15.08.2022, 10:30
Оқылды: 91

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев: «Медицина саласы бойынша жергілікті мамандарды даярлауға жіті көңіл бөлудеміз»

Бейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Жиынды жүргізген кеңес төрағасы Ербол Ғұмаров айтып өткендей, облыс басшысының баяндамасы кеңес мүшелеріне күні бұрын танысуға берілген. Сондықтан бұл жерде баяндама оқылмады. Кеңес мүшелері тек облыс басшысына ел арасында жиі айтылып жүрген келелі мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.   

3a3b6862-80b1-4be8-bc24-727aeb317ea6

Өңір тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелер аз емес. Сіздер қоғамдық кеңестің мүшесі болғандықтан, халықтың өкілісіздер. Олардың көкейіндегі маңызды мәселелерді жергілікті атқарушы құрылымдарға жеткізесіздер. Сондықтан уақытымызды үнемдеп, бірден сұрақ-жауапқа көшкенімізді құптаймын. Осы жерде жауабы табылмаған сұрақтарға соңынан міндетті түрде жауап беріледі, – деді облыс әкімі.

Алдымен сұрақты қоғамдық кеңес мүшесі Алтынай Искалиева қойды. «Сіз облыс әкімі болып келгеніңізде, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерінің мәселесін шешуді міндет етіп қойдыңыз. Бүгінде қанша жер телімі мемлекетке қайтарылды және бұл түйткіл қалай шешіліп жатыр? Облыста туризмді дамыту үшін Шалқар көліне, Бөкей ордасындағы Хан ордасы  тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына және балалар-жасөспірімдер туризміне мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, инвесторлар тартылады. Бүгінде жергілікті туризм қалай дамып келеді? Өңірдегі шағын және орта бизнесті осы салаға тартуға болмай ма?».

– Соңғы үш жылда 1 млн 300 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. 20 пайызын мемлекетке қайтардық. Тағы 20 пайызы қайтарылып жатыр. Менің пайдаланылмайтын жерді анықтау және қайтарып алу жұмысына көңілім толмайды. Күні кеше Президент қол қойған заңға сәйкес, енді бұл жұмысты күшейтіп, тиісті шараларды аламыз. Біз 2020 жылы кімнің жерді қалай пайдаланып жатқанын көрсететін геопорталды іске қостық. Алайда, өкінішке орай, Ауыл шаруашылығы мининстрлігі геопорталдан алынған мәліметтерді жер иелері мен оны жалдаушыларға талап қоюға жарайтын құжат ретінде заңмен бекіткен жоқ. Ал біз заңға осындай өзгеріс енгізілгенін күтудеміз. Мен кәсіпкерлердің туризмді дамытуға қатысты жобаларын қолдаймын. «Алтын алма» сауда құрылымына Шалқар көлінің жағасынан үлкен жер телімі берілді. Кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысып, жағалауды абаттандырып, туристік нысандар салу бағытында жұмыстанады. Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасын дамыту жөніндегі тұжырымдама бекітілді. Шындығында, ол жаққа жолдың салынуын күтіп жүрміз. Бұл бағыттағы ірі істер сол кезде қолға алынады. Биыл туристер орталығының құрылысы басталады. Басқа өңірлерге қарағанда балалар лагері біздің облыста жақсы дамыған деп есептеймін, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Ал Жансұлу Төремұратова бір топ үкіметтік ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің, ғалымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде киік мәселесі жан-жақты талқыланғанын айтты. Сол басқосуда жол картасының дұрыс орындалуын қадағалау үшін тәуелсіз жұмыс тобын құру жөнінде ұсыныс түскенін жеткізді. «Сіз мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, құрамында ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар топ құруға қалай қарайсыз?» деген бірінші сұрағын қойды. Сонымен бірге бүгінде заңды тұлға ретінде жойылған №31 мектептің «тағдыры» қалай болатынына алаңдаушылық білдірді. Оның орнына мектеп салына ма? Жансұлу Меңешқызы шағын жинақты мектептердің мәселесін де көтерді. «Мұндай мектептерде қаражат тиімсіз жұмсалуы мүмкін. Бұлай деуіме оларда сапалы білімнің болмайтыны себеп болып отыр. Сондықтан бұл – үлкен мәселе. Облыста осы бағытта қандай стратегиялық жоспар бар?»  деп сұрады.

– Даламызда еркін жүрген ақбөкендер бірнеше облыстың мәселесі. Бұл бойынша халықпен бірнеше рет кездестік. Жол картасы бекітілді. Бірақ, шыны керек, мені бұл карта қанағаттандырмайды. Сол себепті біз құзырлы министрлікке жаңа Жол картасын құру бойынша хат жаздық. Жаңа жол картасына енгізу үшін ғалымдардың, мемлекеттік құрылымдардың, блогерлердің, табиғат қорғаушылардың пікірлерін жинақтап, зерттеп ұсындық. Келесі аптада Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоқжановтың төрағалығымен өтетін жиында осы мәселе қаралады. Министрліктің қазіргі ұстанымы – осы мәселе бойынша қайтадан ғылыми зерттеу жүргізу. Алайда олай жасаса, екі-үш жылға созылып кетеді. Біз де пікірімізді айтамыз.  Егер сол жерде біздің ұсынысымыз қабылданып, жаңа Жол картасы бекітілсе, өңірдегі белсенділерді жұмыс тобына қосамыз. Сол топқа кіргісі келетіндердің, бірінші кезекте мамандардың, шаруа қожалығы басшыларының және басқалардың тізімін маған беріңіз, – деді облыс әкімі.

Ғали Нәжімеденұлының айтуынша, қазір №31 мектеп ресми түрде жоқ. Бірақ оның орнына міндетті түрде мектеп салынады. Бұл жаңа мектеп жеке болады, бірақ оқушылар тегін оқиды. Биыл осы жерде мердігер 400 орындық білім ошағының құрылысын жалғастырады. Бұрынғы №31 мектептің қасындағы «Шапағат» ғимаратын  конкурсқа шығарған кезде, алматылық мекеме ұтып алыпты. Енді кәсіпкер конкурс шарты бойынша білім беретін мекеме ашуы керек. Сондықтан биыл «Шапағаттың» ішінен бастауыш сыныпқа арналған 200 орындық мектеп ашады. Шағын жинақты мектептер бойынша орынды сұрақ қойдыңыз. Ауылдарда 215 шағын жинақты мектеп бар. Біз олардың шамамен 90 пайызын қалпына келтіруіміз немесе жаңадан салуымыз керек. Әрине, бұған көп қаражат қажет. Қазір 60 орындық мектепті 800 млн теңгеге салып жатыр. Сондықтан 200 мектепті жөндеу немесе қайта салу үшін қаражат жетпей қалуы да мүмкін. Мені алаңдататын мәселенің бірі – білім сапасы. Өйткені кейбір шағын мектептерде білім сапасы өте нашар. Шалғын ауылының тұрғындарына Қоскөлден үй салып берейік деп ұсындым. Онда жартылай бос тұрған мектеп-интернат бар. Ал бала саны көп мектептерде бәсекелестік, сапалы білім болады. Бірақ тұрғындар келіскен жоқ. Сондықтан онда мектеп салынып жатыр. Жансұлу Меңешқызы, білім басқармасымен бірлесіп, шағын жинақты мектептердің мәселесі бойынша зерттеу жасауға көмектесіңіз. Біз жаңа мектеп салғанмен, балалар ол жерден қандай білім алып шығады? Сондықтан осы бағытта түсіндіру жұмысын жалғастыру керек, – деді облыс басшысы.

Қоғамдық кеңестің мүшесі Людмила Щукина қаладағы аулаларға бейнебақылау камерасын орнату барысы, Московская көшесін кеңейту мүмкіндігінің бар-жоғын сұрады. Қала әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, жыл соңына дейін 300 бейнекамера қондырылады. Ал қалған аулаларға қаражаттың бөлінуіне қарай қондырылатынын айтты. Шаһар басшысы аталған көшенің шынымен де тар екенін, алайда ең алдымен жоспарда Шолохов көшесін кеңейту тұрғанын жеткізді.

