Бүгін өңірдегі 488 сайлау учаскесінде дауыс беру өтеді. Құрылтай сайлауында дауыс беру құқығына Батыс Қазақстан облысының 450 мыңнан астам тұрғыны ие.

Осы уақытқа дейін БҚО-дағы барлық сайлау учаскесінде Мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар бюллетеньдерін жәшіктерге салды.
Өңір тұрғындары жаңа өкілді органнан орын алуға таласып отырған жеті саяси партияның біріне өз дауысын сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін бере алады. Дәстүр бойынша алғашқы сайлаушыларға сыйлықтар дайындалған.
Құрылтай сайлауы қарсаңында БҚО-да екі жаңа сайлау учаскесі ашылды. Олар Бәйтерек ауданындағы Асан ауылында және Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында орналасқан. Жаңа учаскелердің ашылуына аталған елді мекендердегі халық санының өсуі себеп болды.
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл сайлауда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға айрықша көңіл бөлінуде. Олар үшін сайлау учаскелері пандустармен, шақыру түймелерімен, тактильді жолақтармен жабдықталған. Сондай-ақ ымдау тіліндегі бейнематериалдар мен аудиоақпарат қарастырылған.
Бұдан бөлек, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін такси қызметі ұйымдастырылды. Осы мақсатта облыс бойынша 55 «Инватакси» автокөлігі желіге шығарылады.
Сайлау учаскелері мен комиссиялар сайлаушылардың үлкен легін қабылдауға дайын. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов өңірдің сайлауға дайындығының жоғары деңгейін оң бағалаған болатын.
БҚО Қоғамдық даму басқармасы