Баршаңызды Президент бастамашы болған, Халық болып қабылдаған жаңа Конституциямыздың күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміз үшін айрықша маңызды, тарихи оқиға.
Осы айтулы сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымызға арнайы үндеу жариялап, тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталғанын атап өтті. Президент өз сөзінде «Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», — деп алдағы негізгі бағыттарды нақты көрсетті.
Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықты жасампаздыққа, жауапкершілікке және бірлікке шақырды. Президенттің бұл тарихи үндеуі мен алға қойған биік мақсаттары біздің облысымыздың тұрғындары үшін де тікелей іс-қимыл бағдарламасы болып табылады.
Жалпыұлттық референдумда біздің аймақ жұртшылығы жоғары азаматтық белсенділік танытып, еліміздің жаңа саяси дәуіріне өздерінің лайықты үлестерін қосты. Ата заңымыздың заңды күшіне енуі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, өндірісті жандандыруға және әрбір тұрғынның әл-ауқатын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Біз өңір деңгейінде Президент үндеуінде айтылған Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды қастерлі құндылықтарды негізгі темірқазығымыз етеміз. Облысымыздың әрбір азаматының жан-жақты дамуына, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, адал еңбек етіп, өркендеуіне барлық жағдайды жасау — біздің басты міндетіміз. Ортақ үйіміз – Әділетті Қазақстанды көркейту жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, барлық межелі жоспарларымызды ойдағыдай жүзеге асыратынымызға кәміл сенемін.
Осы айтулы күні баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бақ-дәулет тілеймін! Еліміздің игілігі мен өңіріміздің өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Жаңа дәуірге нық қадам басқан Қазақстанымыз өркендей берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!