Мағауия Есмағұлов облыстағы ет бағасы, мал бордақылау алаңдарының мүмкіндігін тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ Казталов ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДСК), үш мектептің құрылысына қатысты сұрақ қойды.  Облыс басшысы өңірдің мал шаруашылығы саласында өсім бар екендігін тілге тиек етті.  Ет бағасы нарыққа сай қалыптасып отырғанын, алайда бордақылау алаңдарының жұмысы баяу екенін айтты. Сондықтан тек мың емес, 3000-5000 бас малға арналған бордақылау алаңдарын ашатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ал Казталов, Чапаев және Тасқаладағы үш ДСК-ның құрылысы түрлі себеппен тоқтап тұр екен.

Мәселен, Чапаевтағы мердігер келісімшартты бұзған. Қалған екі ДСК-ның жобасы қайтадан қаралуда. Қыркүйек-қазан айларында үш кешеннің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары жалғаспақ. Казталов мектебінің мердігері қосымша қаражат алған. Ал құрылысты тиісінше жүргізбеген Жұлдыз мектебінің мердігері ауыстырылды. Сарықұдық мектебінің құрылысы биыл аяқталады.

Қоғамдық кеңестің келесі мүшесі Бауыржан Зәки бірден бірнеше сұрақ қойды. Алдымен Орал қаласының шеткі көшелерінде аялдамалардың жоқтығын, облыс орталығының шеткі аудандарында спорт және балалар алаңдары жоқ екенін, жарығы жоқ көшелер бар екенін алға тартты. Бұл сауалдарға қатысты қала әкімі Миржан Сатқанов жауап берді. Оның сөзінше, Оралда 500-ге жуық аялдама бар. Оның 130-ында ешқандай аялдама ғимараты жоқ. Жалпы есеппен алғанда, ең арзан бір аялдама 2,5 млн жарым теңге тұрады. Ал 130 аялдамаға кемінде 320 млн теңгедей ақша керек. Сондықтан бұл жұмысқа бизнес өкілдерін тарта бастаған. Яғни биыл берілетін үш-төрт аялдаманың бір жағын дүкен, екінші жағын жылы аялдама ретінде жасау жоспарда бар. Оралда 500-ге жуық аула бар екен. Олардың тең жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді. Ал 100 шақтысында балалар ойнайтын жер жоқ. Бір ауланы балалар ойнайтын жерімен, спорттық алаңымен абаттандыру үшін 35-55 млн теңгенің арасында қаражат кетеді. Ал 100 ауланы жөндеуге жоқ дегенде 3,5 млрд-тан астам ақша керек көрінеді. Қала көшелерін жарықтандыруға бағытталған үшжылдық жоба дайындау жоспарлануда.  Ғали Нәжімеденұлы келесі жылға кем дегенде 50-60 аялдама орнатуды жоспарлау қажет деді. Аялдама салуға ниетті кәсіпкерлерге сол жерде бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі шаһар басшысына қараңғы көшелерді жарықтандыруға бағытталған жоба дайындауды тапсырды. Бауыржан Зәки сонымен қатар «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның инвестициялық жобаларын жіті бақылауға алуды ұсынды. Жерді кадастрлық құнымен сатып алып, нарықтағы қымбат бағамен кері сататындар да қатаң қадағалануы қажет ететінін айтты.

Марлен Иманғалиев облыстағы әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша өтетін мемлекеттік сатып алу конкурстарында жергілікті емес, басқа өңірдің мердігерлері көп ұтатынын тілге тиек етті. Оның сөзінше, бір мердігерде жеті-сегіз нысаннан бар. Бірақ олар осындағы арзан жұмыс көзін пайдаланып жүр. «Басқа өңірлерден келетін мердігерлерді қалай тоқтатуға болады?» деген сұрақ қойды. «Біз бұл мәселе бойынша Үкіметке ұсыныстарымызды бердік. Олардың кейбірін ғана қабылдап жатыр. Бірақ таза бәсекелестік болу қажет дейді. Шыны керек, өзге өңірден келген компаниялардың көбісі құрылысты қосалқы мердігерге тапсырады. Техникалық бақылаушылар да көбіне өзге облыстан келеді. Біз олардың жұмысын қадағалауды күшейтеміз. Бірақ оларды мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыстырмауға, шектеу қоюға заң рұқсат етпейді», – деді облыс әкімі.

Қоғамдық кеңес мүшесі Айнұр Арыстанова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жөнінде сұрады. Ғали Нәжімеденұлы бағаны тұрақтандыруға себеп болатын амалдарды айтты. Біріншісі, алаяқ делдалдарды анықтау және олардың жұмысын тоқтату. Екіншісі, жергілікті өнімдерді көптеп шығару. Биыл көкөніс қоймаларының сыйымдылығы ұлғайтылуда. Сондай-ақ көкө­ніс егетін жер телімдерінің де көкжиегі кеңеюде. Азамат Мусилов алдымен халық арасында «Құс фабрикасы» атанып кеткен «Зашаған» бағбандар серіктестігіне ресми елді мекен мәртебесін беру және Орал – Атырау арасына теміржол тарту жөніндегі сұрағын қойды. Ғали Нәжімеденұлы шағын­ауданға қатысты мәселені егжей-тегжей қарау үшін қала әкіміне тапсырма берді. Өйткені елді мекен мәртебесін беру үшін қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізу керек. Бас жоспар бес жылда бір рет өзгертіледі. Ал саяжайлардағы баспаналар тұрғын үй ретінде танылатын бол­са, олардың салықтары да көбейеді. Қазіргі мақсат көпқабатты үйлерді көбейтіп, баспана бағасын арзандату болып отыр.  Өңір басшысы қос облыстың арасында қатынайтын теміржолдың жобасы бар екенін, негіздемесі жасалып жатқандығын жеткізді.

Жиынның тізгінін ұстаған кеңес төрағасы Е.Салықов облыс әкімінің баяндамасы бойынша пікірін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Ол медицина саласындағы жетістіктерді, халықты ауыз сумен қамту, көгілдір отын жеткізу секілді басқа да шаруалардың атқарылып жатқанына тоқталды.

– Бағаны тұрақтандыру бағытында жүйелі іс-қимыл жүргізетін жоспар жоқ сияқты. Өңірден шыққан өнімді тиісті сауда орындарына жеткізуді ӘКК-ге жүктесек, қалай болады?  Бұл сондағы бағаны қадағалауға мүмкіндік берер еді деп ойлаймын. Қоғамдық кеңес отырысында қызметін қалалық жерде бастаған жас мамандарды әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктерін енгізуді ұсынғанбыз. Жергілікті бюджеттен 60 грант денсаулық сақтау саласына бөлінеді екен. Біз мамандарды тұрақтандыруға бағытталған көтерме шараларды ұсынғанбыз. Осы мәселе шешімін таба ма екен? Биыл біздің облыс аумағында Ресей капиталымен тіркелген 177 кәсіпорын тіркеліпті. Олар қай салада жұмыс істейді, не өндіреді? – деді Ербол Ғұмарұлы.

