Батыс Қазақстан облысында 202 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 93 пайызы немесе 187 мың гектары орылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев мәлім еткеніндей, күні бүгін әр гектарға 16,2 центнерден өнім алынып, 304 мың тонна астық жиналды.
Оның айтуынша, бұл өткен жылғыдан (176,2 мың тонна) әлдеқайда артық. Егіннің бітік шығып, өнімнің мол жиналуы өңір диқандарын қуантып отыр.
Сондай-ақ, облыс бойынша 186 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, соның әзірге 14 пайызы (27 мың га) орылып, 7,6 ц/га орташа өнімділікпен 20 мың тонна өнім алынды.
Сол секілді 4 090 гектар картоптың 1 341 гектарынан (33 пайыз) 132,6 ц/га орташа өнімділікпен 17 789 тонна өнім алынды. Өңірде көкөніс, бау-бақша дақылдары да жиналып жатыр.
Денис Омашев алдағы жылдың егініне қам жасаудың да маңызы зор екенін айтады. Осы мақсатта биыл 89,5 мың га күздік дәнді дақылдарды егу (79,0 мыңы – күздік бидай, 10,5 мыңы – күздік қара бидай) жоспарланған еді. Күні бүгін 59 мың гектарға (66 пайыз) күздік дәнді дақылдар себілді.
«Астық жинау жұмыстарына және мал азығын дайындауға 4 955 трактор, 940 комбайн және басқа ауыл шаруашылығы техникалары пайдаланылып отыр. Биылғы егін орағына және күзгі-далалық жұмыстарына 14 165 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, «Нэфтек» ЖШС жеткізуші оператор болып белгіленді. Дизель отынының бағасы литріне 195 теңгеден келеді. Күні бүгін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 7 947 тонна дизель отынын алды. Облыс бойынша лицензиялы 7 астық қабылдау кәсіпорны бар. Барлық астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы – 504,8 мың тонна. Бұл өсірілген дақылдарды өңдеуге және сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес халыққа қажетті жергілікті өнімдерді өндіру, егістікті әртараптандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Д. Омашев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 4 700 тонна азық-түлік қоры бар екендігін жазған болатынбыз.