Батыс Қазақстан облысының ең қарт тұрғыны Нұрсұлу Тоқжанова референдумда өз дауысын берді. 104 жастағы қария Шыңғырлау ауылында тұрады.
Ғасырдан асқан Нұрсұлу әжейдің өтінішіне орай, №424 референдум учаскесінің мүшелері жылжымалы жәшікті оның үйіне алып барды. Нұрсұлу әжей әлі де тың, бүгін балаларын сайлау учаскелеріне жіберіп, өзі немере-шөберелерін бағып қалыпты.
Қария Ұлы Отан соғысы кезінде ФЗУ-да оқып, Сталинград заводында жұмыс жасайды. Кейіннен Шыңғырлау ауданындағы Қарақай елдімекенінде ұзақ уақыт түйе сауушы болып еңбек етті. Бүгінде 3 немере, 11 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Көпті көрген кейуананың ендігі арманы – елдің тыныштығы мен ұрпақтың амандығы.
– Талай сайлауларға қатысып жүрмін. Дауыс беру – әрбір елдің тұрғыны үшін маңызды. Біз дауыс беру арқылы болашағымызды таңдаймыз. Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Еліміздің болашағы, ұрпағымыздың болашағы үшін ел Президентінің бастамасын қолдаймын, - дейді қария.