20.04.2021, 15:38
Оқылды: 62

Батыс Қазақстан облысында коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру туралы

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жекешелендірудің жаңа жоспарын қабылдау тапсырылды.

 жек

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.

Жоспарды орындау шеңберінде Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бәсекелес ортаға беруге жататын 34 коммуналдық меншік нысандарының тізбесін бекітті, оның ішінде 13 нысан Орал қаласының және аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қызметті жүзеге асырады; 13 нысан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша іс-шараларды және өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады; 3 нысан «Батыс Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ, «Жайықжылуқуат»АҚ, «Ақсайжылуқуат» ШЖҚ МКК Орал және Ақсай қалаларында жылу және электр энергиясын беру саласында қызмет етеді.

Сонымен қатар, 5 нысан «БҚО әкімі аппаратының Шаруашылық басқармасы» ЖШС, «Тұрақтандыру қоры» ЖШС, «Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС, «Атамекен жайық «Микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Ақжайық «шипажайы» ЖШС қызметін әлеуметтік емес салаларда  жүзеге асырады.

Жекешелендіру рәсімі 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына және 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 «Жекешелендіру объектілерін сату кағидасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Рәсімнің ашықтығы мен жариялылығы кез келген жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаның «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша әрекет ететін «www.gosreestr. кz» веб-порталы арқылы жалпы республика бойынша да, өңір бойынша да қандай нысандар сатуға шығарылатынын, олардың бағасы, сату шарттары қандай екенін көруін, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелу арқылы сауда-саттыққа қатысуын қамтамасыз етеді.
Сауда-саттықтың екі түрі бар: аукцион және тендер.

Аукцион – қатысушылар өз ұсыныстарын порталда жария түрде мәлімдейтін сауда-саттық нысаны;

Тендер – қатысушылар жабық электрондық конвертке салу арқылы өздерінің баға ұсыныстарын мәлімдейтін сауда-саттық нысаны.

Аукцион мен тендердің айырмашылығы, тендерге шығарылған кезде кәсіпорын қызметінің бейінін сақтау, шарт  болып табылады.

Сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу үшін сатушы міндетті түрде комиссия құрады, оның құрамына сатушының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері немесе олардың аумақтық бөлімшелері, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері енгізіледі.

Жекешелендiру нысаны үшiн ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы жеңiмпаз деп танылады. Егер тендерде немесе жабық тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысы бірдей ең жоғары бағаны қамтитын болса, онда осы қатысушылардың арасында басқа өтінімдерінен бұрын қабылданған  қатысушы тендердің немесе жабық тендердің жеңімпазы болып танылады.

Нысандар үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша сатылмаған жағдайда таратуға жатады.

Сондай-ақ, бәсекелестік ортаға берудің тағы бір түрі мүліктік кешендерді кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру болып табылады.

Бұл жағдайда кәсіпорын бағынатын мемлекеттік орган  сенімгелік басқаруға беру шарттарын, және сенімгерлік басқарушыға қойылатын талаптарды анықтай алады.

Нысанды кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берген жағдайда, тіркелген қатысушылардың болмауына байланысты екінші және одан кейінгі тендерлер өтпеді деп танылған кезде тендерлік комиссия тендер шарттарын, нысанды сатып алу бағасын өзгерте алады және жаңа тендер жариялай алады.

Облыстық ұйымдар үшін объектілердің сатушысы Батыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы, аудандық және қалалық объектілер үшін аудандардың және Орал қаласының қаржы бөлімдері болып табылады.

Сұрақтар бойынша Батыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының 8 (7112) 51-13-04, 50-94-23 телефондарына хабарласуға болады.

Аудандық және қалалық коммуналдық меншік объектілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың сайттары арқылы аудандық қаржы бөлімдеріне және Орал қаласына хабарласуға болады.

 

Сурет inform.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале