұйрығын орындамадың, атамын», – деп беліндегі пистолетін суыра берді. Барлаушы ретінде менің де пистолетім белімде жүретін, әлгіні көз ілестірмей суырып алдым да, командирді атып салдым. Тіл тартпай кетті. Бүкіл полктің көз алдында болды. Ешкім селт еткен жоқ. Сол бойда қамалдым. Соңынан дивизия командирінің алдына жеткізді. Генералға шынымды жасырмадым: «Атам десеңіздер, ата беріңіздер. Кешірім сұрамаймын! Бүкіл полктен жеті қазақты әдейі таңдап алды. Это национальный вопрос! Мен мұны жолдас Сталиннің өзіне дейін арызданамын. Устав бойынша обстановканы изучать етуге уақыт сұрадым. Мен командирдің бұйрығын орындаудан бас тартқан жоқпын. Қайта, орындауға уақыт сұрадым, берген жоқ. Оның үстіне мені сол жерде атып тастамақшы болды», - деп қақшиып тұрып алдым. Комиссия құрылып, ақи-тақи тексеру болды. Ақыры, мені ату жазасына кеспей, штрафник етіп, алғы шепке разведчиктердің бөлімшесіне жіберді. Бұл да өлімге айдағанмен бірдей еді. Өзің кітаптан оқыған шығарсың, соғыс кезінде штрафбаттың қандай болғанын... Сонымен анау оқиғаға дейін маған берілген Батыр атағы сол күйінде қалды. Мен оған қайғырған жоқпын, ең бастысы әскери трибуналмен атылудан аман қалдым ғой.
Бір күні жеті түнде өте шағын топпен немістің шебіне барлауға аттандық. Топ басшысы өзіммін. Жаудың шебін барлап, санын, атыс ұяларын анықтауымыз керек. Ең бастысы, тіл әкелу. Алайда немістер де өте сақ жатыр екен, шебіне сыбысымызды білдірмей кірген сияқты едік, сезіп қалды. Сатыр-күтір атыс басталды, немістер өз тілдерінде бажылдап біздерге лап қойды. Қасымдағылардың бәрі бірдей қаза тапты, мені де өлді деді ме, тірі қалғанымды байқамады. Қайтып кетуіме болмайды, қалай да тіл апаруым керек, өлсем, жолдастарымнан жаным артық па деп, барлауымды жалғастыра бердім. Сөйтіп, немістердің блиндажын тауып алдым. Оның маңайындағы күзетшілерін дыбысын шығармай, өлтіріп, ішіне кіріп бардым. Қақ төрде, үстелде немістің нән, тақырбас офицері шамның жарығымен қағаз қарап отыр. Мені көріп, әуелі, есі кетіп қалды. Сосын жалма-жан үстелдің үстінде жатқан браунингіне жармасты. Мен одан бұрын өзімнің оғы таусылған наганымды маңдайын тұспалдап жіберіп қалдым. Офицер құлап түсті. Есінен танып қалыпты. Оның қаруын алып, аузына шүберек тығып, үстелдегі бүкіл қағаздарды, сейфтегі құжаттарды сыпырып, бір мешокке қаптап, оны офицердің өзіне арқалатып блиндаждан жымдарымызды білдірмей шығып кеттік. Аман-есен өз шебімізге жеттік. Офицерді айтпағанда, қағаздар мен құжаттардың бәрі құнды болып шықты. Олардан да ең құндысы – Венгрияның астанасы Будапештті түгелдей жарып жіберу үшін миналанған жерлердің картасы бар екен. Бұл ерлігім үшін маған Батыр атағын беруге болатын еді, бермеді. Өйткені штрафникпін ғой...
(Меңсұлу Дүйсенбайқызының әңгімесінен: «Атамызды Венгрия халқы қатты құрметтепті. Оның есімін мектепке, пионер лагеріне, мәдениет үйіне және көшеге берген. Сонау 1970-1980 жылдар аралығында Венгрия елі қонаққа шақырыпты. Ол жаққа бармақшы болып жиналғанында атамызды КГБ қызметкерлері «собеседованиеден» өткізеді. «Не берсе де, алма! Машина беруі мүмкін, алмаңыз, келгесін өзіміз береміз», - депті. Мадьярлар елі Батырды мықтап қарсы алады. Аяғын жерге тигізбей, құрметтейді. Сыйлыққа өздерінің машинасын береді. Атамыз алмайды. Әйтеуір, мындағылар сөзінде тұрып, атамызға Үкімет «Волга» автомобилін бергізді ғой).
Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың әңгімесінен: «Венгрия орманынан немістің бомбардировщиктері жиі ұшып шығып, бізді гүмпілдетіп, бомбалап, есімізді шығарды. Қайдан шығады, қайда қонады, ешкім білмейді. Маған қарамағыма бес барлаушыны беріп, немістің аэродромын анықтауды тапсырды. Біз ну орманның ішімен түн жүрдік, күн жүрдік, ақыры, ұшақтар ұшып шығатын маңайға жақындап келдік. Ағаштың басына өрмелеп шығып отырып, ұшақтардың қай уақытта ұшып шыққанын, қай жаққа бағыт алғанын, қай кезде қайтатынын картаға түсірдік. Солай жүргенімізде орманда адасып жүрген екі венгр партизанын тобыма қосып алдым. Жеті адам болдық. Әрі қарай барлағанымызда ұшақтар орман ішіндегі жерасты аэродромынан ұшып шығып жүр екен. Ғажабы, сол аэродром механикаландырылған, ұшақтар шығарда жер қақ айырылып ашылады да жабылып қалады. Олар қайтып келгенде ашылады. Күзет мықты, жақындауға болмайды. Ол жерден мүлдем аулақ кетіп, орманның ең қалың тұсынан тереңдігі 2-3 метрдей окоп қаздық. Оның ішіне радисті түсіріп, үстін мықтап жаптық. Немістердің пеленгаторы мықты ғой, сигналымызды ұстап алуы мүмкін. Радисіміз біздің адамдарымызға жасырын аэродромды тапқанымызды, күзет мықты екенін, шабуылдап жоюға күшіміздің жетпейтінін хабарлады. Қосымша күш сұрадық. Ол жақтағылардан «Сіздер 70 шақырым жердесіздер, оған жаяу әскер қапелімде жете алмайды. Танк пен ұшақтарымызды жіберсек, нысанаға ілінеді. Не болса да, өз күштеріңізбен аэродромды жоюға бұйырамын», - деген бұйрық алдым. Бұйрықты алдым да, әлгі окопымызды қайтадан бітеп, үстін байқамайтындай етіп жауып, ол жерден тез қарамызды батырдық. Сонымен, бұйрықты орындауға кірістік, әбден барлау жүргіздік. Немістер деген уақытты қатты бағалап, сақтайтын немелер ғой. Ұшақтары белгіленген уақыттарында ұшып шығады да, мерзімінде қайтып оралады. Біз соған орайластырып, сырттағы күзетшілердің дымын сездірмей көздерін құрттық. Төрт адам аэродром жабылар сәтте ішке сып ете қалдық. Үш барлаушым сыртта қалды. Жер астына түскен бойда ондағылардың көзін құрттық. Ой, олардың бізді көргенде сасқандарын көрсең, қайда қашарла-рын білмей естері шықты. Жерасты ангары жабылып қалды, енді ұшақтар келгенше ашылмайды. Мен бастаған барлаушылар немістерді жайғап тастағаннан кейін аэродром ішін асықпай араладық. Тап-таза, жап-жарық, жалтырап тұр. Уақыт оздырмай өзімізбен ала келген динамиттерді текшелеулі тұрған авиабомбаларға жапсырдық. Бір мезгілде төбеміз жайлап ашыла бастады. Біздің шепті бомбалап келген ұшақтар бірбірлеп кіре бастады. Төртеуміз кірген ізімізбен байқатпай, табанымызды жалтыраттық. Аэродром жабылған бойда оны жарып жібердік. Осы ерлігім бар, алдындағы тіл әкелгенім бар, екінші рет Батыр атағына ұсынылып, ақыры алдым ғой...
Осылай деп Биеш-Михаил ағамыз әңгімесін аяқтады.
- Иә, Батыр десе, батыр, тентек десе, тентек болған ғой, Биеш-Михаил ағамыз, - деп Меңсұлу Дүйсенбайқызы да әңгімесінің тізгінін тартты.
Жазып алған
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»