25.04.2023, 10:45
Оқылды: 1

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің құрылғанына – 100 жыл

 

Тарихы терең мұрағат

Батыс Қазақстан облысындағы архив мекемелерінің құрылу тарихы ХVІІІ ғасырдан басталады. Ең алғаш архивтің құрылуына ұйытқы болған – Бөкей хан және оның ұрпақтары. Бөкей ханның ұлы Жәңгір ханның тұсында архив ісі қалыптасып, жалғасын тапты. Бөкей хандығының архиві 1917 жылға дейін жұмыс істеп, одан әрі 1927 жылы кеңес мемлекетінің қорғауына алынды. Кейін Алматы қаласына көшіріліп, осы кезеңге дейін Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің қарамағында сақталуда. 1917 жылдың 1 қазанына дейін жергілікті тарихымызға байланысты негізгі құжаттар Мәскеу, Орынбор, Алматы, Астрахань, Санкт-Петербург қалаларының және Ресей Федерациясының басқа да  қалаларының  архивтеріне алынған. Сол кездерде көптеген құжат жоғалып, жыртылған немесе өртеніп кеткен.

5c7849bd-d1d7-4fb0-8802-53d415eaaf4c

Губерниялық атқару комитетінің президиумы 1923 жылдың 1 қыркүйегінде Орал губерниялық мұрағат бюросын ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Осы шешімге байланысты архив қазіргі кезге дейін өз жұмысын жалғастырып, дамып  келеді. Биыл  Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толғалы отыр. Жыл басынан бастап мерекемізге орай түрлі  іс-шаралар өткізіліп  жатыр.

БҚО мемлекеттік архивінің қорында негізінен 1919 жылдан басталатын құжаттар сақталуда.  Революцияға дейінгі кезеңнен тек метрикалық құжаттар бар. Архив қорындағы екі мыңнан астам қор құжаты мемлекеттік билік, халық шаруашылық басқару құрылымдарының қызметтерін сипаттайтын және облысымызда құрылған мәдениет, экономика, машина жасау, энергетика, отын, тамақ  және жеңіл өнеркәсіп, астық пен мал шаруашылықтарының даму кезеңдерінің  қызметтерін көрсетеді. Сонымен қатар Азамат соғысы, күштеп ұжымдастыру, 1920-1930 жылдардағы ашаршылық, байларды тәркілеу, саяси қуғынсүргін, Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы құжаттар мұрағат қорларында сақталған. Қазақстан Республикасының егемендік алған жылдардағы тарихы және  жеке тектік құжаттардың қорлары да іздеген адамға архивтен табылады. 1860 жылдан басталатын газеттер, кітаптар және журналдар жинақтары да  архив  қорын  құрайды.

Қазіргі таңда  архивтің оқырман залы 200 пайдаланушыға арналған, онда оффлайн және онлайн сипатында қызмет көрсетіледі. Оқырман залында тақырыптық және генеалогиялық бағытта  жұмыстанатын зерттеушілер тек біздің өңірімізден ғана емес, Ресей Федерациясынан және  еліміздің Астана, Қостанай, Ақтау, Алматы, Қарағанды, Атырау, Тараз, Ақтөбе шаһарларынан да келіп жұмыстанады. Біздің архив қорымен жұмыстанған зерттеушілердің жарыққа шыққан кітаптары архивтің кітап қорында  сақталуда.

Облыстың мемлекеттік архивінде пайдаланушыларға арналған muragat-bko.gov.kz сайты жұмыс істейді. Сайтта барлық тұрақты сақтаудағы қорлардың атаулары, тізімдері және істері 100 пайыз көлемінде қамтылған. Кеңейтілген іздеу функциясын пайдалана отырып, сайттың кез келген пайдаланушысы, соның ішінде шетел азаматтары да іздеу жүйесіне белгілі бір сөзді енгізіп, қажет ақпаратты және оның қай қорда сақтаулы тұрғанын таба алады. Кез келген пайдаланушы, яғни отандастарымыз және шетел азаматтары жұмыс жүргізуге келер алдында осы сайтымыздың іздеу функциясы арқылы табылған құжаттарға тапсырыс бере  алады.

Қазақстан Республикасы архивтерінің алдыңғы қатарларының бірі. Мекемеміздегі «Электронды архив» жұмысын түсіндіріп кетейін. 2018 жылы Астана қаласында орналасқан «Ксифактор» жүйелерді зерттеу компаниясы БҚО мемлекеттік архивінде «Электронды архив» бағдарламасын жасап, іске қосқан болатын. Аталған бағдарлама Қазақстан архивтері арасындағы теңдесі жоқ модульдің бірі болып саналады. Артықшылығы, әрбір зерттеушіге  жеке электронды кабинет ашылады. 2020-2021 жылдардағы пандемияға байланысты еліміздегі архивтердің оқу залдары зерттеушілерді қабылдай алмады. Алайда электронды архив қызметі арқылы  оқу залы  өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Зерттеушілер электронды жеке кабинеттің жұмысына оң баға берді. Өйткені қашықтан қызмет алу зерттеушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеп, кең көлемде құжаттар мен қажетті ақпаратты уақтылы алуға жол ашты. Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар еліміздің әрбір азаматы аталмыш кабинетке тіркеліп, оқырман залының қызметін онлайн түрде пайдалана  алады. Зерттеуші ыңғайлы  уақытта жеке кабинетіне кіріп, құжаттармен онлайн түрде жұмыстанады. Болашақта архивке келетін зерттеушілердің қатары көбейеді деген сенімдеміз.

Қашанда халыққа сапалы  қызмет көрсетуде қажымай еңбек ете беруге дайынбыз.

Ботакөз Нағымова,

БҚО мемлекеттік архиві КММ-ның ғылыми-анықтамалық аппараты,

зерттеушілермен жұмыс және құжаттарды пайдалану

бөлімі оқу залының меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале