Жәнібек ауылында жас кәсіпкер Батыржан Елемесов «Alem ет өнімдері» дүкенін ашқан. Дүкенде жартылай дайын ет өнімдері, соның ішінде кәдуілгі шұжық сатылады. Ең бастысы, жергілікті цехтан шығарылатын өнімдердің құрамында химиялық қоспа жоқ, ауыл-аймақта өсірілетін мал етінен әзірленеді.

Батыржан жаңа жобаны 2024 жылдың сәуір айында іске қосқан. Кәсіпкердің мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы дайын өніммен қамтамасыз ету әрі қала халқына да ауыл дәмін жеткізу. Қазірдің өзінде кәсіпкердің шұжықтары мен ет өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді.
– Біздің шұжық тоқсан пайыз таза еттен тұрады. Өзіміздің шаруашылығымызда бапталған ірі қара малдан жасаймыз. Сапалы әрі табиғи өнім. Үлкен цехтарда жасалған шұжықтың құрамында ет болмайды десе де болады. Ал біз шынайы дәм мен адал өнім ұсынамыз, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ел нарығындағы шұжық өнімдерінің дені тауық етінің қалдықтарынан, арзан дәмдеуіш қоспалардан жасалынады. Ал Батыржан дүкендегі өнімдер сиыр, қой, жылқы етінен дайындалатынын айтты. Жас жігіт Тараз, Қарағанды қалаларындағы кәсіпорындарға арнайы барып, өзге өндірушілердің өнімдерін зерттеп көрген.
«Шын мәнінде, шұжық өнімдерінде еттің болмайтынына көзім жетті. Ысталған немесе тауық етінің дәмін келтіретін жасанды қоспа ғана бар. Менің олай істегім келмейді. Сондықтан шұжықты таза еттен, адал жолмен жасауға бел будым», – дейді ол.
Кәсіпкердің өнімдері шұжықпен ғана шектелмейді. Дүкендегі цехта қамырдан түйілген манты, тұшпара, чебурек, кәтлет, фрикаделька, туралған ет секілді жартылай дайын өнімдер де дайындалады. Ысталған үйрек пен тауық еті де халық арасында жоғары сұранысқа ие.
Дүкенде сатылатын шұжық бағасы орта есеппен келісіне 4500-5000 теңге көлемінде. Кәсіпкер мұны өнімнің сапасымен түсіндіреді. Айына шамамен 1,5-2 тоннаға дейін ет өңделеді. Сұраныс бар, тұтынушылар риза.
«Alem ет өнімдері» иесі биылғы жаз айында Орал қаласында сауда көрігін қыздырмақ. «Қаладағы Sun City тұрғын үй кешенінде дүкен ашуға ниет етіп отырмыз. Оның астында шағын цех болады. Шағынаудан тұрғындарын таза өніммен қамтимыз. Бұл – екінші сауда нүктеміз болады», – дейді Батыржан.

Кәсіпкер жоспары мұнымен шектелмейді. Жас Елемесов Атырау облысына, көршілес өңірлерге және болашақта Ресейге өнім шығаруды да көздеп отыр. Ең маңыздысы – кәсіп көкжиегін кеңейту.
«Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаражат ала қойған жоқпын. Құрал-жабдық, өндіріс – жеке бизнес есебінен. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік», – дейді ол.
Ет дүкенінің әлеуметтік маңызы зор. Жәнібектік кәсіпкер жергілікті өніммен халықты қамтамасыз етпек. Ауыл тұрғындарын жұмысқа алған ол ет өнімдерін дайындауға арналған барлық стандарт сақталатынын, тиісті мекемелерден куәлік алғанын, ЕАЭО сертификатына да ие екенін атап өтті.
Жас кәсіпкердің әкесі Ескендір Елемесов – өңірге кеңінен танымал «Әлем» шаруа қожалығының иесі, Жәнібек аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты. Шаруа қожалығы асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен үйір-үйір жылқы өсіріп отыр.

2023 жылы қожалық селекциялық жұмыстар нәтижесінде Көшім жылқысының Жәнібек типін шығарды. Оған қоса, қазақтың ақбас тұқымының Самұрық зауыттық желісін өсіргені туралы патент алды.
Нұртай Алтайұлы,
Жәнібек ауданы