– Ауылдық жерге барған жас мамандарға мемлекет жәрдемақы, баспана сатып алуға қаражат береді. Ал медициналық мекемелердің мамандарына қызметтік немесе арендалық пәтер беруге міндетті. Сондықтан бұл сала қызметкерлері үшін баспанадан қиындық жоқ. Дәрігерлердің жалақысы да жоғары. Жыл сайын грант санын көбейтіп отырмыз. Біз жергілікті мамандардың көп болғанын қалаймыз. Сондықтан барлық аудан әкімінен медицина саласының қызметкері болғысы келетін жастардың тізімін сұрадық. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі С.Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық медицина университетіне сенімгерлік басқаруға берілді. Облыстық көпбейінді аурухананың  негізінде М.Оспанов атындағы университеттің филиалы ашылды. Яғни медицина саласы бойынша жергілікті мамандарды даярлауға жіті көңіл бөлудеміз.  Сала мамандарының ауылда тұрақтамауына жалақы немесе баспана себеп емес. Дәрігерлермен сөйлескенде, олар ауылдарда жұмыс істегілері келгенімен, ол жерде тәжірибе жинай алмайтындарын айтты. Оларға кәсіби тұрғыда дамып, жетілу үшін үздіксіз тәжірибе қажет. Медицинаны дамыту үшін «ҚПО» компаниясы есебінен қосымша қаражат сұраған өтінішіміз Үкіметте қаралуда, – деді облыс әкімі. Ғали Нәжімеденұлының айтуынша, облыста ресейлік компаниялардың филиалдары ашылып жатыр. Олардың көбі сауда-саттық және көлік саласына байланысты. Ал бүгінде 60 ресейлік мекендеу қағазын алуға өтініш берген. Жиын соңында облыс әкімі қоғамдық кеңестің жаңа құрамына сәттілік тіледі.

ӘЭК

Өңірдің экономикалық дамуына тоқталар болсақ, өткен жылдың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар. Негізгі бағыттар өсім көрсетіп отыр:

- ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 4%-ға,

- құрылыс жұмыстары – 5,1%-ға,

- тұрғын үйлерді іске қосу – 11,7%-ға,

- көлік қызметтері – 2,5%-ға,

- сауда – 0,1%-ға артты.

Өндіру көлемдерінің азаюына (КПО б.в. ГП2 жоспарлы тоқтауы және «Жайықмұнай» ЖШС өндіру ұңғымаларында судың көп болуы) және КПО б.в. компаниясының өз жобалары бойынша инвестициялардың төмендеуіне байланысты өнеркәсіп өндірісінде 5,5%-ға және негізгі капиталға инвестициялар бойынша 15,3%-ға төмендеу байқалуда.

(Облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің есепті баяндамасынан)

 Газдандыру және сумен қамту

Өткен жылы ауылдарды газдандыруға 1,5 млрд теңге бөлініп, 2 мыңға жуық халқы бар 10 ауыл табиғи газбен қамтылып, облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесі 99,3%-ға дейін артты (2019 ж. - 95,6%). Осы жылы 27 ауылға газ өткізілетін болады.

2021 жылы 7 мың халқы бар 18 ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 89,8%-ға жетті (2019 ж. – 86,5%).

Жыл аяғына дейін 22 ауылды таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр.

(Облыс әкімі  Ғ.Есқалиевтің есепті баяндамасынан)

Білім

Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту көрсеткішінің өсуі байқалады. 2 мен 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен 87,4%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100% қамтылды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 39 оқушы (І орын - 4 оқушы, ІІ орын - 12 оқушы, ІІІ орын - 23 оқушы) жүлделі орындарды иеленді. Олимпиаданың қорытындысында облыстың 4 мектебі республика бойынша «100 үздік мектеп» қатарына енді.

2022 жылы халықаралық олимпиадалардың нәтижесі бойынша облыс оқушылары 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль иеленді.

Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға түзету жұмыстарын жүргізу үшін аутизмі (аутистикалық спектрдегі бұзылыстары) бар балаларды қолдау autism-орталығы ашылды. Қазіргі таңда 6 апатты және 10 үш ауысымды мектеп бар.

Мемлекет басшысының 2025 жылдың аяғына дейін 1000 мектеп салу тапсырмасы аясында, облыс бойынша 77 жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы жоспарланды. Оның ішінде 51 шағын жинақты мектеп, 26 мақсатты мектеп.

Ағымдағы жылы апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында облыс бойынша 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 4 мектепті аяқтауға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен барлығы 1,9 млрд теңге бөлінді.  Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп салынуда.

Биылғы жылы КПО.б.в компаниясы қаражаты есебінен 60 және 108 орындық 15 шағын жинақты мектептер құрылысы басталады. Сонымен қатар ағымдағы жылы 19 білім беру ұйымының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

(Облыс әкімі  Ғ.Есқалиевтің есепті баяндамасынан)

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале